Қазақстан • 05 Мамыр, 2018

АЭФ – жаһандық үнқатысу алаңы

263 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордада жыл сайын өткізілетін аса ауқымды халықаралық жиын – Астана экономикалық форумының басталуына да аз уақыт қалды. Бар болғаны 13 күннен соң айтулы шараның шымылдығы түріледі. Бұған дейін де хабарлағанымыздай, биылғы форумның өз ерекшелігі бар, ол – жаңа форматта өтпек, ал күн тәртібінде жаһандық мәселелер талқыланады. 

АЭФ – жаһандық үнқатысу алаңы

Дүниенің түкпір-түкпірінен атақты экономистерді жинап, ғаламдық ғалымдардың басын қосатын, Нобель сыйлығы лауреаттарын шақырып, жа-һандық мәселелерді бірге отырып талқылайтын жыл сайынғы шараға бүгінге дейін әлемнің 150 елінен 50 000-нан астам делегат қатысқан екен. Әлбетте, шараның жыл сайын өткізіліп отырғанына қарағанда, форумның ел үшін де, әлем үшін де тиімді қажеттілігін аңғару қиын емес. Ендеше, осыған дейін он рет өткізілген ауқымды жиынның негізгі нәтижелеріне тоқталып көрелік.

Жалпы, АЭФ ұсыныстары тек мәселеге көңіл бөлу ғана емес, нақты әрекеттерді орындау кезінде оларды ескеру. Айталық, форум G8 және G20, БҰҰ ЭКОСОС, ЮНКТАД, ЭСКАТО форматтары аясындағы шаралар мен дағдарысқа қарсы шаралардың қабылдануымен байланысты ғаламдық процестерге ықпал ете бастады. Мысалы, 2012 жылы Астана экономикалық форумының ұсыныстары БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық сессиясында таныстырылып, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның, БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сес­сиясының президенті Ан-Насер­д­ің және G20-дағы Мексика өкіл­дігінің жоғары бағасына ие болды. 2013 жылы VI Астана эконо­микалық форумында өткізілген аса маңызды шара – БҰҰ Бас Ас­сам­блеясының қолдауымен, Қазақ­стан Республикасы халықаралық ұйымдармен бірлесіп бастамашы болған І Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция болды. Оның қорытындысы бойынша Астана декларациясы мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар жобасының негізгі бағыттары қабылданды. 

2014 жылы VII Астана эко­но­микалық форумы алаңында БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық банктерінің басшылары, экономика, қаржы министрлерінің деңгейінде ІІ Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция өткізілді. Оның қорытындысы бо­йынша БҰҰ-ға мүше елдер­ге арналған Дүниежүзілік дағ­да­­рысқа қарсы жоспардың тұ­жы­­рым­дамасы қабылданған болатын. 

2015 жылғы 22 мамырда «Инфрақұрылым: экономиканың тұрақты өсімінің драйвері» VIII форумы аяқталып, оған 3000-нан астам делегат қатысты. Форум барысында Қазақстан Президентінің бес институттық реформасын іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жоғары бағаланды. АЭФ-ті тоғызыншы рет өткізген кезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономиканы қалпына келтіруге және дамушы елдерге қолдау көрсетуге, сондай-ақ «жасыл экономиканы» дамыту мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды. Сондай-ақ «Жаңа энергия – жа­ңа экономика» мерейтойлы Х Астана экономикалық фо­румы еуразиялық кеңістік үшін тарихи өзгерісті кезеңде өткі­зілді. Республика Президенті Қазақ­станды үшінші жаңғырту және энергетика саласын жаңғырту бойынша қабылданған шаралар төңірегінде елдегі ауқымды іс-шаралар туралы мәлімдеді.

Ал ұйымдастырушылар биыл­ғы форумның түбегейлі жаңа фор­матта өтетінін мәлімдеп отыр. Жаңартылған форум әлемнің же­текші саммиттерінің біріне айна­латынына сенімді. Global Chal­lenges Summit - 2018 негізгі плане­талық сын-тегеуріндер мәсе­ле­лерін талқыламақ. Кон­греске қатысушылардың, әлем­дік сарапшылар қауымдас­тығы, тех­нологиялық элита, қала және мемлекеттік басқару өкіл­дері, визионерлер мен ірі кор­по­ра­ция­лардың басшыларының міндеті – аталған сын-тегеурін­дерге жауап табу және жаһандық ауқымдағы тиісті шешімдерді әзірлеу.

Биыл барлық шаралар үш блокқа бөлінеді: іскерлік бағдарлама, стратегиялық сессия және зерттеу. Формасы мен ақпарат беру тәсілі өзгерген. Бұған дейін дәстүрлі панельдік сессиялар өткізілсе, енді мұнда TED talks, инновациялық презентациялар, воркшоптар мен нарықтың болашақта дамуын болжай алатын және оған әсер ете алатын сарапшы-визионерлердің баяндамалары өткізіледі. АЭФ алғаш рет жастарға арналған арнайы бағдарлама ұсынады, дейді ұйымдастырушылар. Астананың жетекші жоғары оқу орындарының базасында ең үздік экономистермен дәрістер, презентациялар және кездесулер өтеді. Бұрынғы форумдарда спикерлердің дені саясаткерлер, ғалымдар және экономистер, әлемдік деңгейдегі журналис­тер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары және бизнес-элиталардың өкілдері болған. Ал биылғы форумға қатысатындар қатарында физик, футуролог және ғылымды дәріптеуші, ғылыми-көпшілік әдебиет жанрының авторлары болады деп күтілуде. Global Challenges Summit-2018 алаңында әлемнің 24-тен астам елінен 450-ден астам спикер пікір алмасады.

Форум қорытындысы бо­йын­ша әлем және Қазақстан үшін тиімді шешімдер мен практикалық ұсыныстар әзірлеу, жаһандық инвесторлардың қызығушылығын арттыру көзделген. Елдер, қалалар мен компаниялар арасында маңызды келісімдер жасалады. Тағы бір маңыздысы – экономистердің жаңа буынын қалыптастыру мүмкіндігі, себебі АЭФ – экономикалық ғылым бойынша әлемдегі ең үздік сарапшылар мен ғалымдардың, Нобель сыйлығы лауреаттарының бас қосатын орны, сондықтан мұнда жас қазақстандық экономистерге баға жетпес білім, үлкен тәжірибе алуға мүмкіндік мол. 

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»