Қазақстан • 09 Мамыр, 2018

«Паровоз апа» Талдықорғанда тұрады

541 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соғыс ардагері Алтынай Есболатованың есімі Жетісудің еңкейген қарты мен еңбектеген баласына дейін мәшһүр. Жерлестері ол кісіні «Паровоз апа» деп атайды. 

«Паровоз апа» Талдықорғанда тұрады

Алтынай апа әйгілі Матай стансында туып-өсті. Бұл стансаны әйгілі деп атауымыздың сыры бар, сол соғыс жылдарында Матайдың депосында орыс өнертапқышы Михайл Калашников алғашқы автоматты атыс қаруын ойлып тауып, құрастырған болатын. Түрксіб темір жолының негізгі бөлімі ретінде шағын стансада тіршілік көрігі суыған емес. Әсіресе, соғыс жылдарында Орта Азиядан майдан шебіне аттанған составтар легінде сан жоқ еді. Жастайынан теміржолдың тарсылы мен паровоздың ащы даусына құлағының құрышы қанған Алтынай Есболотова он тоғыз жасында машинистің қысқа мерзімді оқуын оқып, паравоздың басқару тізігінін қолына алды. Осылайша әскери пойыздың машинисі атанған қазақтың жас қызы ауыр составты сүйреген паравоздың кабинасында алғы шепке кете барды. Сталинград түбіндегі майданға әскери техника, адам күші, азық-түлік жеткізіп, кері оралғанда ауыр жараланған жауынгерлерді таситын еді.

Қазір тоқсаннан жасы асқан «Паравоз апа» Талдықорған қаласында тұрады. Тек ол күндер туралы әңгімеге қасаң. Жалынға оранған жастығы мен ел күйзелген кезеңді есіне түсіруден бойтартатын болар. Есіне бүгінгі бақытты ұрпаққа үнемі бата беріп, Тәуелсіз елдің тілеуін тілеп отырады.

...Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорғанда тұратын соғыс ардагерлерінің үйін бас сұғып, қарт майдангерлерді құттықтап шығуды дәстүрге айналдырған. Күні кеше осы үрдіспен үй аралаған әкім Алтынай апаның да табалдырығынан аттады. Әкімнің қадамына разы болған ардагер әңгіме тиегін ағытты. Майдандағы жылдарды есіне алып, соғыста жеңіске жеткізген Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен бірлік екенін ескерті. Осы кезде бір топ оқушы да «Паравоз апаны» құттықтап келе қалған-ды. Апа балаларға батасын берді.

- Жақсы оқыңдар, тәрбиелі болыңдар, ата-аналарыңның қуанышы, Отанның тірегі болыңдар. Білім – барлық игіліктің кілті. Қолда бар нәрсені қадірлей білу керек, бар мүмкіндікті пайдалана білу керек. Балалардың біз көрген қиындықты көрмей, болашақтары жарқын болуын тілеймін! – деді Алтынай апа балғындардың басынан сипап.

Сөзін жалғаған ардагер апа облыс әкіміне қарата:

- Осы күнге жеткеніме шүкіршілік етемін. Қазір халық бейбітшілік пен  тыныштықта жақсы өмір сүріп жатыр, киімі көк, қарны тоқ. Сондықтан Елбасымызға ризамын.Осыны жеткізерсің. Барлығыңа зор денсаулық тілеймін, - деді.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы