Қазақстан • 02 Мамыр, 2018

ОҚО-да жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері мерекені атап өтті

532 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік өңірінде тату-тәтті өмір сүріп жатқан жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері мерекені көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті.

ОҚО-да жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері мерекені атап өтті

Мерекелік іс-шаралар барлық ауданда өзіндік ерекшеліктерімен өткізілді. Мысалы, бүгінде 5 ұлттық этно-мәдени орталықтар жұмыс істейтін және 30-дан астам ұлт пен ұлыстар ынтымақ бірлікте ғұмыр кешіп жатқан Мақтарал ауданына көрші Өзбекстан елінің Сырдария облысынан қонақтар арнайы келді.  Мерекелік шарада сөз алған  делегация жетекшісі Елбасы Н.Назарбаевтың биыл «Қазақстандағы Өзбекстан жылы» деп атауы — екі туысқан елдің арасын бұдан да жақындастырып, көрші елдердің алыс-берісін арттырып жатқанын атап өтті. Қонақжай қазақ халқына, жылы лебізбен қарсы алған Мақтарал ауданы әкіміне алғыстарын білдірді.

Ал Шардара ауданында  «Тұңғыш Президент» саябағында білім ошақтары әр ұлттың тыныс-тіршілігінен сыр шертетін көрмелер ұйымдастырды, балабақша ұжымдары елімізді мекендейтін этнос өкілдерінің ұлттық тағамдарын ұсынды. «Алты алаш» алаңында «Халықтар достығы» шеруі өткізілді. Шардара ауданында негізінен Қызылқұм өңірін игеруге бұрынғы кеңес одағының түкпір-түкпірінен келіп, бүгінде байырғы тұрғынына айналған 22 ұлттың өкілдері тұрады.

Облыс орталығы Шымкенттегі мерекелік шараның шымылдығы «Ashyq El» атты театрландырылған музыкалық қойылымымен түрілді. Оңтүстік жұртын айтулы мерекемен құттықтаған облыс әкімі Ж.Түймебаев Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі - бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы екенін атап өтті. «Елбасымыз Н..Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында ел аумағында жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Осының нәтижесінде Қазақстан ынтымағы жарасқан, ырысы артқан елге айналды. Мемлекетіміздің басты байлығы – қоғамдағы келісім мен татулықты сақтау ісіне әрбіріміз жауаптымыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, облыс басшысы өңірдегі этно-мәдени орталық өкілдеріне «Бауырмал» сыйлығын тапсырды. Мерекелік шара «Көңілді дастархан» - вокалды хореографиялық композициямен және «Әлем ырғағы» атты түрлі ұлт аспаптардың орындауында музыкалық қойылыммен жалғасты. Көпшілік мәдениет орталықтары дайындаған көрмені тамашалады. Қазақ эстрада жұлдыздарының концерті өтіп, мереке соңы отшашуға ұласты.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

Оңтүстік Қазақстан облысы