Аймақтар • 06 Мамыр, 2018

Батыс Қазақстанда Совет Одағының батырын еске алды

623 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында Совет Одағының Батыры Михаил (Бимағанбет) Абдоловтың 100 жылдығына орай «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран!» атты облыстық конференция өтті.

Батыс Қазақстанда Совет Одағының батырын еске алды

Конференцияға облыстың әр аумағынан қонақтар келді. Жиын алдында батырдың тірі кезінде жазылып алынған құнды таспа көрсетілді. «Соғыста мен намысты ешқашан естен шығармадым. Барлаушы ретінде барлық тапсырманы орындадым. Орындамаған кезім жоқ», - деп сөйлеген қарт сарбаздың айбарлы жүзі талайды тәнті етті.

Михаил Абдолов Қызыл Армия қатарында 1938 жылы шақырылған. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан майдангер барлаушы болған. 78-ші атқыштар дивизиясы сапында Брянск ормандарын жарып өткен жорықтарға, Можайск тасжолы бойындағы әйгілі шайқастарға, ІІІ Украин майданында, Орлов маңындағы жан алып, жан беріскен ұрысқа қатысқан. 74-ші атқыштар дивизиясы барлаушылар ротасы барлаушылар бөлімшесінің командирі Абдоловтың ерлігін жау да мойындапты. 1944 жылы 7 қарашаға қараған түні Дунай өзенінің оң жағалауындағы жау плацдармын барлап және басып алу жөнінде шұғыл тапсырманы орындаған Абдолов тобы немістің 12 жауынгері мен унтер-офицерін тұтқындаған. Бұлар жеткізген «тіл» өте құнды мәліметтер беріпті. Осы ұрыста Абдоловтың өзі 11 фашисті өлтіріп, төртеуін тұтқындаған.

Конференцияда сөз алғандар М.Абдоловтың жаудың төрт ұшағын, қару-жарақ қоймасын жоюдағы ерліктерін де әсерлі әңгімелеп өтті. Марқұм бейбіт өмірде де өте тентек, еркін ойлы азамат болды. Өмірден өткенше шағын ауылда тұрды. Орал қаласына, тіпті аудан орталығына шақырған ұсыныстардан бас тартыпты.

Осы конференцияда Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің редакторы, ІІ дүниежүзілік соғыс тақырыбын жүйелі зерттеп жүрген Ахмедияр Батырханов осы кезге дейін көпшілікке белгісіз деректер әлі де көп екенін айтады. Мысалы ол Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық архиві қорынан бұрын-соңды айтылмаған 17 қазақ ұшқышын, Совет Одағының Батыры атағына, үлкен наградаларға ұсынылып, бірақ марапатталмай қалған жауынгерлер туралы көп дерек тапқан. Соның ішінде дәл осы Ақжайық ауданынан майданған алынып, неміс тұтқынында болған, сүйектері жат жерде қалған 26 сарбаз жайында айтып берді.

Айта кету керек, Ақжайық ауданында өлке тарихын түгендеуге, тарихи тұлғаларды халық жадында жаңғыртуға бағытталған жұмыстар жүйелі жасалып келеді. Осыған дейін ауыл-ауылдың шежіресіне, айтулы тұлғаларға, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналып бірнеше кітап шығарылды. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бұл басылымдарды кеңінен насихаттап келеді.

Аудан Алаш қозғалысының 100 жылдығына «Ақжайықтағы Алаш іздері», «Ақжайықтық Алаш арыстары» атты кітаптар шығарды. Жерлес ақын, ғалым, майдангер Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығы да өткен күзде мәнді, мазмұнды өтті.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН