Оның ерекше салымдары мен тұлпарларын жұрт жыр қылып айтады. Әсіресе тұлпарды баптау тәсілі бөлек. Әрине көкпаршыға сұңқардай ұшқыр, еліктей епті, иесінің әр қимылын жазбай танып, мүлтіксіз орындайтын тұлпар қажет. Сондықтан да көкпардың атын баптау өз алдында бір ғылым.
Сағымбек байдың тұңғышы Салыбек өткен ғасырдың 50-60 жылдары көкпарға атақты Сарқасқа атымен шығып, кейбір кездерде жан баласына салым ұстатпаған екен. Ел арасында «Салыбектің Сарқасқасы» деген ат аңызға айналған. Көкпаршының ұлы Болатханның айтуынша, былайғы ел-жұрт ас-суға ұн таппай отырғанда әкесі атын таза бидай беріп асырапты.
Тұнық сумен суарылған жасыл жоңышқаның көгін ғана берген. Қысы-жазы жабулап ұстайды. Су ішетін ыдысы да бөлек. Сарқасқа атты тұрған жерінде зәр сындыртпайтыны, тезек тастатпайтыны және бар. Көкпар таянғанда осындай ерекше баптаудағы тұлпарының етін қатырады, қазысын ортайтады, күніне бірнеше дүркін мініп-түсіп бұлшық еттерін ширатады. Салыбектің үлкен қызы Рахия апайдың айтуына қарағанда, әкесінің көкпарға аттануы да ерекше. Ұл-қыздары жиналып, құдды бір майданға аттандырғандай болады. Ондай сәтте көкпаршы бойын тіктеп, сұңқардай шүйіліп, қаһарын сыртына шашып атқа қонады екен. Сарқасқа да өзгеріп сала береді, ауыздығын қарш-қарш шайнап, омырау етін ойната, желмен жеңіл ұшып бара жатқан қаңбақтай сырғиды.
Салыбек Сағымбекұлының Бурыл деген аты жөнінде де аңызға бергісіз әңгіме көп. Ордабасы ауданының орталығы Темірланда 1921 жылы өткен Қажымұқанның 120 жылдық тойында 77 жастағы Салыбек қария көкпарға шығып, соңғы салымын салады. Кешікпей сырқат меңдеп жатып қалады. Күн өте бурыл ат дүркін-дүркін иесін іздеп, кісінейді. «Жылқының тілін жақсы білетін әкем дерт меңдеп, төсек тартып жатса да, далаға шығаруды өтінеді. Далаға шыққан иесінің иісін сезген бурыл аттың құлын дауысы шырқырап қоя береді.
Әкем «атты алып келіңдер!» деді. Төсек тартып жатқан иесін көрген бурыл ат ышқынып келіп, иіскейді. «Орныңнан тұр» дегендей, көрпесін жұлқып, жастығын тістеп лақтырады. Есті жануардың қос жанарын жуған жасты көргендердің бәрі Бурыл атпен бірге жылады. Сол күннің кешінде атақты шабандоз, өмірін көкпарға арнаған әкеміз Салыбек дүниеден өтті. Иесінің бақилық болғанын сезген Бурыл ат жем-шөп жемей, апта өте өлді», дейді Болатхан Салыбекұлы өткен күндерді еске ала.
Жуырда Ордабасы ауданындағы атшабарда әйгілі шабандоз Салыбек Сағымбекұлының ұрпақтары қазақтың ұлттық ойындары – аударыспақ, теңге ілу, бәйге сайыстарын ұйымдастырды. Облыстық фестивальдың аясында өткен, ұлттық спортты кеңінен насихаттауға бағытталған шараға аттың жалын ұстаған 30-ға тарта жасөспірім қатысты.
Жарыс жеңімпаздары мен қатысушылардың барлығына арнайы сыйлықтар табыс етілді. Ауыл тұрғындары мен ат арытып алыстан келген қонақтар осындай үлгілі істі ұйымдастырған Салыбек Сағымбекұлының ұрпақтарына ризашылықтарын білдірді. Әйгілі көкпаршының көзін көрген қариялар естеліктерімен бөлісті, жас ұрпаққа ұлттық ойындардың мән-маңызын түсіндірді, жылқы баптаудың қыр-сырын үйретті.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»