Ұлы ақын мұрасын насихаттаумен қоса, қорды молайтып, құнды деректер жинауды жүргізіп келе жатқан Абайдың қорық-мұражайы Омбы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Түмен, Қазан, Ташкент қалаларындағы мұрағат, ғылыми кітапханалармен тығыз байланыс орнатқан. Жоғарыдағы қалалардан табылған Өскенбай, Құнанбай, Абай, Халиолла, Әбдірахман, Майбасар, Тінібай, Шыңғыс және т.б. тарихи адамдарға қатысты архив деректері мұражайдың негізгі қорын толықтыра түсті.
Осы бағытта Мәскеу, Омбы қалаларының мұрағаттары, мұражайлары мен ғылыми кітапхана қорларында ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғастырылды. Абай айналасындағы тарихи тұлғалардың қоғамдық қызметі айқындалып, мұражай қоры шығармашылық мұраларына қатысты деректермен, қолжазбалармен, сирек басылымдармен толықты. Нақтырақ айтқанда, соңғы жылдары Абай, Шәкәрім, Көкбай, Ысқақ Құнанбаев, Ақылбай, Мағауия Абай ұлдары, Әзімбай Тәңірбердіұлы, Тінібай Кукенов, Әріп Тәңірбергенов, т.б. адамдарға қатысты болыстыққа сайлануы, марапаттау қағаздары және өзге де мәселелерге байланысты біршама жаңа деректер табылды.
Ғұлама Мұхтар Әуезов «Абай юбилейі туралы» және «Зерттеушілерге» атты мақалаларында ол мұрағат құжаттарын зерттеу қаншалықты маңызды екені турасында: «...Абайдың өмірі, ісін зерттеу ретінде де бірталай тың жұмыстар бар. Оның ең үлкені – Семейдің архивін тексеру. Жандарал, ояз кеңселері мен облыстық, ояздық соттар архиві көп мағлұматтар беруі тиіс еді. ...Жалғыз Семей емес, Степной генерал-губернатордың тұрған жері – Омск қаласының архивін де зерттеу керек...» (11-том, 151-153 бет) деп бағыт-бағдар беріп, жол сілтегені көпке мәлім.
2011 жылы Абай мұражайының Омбы қаласының орталық архивіне ұйымдастырған іссапар барысындағы зерттеу, іздеу жұмыстары да нәтижесіз болған жоқ. Соның бірі – ХХ ғасырдың бастапқы төрт-ақ жылын көрген ақынның өмiрiне қатысты архив дерегінің табылуы.
Атап айтсақ мұрағаттағы «Документы (список экспонатов, акт, переписка) об участии отдела на международной выставке в Санкт-Петербурге» деген бума (86-қор, 1-тізбе, 121-іс) құжаттарынан. Абайдың бір ғасыр бұрын, дәлірек айтқанда 1902 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен Халықаралық әлем халықтары костюмдерінің көрмесіне екі киім үлгісін («костюм мальчика и киргиза») жібергендігі туралы деректі кездестірдік.
Құжаттың 9-бетіндегі Ресей императорлық жағрапиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің бланкісінде жазылған хаттың мазмұнын қазақша аударсақ, былай болар еді:
Нұрмұхамед Сағынаев мырзаға!
Императорлық жағрапиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің атқару комитеті Сізге ұлы мәртебелі ханшайым Ксения Александровнаның қамқорлығымен биылғы жылдың қараша айында С.Петербургте ұйымдастырылатын халықаралық көрмеге төменде тізімде көрсетілген костюмдерді жинастыруыңызды және жіберуіңізді өтініп сұрайды.
Жіберілген костюмдер көрме аяқталғаннан кейін алғыспен қайтарылады. Костюмдерді посылка түрінде мына мекенжайға жіберу қажет: Омбы, Батыс Сібір бөлімі. Поштамен жіберу шығындарын бөлім өз мойнына алады.
Буманың 10-бетінде дәл осы мазмұндағы жазбаның соңында берілген көрмеге қажет костюмдердің тізбесі ерлер, әйелдер, ұл бала, қыз бала, күйеу бала мен ұзатылған қыз киімі деп топталады. Беттің екінші бөлігінде хабарландырудың арабша жазумен жазылған аудармасы бар.
Осы беттің бас жағындағы «қырғызша мәтінді 20-50 данаға облыстық баспаханаға тапсыру. 27.VІ.1902 ж.» деген жазбадан көрменің нақты өткізілген жылын анықтай аламыз.
Қоғамдық қызметке белсене араласып, әртүрлі қоғамдарға мүше болған Абай Ақмола, Атбасар уездерінің бай, болыстарымен бірге көрмеге заттар жіберген. Бұдан бұрын да, яғни Семейдегі 1883 жылы ашылған өлкетану музейіне қазақтың этнографиялық заттарын өз қолымен тапсырғаны мәлім.
12-бетке зер салсақ, аталмыш көрмеге атақ-даңқы талай атырапқа жеткен қазақтың көзі ашық адамдары, болыстар, байлар мен билердің осы оқиға дүрмегіне араласып, атсалысқандығын көреміз. Олардың аты-жөні мен ұсынған киім үлгілерінің тізімін сол нұсқада бергенді жөн көрдік:
1.Нурм.Сагнаев костюмы:киргиза и девочки
2.Темур. Нурекин киргизки и мальчика
3.Джангр. Бегалин жениха и невесты
4.Мейрам Джанайдар жениха и невесты
5.Махмуту Валих. киргизки и девочки
6.Ибраю Кунамбаеву киргиза и мальчика
7.Оразбаю Аккулину жениха и невесты
8.Садуакасу Чорман киргиза и девочки
9.Садуакасу Коппаеву киргизки и мальчика
Сонымен бірге бұл тізімге қосымша Қарқаралы уезі, Ақбота болысы Әлімбетовтің де заттар жібергендігі, көрмедегі кейбір заттардың жоғалғандығын өзге де дерек – буманың 77-бетіндегі Әлихан Бөкейхановтың 1904 жылдың 14 қазанындағы хаты растайды.
Императорлық жағрапиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің мүшесі Ә.Бөкейханов атқару комитетіне жазған хатында сырқаттанып қалуына байланысты комитет мәжілісіне қатыса алмайтындығын айта келе, «...Петр Андреевич атқару комитетіне Қарқаралы уезі, Ақбота болысы Әлімбетовтің көрмеде жоғалған екі затының құнын алудан бас тартатындығы туралы маған жіберген хатын жеткізеді».
Ақын өз ұрпағына тек өзінің өлең-жыр, ән мен күй мұрасын ғана емес, қазақ халқының этнографиясынан, сол кездегі тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін, бүгінде Абай мұражайының төрінде тұрған, 1885 жылы орыс досы Н.Долгополов арқылы тапсырған құнды заттарын да мұра етіп қалдырды.
Шынар САДЫҚОВА,
«Абай» мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми хатшысы