Жас спортшыларға мәнерлеп сырғанаудың қыр-сырын Олимпия ойындарының жүлдегері Денис Теннің өзінен үйренуге мүмкіндік туды. Мұз айдынында өткен шеберлік сыныбын 500-ден астам атыраулық келіп тамашалады.
– Балалардың мәнерлеп сырғанауға деген құлшынысына риза болдым, – дейді Денис Тен. – Облыс басшылығы тарапынан спортқа оң көзқарас бар екен. Балаларға сапалы жаттығу жұмыстарына қажет жағдайдың бәрі жасалған. Осы шеберлік сыныбы жас спортшыларға жігер береді деген сенімдемін.
Кездесуде атыраулық мәнерлеп сырғанаушылар Олимпиада жүлдегері алдында өнерлерін көрсетіп, бағыт-бағдар алды. Атыраудағы мұз сарайында оқушылар мәнерлеп сырғанауды тегін үйренеді. Олар түрлі деңгейдегі жарыстарда оза шауып бәйге алып жүр.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ