Биіктігі 7, ені 10 метрді құрайтын, мәрмардан жасалған тақтаға жергілікті майдангерлердің есімі қашап жазылған монументтің ашылу рәсіміне соғыс және тыл ардагерлері, алыс-жақыннан арнайы келген қонақтар мен аудан әкімі Дәулет Батырбаев қатысты.
Сонымен қатар бұл күні «Әкелер рухына тағзым» атты кітаптың таныстырылымы өткізілді. Руслан Насыров пен Люция Хамитова бірлесе жазған еңбекте баскөлдіктердің майдандағы ерліктері баяндалады.
Реті келгенде айта кетейік, екінші дүниежүзілік соғысқа Баскөл мен Қарақұдық ауылдарынан 300 азамат аттанса, соның 84-і елге оралмаған. Жоғарыда аталған тақтаға осы 300 жауынгердің есімі жазылған.
«Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген қанды қасапқа менің әкем Адыхан Байканов пен інісі Ахтан Байканов та аттанып, майдан даласында қаза тапты. Тек бір інісі Қадыр Байканов аман-есен елге оралды. Баскөл орта мектебінде соғыс ардагерлеріне арналған музей бар. Жас ұрпақ аталарының ерлігі мен өрлігін біліп өссе, Отанына адал қызмет етері анық», - дейді тыл ардагері Марватжан Байканов.
Шара соңында Астананың 20 жылдығына орай ескерткіштің маңына 20 түп шырша көшеттері отырғызылды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Бесқарағай ауданы,
Баскөл ауылы