Бизнес • 03 Мамыр, 2018

Цифрлы технология ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырады

4804 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Еліміздің ауыл шаруашылығын қар­қынды түрде дамытып, оны жаңа дең­гейге көтеріп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі екені баршаға мәлім. Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында аграрлық салаға қатысты нақты тапсыр­маларды жүзеге асыру мін­деттерін ай­қын­­дап, «ақылды техно­ло­гия­лар» есе­бінен 5 жыл ішінде он­дағы ең­бек өнім­ділі­гін кем дегенде 2,5 есеге арт­тыру қа­­жет­­тігіне ерекше көңіл бөлді.

Цифрлы технология ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырады

Әрине бұл тапсырмаларды орындау үшін кешенді шараларды ғылыми негізде жүзеге асыру қажет. Оның ішін­де саланы цифрландыру, оны цифр­лы те­х­но­логияларға көшіру ерекше орын алмақ. Себебі олар бүгінгі заман­дағы бү­кіл адамзаттың, өмірдің бар­лық сала­лары­ның, соның ішінде экономи­каның қар­қынды дамуының негізі болып отыр.

Осы бағытта С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық универси­те­тінде АӨК-ті цифрландыру және соған бай­­ла­нысты дәл егіншілік техноло­гия­сын енгізу жолында біршама жұ­мыс­тар ат­қарылуда. Осыдан 3 жыл бұрын біз шет­ел­дік инвестиция есе­бінен Корея универ­ситеті (Сеул қ.) және америкалық «ESRI» ком­па­ния­­сының көмегімен университетте «ГАЖ тех­нология орталығын», сон­дай-ақ әлемге әйгілі «CLAАS» және «John Deere» ком­панияларының техника­лық қол­­дауы­мен «Дәл егіншілік орталы­ғын» құр­дық. Қазіргі таңда Ауыл шаруа­шы­лығы ми­нистрлігінің тапсырмасы бойынша біздің университет Қазақстанның орталық және сол­түстік өңірлерінде АӨК-ті цифр­лан­дыру мен дәл егіншілік технология­ларын өндіріске енгізу жұмыс­тарына ғы­лы­ми жетекшілік жасауды қолға алып отыр.

Цифрландыру және дәл егіншілік технологиясы туралы сөз болғанда, көп­шілігі оларды экономиканың аграрлық сек­торындағы бүгінгі күні қордаланған мәсе­­лелерден құтқаратын жол деп есеп­тейді. Өкінішке орай, бұл түсінік дұрыс емес.

Өйткені цифрландыру және дәл егіншілік технологиясы өндірісті бас­қарудың тиімділігін арттырудың, өнді­ріс­тік қызметтен ең жоғары пайда алу мақ­сатында қолда бар материалдық-техни­калық, қаржылық, шикізаттық және еңбек ресурстарын тиімді пайда­лану­дың құралы ғана болып табылады.

Шын мәнінде, аталған жаңа технология өз жемісін өндірісті жүргізудің қазіргі кездегі белгілі әдістемелерін толығымен меңгерген шаруашылықтарда ғана әрбір алқаптың топырақтық, агрохимиялық және фитосанитарлық әртектілігін жою арқылы бере алады. Сонымен қатар осы технологияны енгізудің ең негізгі шартының бірі ол шаруашылықтардың қажетті техника мен технологиялық құралдардың соңғы заманауи түр­лерімен жабдықталуы екенін естен шығар­мау керек. Себебі ескі техникамен бұл істі жүзеге асыру мүмкін емес.

Басқаша айтқанда, біздің ғалым­дары­мыз меңгерген бұл технология – ресурстарды ұтымды пайдалану есебі­нен өндірістің тиімділігін бірнеше есеге арттырып, сол арқылы өндірілетін өнім­нің өзіндік құнын төмендетіп, сапа­ның ең жоғары шегіне қол жет­кізуге мүмкіндік береді. Бұл аталған тех­но­логияның шаруа­­шылықтарда қол­данылуы олардың тех­­нологиялық даму деңгейіне байланыс­ты кезең-кезеңмен ғана жүзеге асырылады деген сөз. Сондықтан да Ауыл шаруа­шылығы м­инистрлігінің оны ен­гізуді базалық шаруа­шылықтардан бас­тап, кейіннен олар­дың тәжірибесін өн­діріске жаппай тара­ту жөніндегі шешімі орынды екені сөзсіз.

Айта кету керек, осы уақыт аралы­ғын­­­да аталмыш мәселелерді шешу бағы­т­ында университет өз тарапынан біршама жұмыстар атқарды. Ең алдымен, университет ғалымдары цифрлы үлгіде кеңістікті деректердің аграрлық инфрақұрылымын құру әдістемесін (АгроИКД) игеруге қол жеткізді. Бұл мәліметтер базасын негізінен 2 топқа бөлуге болады.

Біріншісі – мемлекеттік органдарға арнал­ған мәліметтер базасы. Оларға ол өз­дерінің бақылау қызметтерін жүзеге асыру, АӨК-тің заңнамалық және нор­ма­тивтік базасын жетілдіру мен әкімші­лік сип­аттағы қажетті шешімдерді қа­был­­­­дау үшін қажет. Нақтырақ айтқан­да, олар осы мәліметтерді ғарыштан алын­­­­­ған сурет­термен салыстыра оты­рып, ә­р­бір шаруа­шылықтың егіс­тік жер­­­­­лер­­­ді пай­да­лануы­ның жер заңна­ма­сы­­­­ның талаптарына сәйкестігін то­лы­­­ғы­­­­мен бақылау мүм­кін­дігіне ие бо­ла­­­ды. Осылайша, бүгінгі күн­нің ең өзе­к­­ті мәсе­лелерінің бірі – жерді пай­­да­­лану про­­­цес­теріне мемлекет тара­пы­нан қата­ң ба­қы­­лау орнатылады. Оқыр­ман­­дар­дың есінде болса, дәл осы мәселе 2016­ жыл­­дың жазында мемлекеттік жер ко­мис­сиясының жұмысы барысында қызу талқыға түскен еді. Енді ол өз ше­шім­ін тапты деп толығымен айтуға болады.

Сондай-ақ ғарыштық сурет арқылы орман алқаптарын жалға алушылардың ормандарды кесу мен қалпына келтіру жөніндегі өз міндеттемелерін уақтылы орындауын, орман ресурстарын пай­далану мен олардың жай-күйін бақы­лауды жүзеге асыруға болады. Соны­мен қатар көктемгі еріген қар суы­ның деңгейін болжау арқылы су басу қаупі бар аймақтарды, сондай-ақ ол су­лар­ды суаруға пайдалану мақса­тын­да бөгет­тер, тоғандар мен су қойма­ларын салу аймақ­тарын анықтау мүм­кін­дігі пайда бола­ды. Яғни бұл Мем­ле­кет бас­шы­­сы­ның тәуекелді егін шаруа­шы­лығы жағ­дайында еріген қар суларының баға жет­пес суару көзі және де оларды тиім­ді пайдалану жөніндегі ойын жү­зе­ге асыруға тікелей жол ашылады деген сөз.

Екінші – ол агроөнеркәсіптік кешен­­дер субъектілеріне дәл егіншілік тех­но­ло­­гия­­ларын енгізуге арналған мәлімет­тер базасы. Мұнда егіс алқап­тарының жағ­­­­дайы мен олардың топы­рақ­тық, агро­хи­м­ия­­­лық және фитоса­нитарлық сипат­та­ма­лары жайлы ақпа­рат­тар жинақ­та­лып, әрдайым жа­ңар­тылып отырады. Қазіргі таң­да біз жер­­гі­лікті атқарушы органдар мен шару­а­­шы­лық жүргізуші субъек­ті­лерге пра­к­тика­лық көмек беру үшін, универ­ситетіміздің агроно­мия­лық және жерге орналастыру факультет­тері­нің жоғары курс студенттерін жібе­ріп, Ақ­мола облысы жер пайдалану­шылары­­­ның егіс алқаптарын цифрландыру, олар­­­­дың электрон­ды карталарын жасау және егіс айналым­дарын цифрлы үл­гі­­ге ауыстыру жұмыс­тарын жүргізіп жатырмыз.

Осы жұмыстар барысында жерді пай­да­ланудың қазіргі жай-күйіне қатыс­ты көптеген қордаланған мәселе­лер­дің анық­­талғанын да айта кету керек. Атап айт­қанда, жерді жасырын қоса­р­лы жалға беру, жерге қа­тыс­­ты құ­­қық­ты белгілейтін құ­жат­­тар­дың дұ­рыс ресімделмеуі, әсіресе ұсақ шаруа қожалық­тары мен фермер­лік шар­уа­шы­лықт­арда егіс айналымдары­ның мүлде бол­мауы, жерді нысаналы мақсатын өз­гер­т­пестен пайдалану және тағы басқа фактілердің орын алғандығы айқындалуда.

Облыстарға барған іссапар барысында біз жергілікті атқарушы орган бас­шыларының әр жерді пайдаланушы­мен ғылыми негізделген егіс айналымын дайындау және енгізу арқылы аймақ­тық мамандандыруды есепке ала отырып, өсімдік шаруашылығын әрта­рап­тан­дыру саясатын жүзеге асыру үшін, егіс алқаптарын цифрландыру және олар­дың электронды карталарын құрас­тыру үдерісін толығымен қолдан­бай­тын­ды­ғына көз жеткізіп қайттық.

Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан егіс алқаптарының электронды карталарын құрастыру жұмысын ағым­дағы жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтау міндеті белгіленгені көпшілікке мәлім. Сол себепті жергілікті атқарушы орган­дар осы сәтті пайдаланып, аталған ма­ңызды мәселелерді шешуді қолға алған­дары жөн. Сондай-ақ Ауыл шаруа­шылығы министрлігі тапсырмасына сәйкес, дәл егін шаруашылығы технологияларын қанатқақты режімде енгізу үшін Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкім­дерімен бірлесе отырып, 9 негізгі шаруа­шылық таңдалып алынды. Осы күндері университет ғалымдары тара­пы­нан аталған шаруашылықтардың тех­никалық парктерінде тексеріс жұ­мыс­­т­ары жүргізіліп, оларды қажетті жаб­­дықтармен және қосымша опциялармен жете жабдықтауға ұсынымдар берілуде. Көктемгі егіс жұмыстары бас­тал­ғанға дейін университетте осы шаруа­шы­лықтардың мамандары білім­дерін жетілдіреді. Республикалық ғылыми-әдіс­­темелік орталықтың аг­ро­химиялық қыз­­метінің күшімен және университет ға­лым­дарының ғы­лы­ми жетекшілік жасауы барысында негізгі шаруашылықтардың егіс ал­қап­тарынан топырақ сынамалары іріктелініп алынып, талданады және олардың агрохимиялық картограммасы жасалынатын болады. Сонымен қатар университет ғалымдарының кө­мегі­мен осы егіс алқаптарының фи­то­­са­ни­тар­лық карталары жасалып, ми­не­ралды тыңайт­қыштарды саралап сіңірудің электронды картасы құрас­ты­рылады. Осылайша, біз негізгі шаруа­шылықтарда дәл егіншілік тех­но­ло­гияларын енгізуге қажетті бар­лық мәліметтер базасын жасап шық­пақ­пыз. Алайда осы атқарылып жат­қан жұ­мыстар АӨК-ті цифрландыру бағы­тын­дағы кешенді істердің бір бөлігі ғана. Оларды толығымен орындау құзырлы мем­лекеттік органдар тарапынан тиісті шараларды жүзеге асыруды қажет етеді.

Біріншісі – ол мемлекеттік деңгейде кеңістіктік деректердің ұлттық инфра­құ­рылымын құру және жоғарыда көр­се­тілген АгроИКД-ның құрамына бү­гінгі АӨК-тің барлық салаларындағы быты­­раң­қы мәліметтер базаларын бір жү­йеге келтіру. Ол үшін министрлік пен Үкімет тара­пы­нан қажетті ұйым­дастыру, заңнама­­­лық негіздерді жасау жұмыстары жүр­гізілуі тиіс.

Екіншісі – ол ауылдық елді мекен­дер­дің көбінде ұялы байланыс пен ғалам­тор жүйесі тұрақты түрде жұмыс іс­те­мейді. Ал ұялы байланыс пен ға­лам­торсыз дәл егін шаруашылығы техно­логия­­ларын енгізу мүмкін емес. Себебі қол­­данылатын техника мен те­х­но­ло­гиялық жабдықтар жерсеріктік нави­га­ция арқылы ғана жұмыс істей алады.

 Үшіншісі – ол өндірісті ауа райының нақты болжамымен қамтамасыз ету мәселесі. Ауа райының нақты болжамын­сыз, әсіресе бір айлық болжам мәлі­меттерінсіз, дәл егіншілік технология­ларынан ауқымды нәтиже күту мүмкін емес екенін есте ұстау қажет. Біздің «Қазгидромет» қызметінің қазіргі таң­дағы мүмкіндіктері тек 60% ғана ықти­малдықпен болжам жасай алады. Ал дамыған елдерде, мәселен, АҚШ, ЕО елдерінде, Қытайда метеоқызметтер 80% дәлдікпен ауа райын, ең бастысы, жауын-шашын мөлшерін болжап бере алады. Олар бұл жетістікке елдің ауқымды аумағын жергілікті метеостансалар желісімен қамту нәтижесінде қол жеткізген. Жекелеп алғанда, мысалы, Қытайда жергілікті метеостансалар елдің барлық аумағында әр 10 шақырым сайын орнатылған. Бізге де осындай гидро­метқызмет жүйесін қалып­тас­­тыру қажет. Егер біз көктемгі және жазғы мау­сымдардағы жауын-ша­шын­дарды тиімді пайдалана білсек, рес­пуб­ликадағы дәнді дақылдардың өнімді­лігін бірнеше есеге өсіруге болады.

Әлемдік экономиканың жаһандану үдерісінің белең алуы мен соның нәти­же­сін­де әлемдік және ішкі азық-түлік нары­ғын­­дағы бәсекелестіктің артуы бүгінгі күні бізден агроөнеркәсіптік ке­шен­­­дер­­дің бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру­ға бағыт­талған пәрменді іс-шара­лар­ды жүзеге асыруымызды талап етеді. Және осы жағдайда біз цифрлы техно­логия­­лар негізіндегі сала­лардың дамуына ден қойып, сол ар­қы­лы өндіріске жасан­ды интеллектіні ен­гізуге арналған негіз жасауымыз қажет. Бұл – біздің болашағымыз.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор