Әлем • 03 Мамыр, 2018

Ғарышты игеру: қай мемлекеттің әлеуеті жоғары?

2867 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жыл басында SpaceX компаниясы ұшырған Falcon Heavy зымыраны ғарыш саласына тың серпіліс әкелді. Илон Масктың бастамасымен көкке сам­ғаған зымыранның көтергіштері жерге оралып, ме­­же­­­леген жерге дін аман қонды. Бұл тарихи оқи­ға космонавтика сала­сына жаңа қырынан қарауға шақыруда.

Ғарышты игеру: қай мемлекеттің әлеуеті жоғары?

XX ғасырда АҚШ пен КСРО ғарышты игеруде бәсекеге түскені бел­гілі. Тұңғыш ғарыш­кер ұшыру, айға ал­ғаш болып қону секілді бәсе­­ке­лестік аэроғарыш сала­сын қатты дамытты. Бірақ ға­рыш­ты игеру бәсекесі ұзаққа со­зылмай, ресми түрде аяқ­талды.

Бүгінде SpaceX компания­сы ұшырған зымырандары­ның арзанға түсуі алпауыт ел­­дер­дің ғарышты игеруге ние­тін қайта оятты. Мәселен, Ақ үй басшысы Дональд Трамп 2018 жылы НАСА-ның айға сапарын қаржыландыру үшін 800 миллион доллардан астам қаражат сұраған.

Сонымен қатар НАСА жақын арада TESS деп аталатын жаңа ғарыш обсерваториясын ұшырады. Бұл аппарат экзопланеталарды, яғни өмір сүруге қолайлы аспан денелерін зерттеуге арналған. Астрономдар TESS арқылы Күнге таяу маңдағы экзопланеталарды зерттеп, онда өмір сүрудің қаншалықты мүмкін екенін анықтамақ. Аппарат SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыраны арқылы ға­­рышқа шығарылады.

Ресей де ғарыш игеру бәсе­­кесіне қатысуға ниетті. Ел пре­зиденті Владимир Путин Марсты және Айды зерт­­теуге экспедиция жібе­реті­нін айтқан болатын. Жер­дің табиғи серігіне бірінші сапар 2019 жылы жүзеге аса­ды деп күтіліп отыр. Алғаш­қы автоматты станса Ай беті­нен мұз іздеуге арнал­ған. Содан кейін 2021 жылы «Луна-26» орбиталық аппараты жіберілмек. Ал 2022 жылы ұшырылатын ғарыш кемесі ай бетіне қонып, оның топырағын зерттеумен шұ­ғыл­данбақ. Марсқа экс­педи­ция 2020 жылы жібе­рі­леді. Жоспар бойынша әуе кемесі 2021 жылы «Қы­зыл планетаға» жетуі тиіс. Сон­дай-ақ америкалық және ресей­лік ғалымдар бірлес­кен жоба аясында айды бар­лауға ар­нал­ған саяхаттың дайын­ды­ғына қызу кірісіп кетті.

Ғарыш саласында Ресей Қытаймен де ынтымақтастық орнатқан. Бұл өз кезегінде солтүстіктегі көршімізге де, шығыстағы көршімізге де тиімді. Мәскеу әлеуетті әріп­теске ие болса, Бейжің би­лігі Азиядағы өзінің көш­бас­шылығын бекіте түседі. Яғни «Аспан асты елі» құрлықтағы өзінің геосаяси беделін де арттыра түспек.

Ғарышты игеру бәсе­кесінде Жапония мен Үнді­стан да өз үлесін алып қалуды көздейді. Кейінгі он жылда осы екі ел арасындағы әріп­тес­тік жаңа сатыға көтеріл­ді. Мәсе­лен, былтыр күзде Үндістан премьер-ми­нистрі Нарендра Модимен кездескен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ ғарыш саласындағы екіжақты қа­рым-қатынасты нығайтуға және жерді зерттеу, айға сая­хат мәселелерінде бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін мәлімдеген.

Оның үстіне, Үндістан мен Жапония Азия мен Ты­нық мұхиты аймағының көш­бас­шысына айналуға тал­пынады. 2017 жылғы жел­тоқ­санда Үндістан ғарыш зерттеу ұйымы мен Жапония аэроғарыш барлау агенттігі Айға бірлескен экспедиция жіберетінін мәлімдеді. Жалпы, екі ел бұрын да Айға спутниктер жіберген болатын. Ол оның беткі қабатын ғана бақылап қайтқан. Бұл жолы Айдың бетіне қону мәселесі талқыланып жатыр.

The Washington Post газеті Азиядағы ғарышты игеруге бәсекелестік аймақтағы гео­саяси басымдыққа ие болу­ға байланысты деп есеп­тей­ді. Қытайдың ғарыш сала­сын­дағы жетістіктері мен стра­тегиялық мақсаты Үнді­с­тан мен Жапонияға ұнай қойған жоқ. Басылымның пайымдауынша, бұл екі ел арасындағы әріптестіктің нығаюының бір себебі осы.

Азияда мемлекеттер ға­рышты игеруге талпынса, мұхит­тың арғы бетінде бұл іспен бизнесмендер айналыса бастады. Бұрын АҚШ-та НАСА-ның дәурені жүрсе, қазір SpeceX-тың айдарынан жел есіп тұр. Илонның сөзіне сенгендер 15 жыл ішінде компанияны әлем танитын деңгейге жеткізді. И.Масктың ғарышқа қатысты өзіндік көзқарасы қалыптасқан. Таяуда ол АҚШ-та өткен конференцияда «Бізге қайта­дан ғарышты игеруге жарысу қажет» деп мәлімдеді. И.Масктың пікірінше, мұн­дай қадам адамзаттың түрлі апаттардан жойылып кетуінен қорғап, Марс пен Айға қоныс тебуге мүмкіндік береді.

Биылғы ақпанда SpaceX компаниясы Falcon Heavy деп аталатын зымыранын сынақтан өткізгенін жоға­рыда айттық. Оның көтер­гіш­терін қайта пайдалану зымыран жасауға жұм­са­латын шығынды азайтады. И.Маск енді ракетаның екінші деңгейлі көтергішін басы бүтін күйінде жерге қондыруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, ол Марсқа экспедиция жіберіп, планетаға қоныс аударуды мақсат еткен. «Қызыл планетаға» сапар келер жылдың бірінші жартысында жүзеге аспақ.

Ғарышты игеруге тал­пынған миллиардер Илон Маск қана емес. «Амазон» компаниясының негізін салушы Джефф Безос та зымыран көтергіштерді қайта қондыруға талпынып жатыр. Сондай-ақ ол ғарышқа туристер апару жөніндегі жос­парын жетілдіру үстінде. Жақында ол «Ғарышты барлау сыйлығын» табыстау рәсімінде бұл жобаларды жалғаса беретінін мәлімдеді. Бұл мақсатта «Амазон» ком­паниясының акцияларын сатуды жоспарлап отыр. Әзірге Дж. Безос жоспарын егжей-тегжейлі түсіндірген жоқ.

Ғарышты игеру талпы­нысының белсенділігін мынадан да байқауға болады. 2017 жылы осы саладағы стар­тап­тардың көлемі 2,8 мил­лиард долларға жеткен екен. Ал Айға аппарат қон­дыруды жоспарлаған iSpace жобасы бір жыл ішінде 90 миллион инвестиция тартқан.

Бір қарағанда Ай мен Марсқа қоныс тебу шы­найы­­лықтан алшақ көрінеді. Адам­заттың жартысы та­мақ таппай, ауызсудан қи­на­лып жүрген­де аспаннан жымыңдайтын «Қызыл планета» мен түн сұлуы Айға қоныс тебу туралы мәселе көтеру қисынға келмейтін секілді. Дегенмен енді елу жылда өзге планетаны мекендеудің ауылы алыс емес тәрізді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»