Қазақстан • 10 Мамыр, 2018

Бейбіт өмір мен егемендіктің берік тірегі

732 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Отар» 40-шы әскери базасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Отан қорғаушы күніне арналған әскери шеруі өтті. 3 мыңға жуық жауынгер, 300 бірлік әскери техника мен қару-жарақ, 40 ұшу аппараты жұмылдырылған бұл айтулы шараға Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Бейбіт өмір мен егемендіктің берік тірегі

Бірінші кезекте парад қолбасшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қол­басшысы, генерал-майор Мұрат Бекта­нов Мемлекет басшысы – Қарулы Күш­тердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа әскери шеруді өткі­зуге және аумақтық әскерлер құра­ма­ларына жауынгерлік туларды тапсы­ру рәсіміне дайын екендігі жөнінде баян­дады.

Бұдан кейін Қазақстан Республи­касы­ның Президенті Н.Назарбаев ардагер­лерді, сарбаздар мен офицерлерді Отан қорғаушы күнімен құттықтап, еліміздің Қарулы Күштері қауіпсіздігіміздің бас­ты кепілі, Отанымыздың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің берік тірегі болып саналатынын атап өтті.

– Қымбатты қазақстандықтар, сардарлар мен сарбаздар! Қадірлі ардагерлер! Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Баһадүр бабалар Ұлы даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, оны бізге аманат етіп қалдырды. «Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді» деген дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, Тәуелсіздіктің қорғаны болу мәртебелі зор міндет. Жаужүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр. Бірақ ол абыройлы борыш, қастерлі парыз. Қарулы Күштеріміз халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны. Қазақстанның әскери қызметшілері – барлық дәуірдің тарихындағы ең сұрапыл соғыста фашизмді жеңген батыр бабаларымыздың жауынгерлік ерліктері мен даңқын жалғастыратын лайықты ұрпақ. Біз олардың туған жеріміздің өркендеуі мен бейбіт өмірімізді сақтау үшін көрсеткен көзсіз батырлығы мен өшпес ерлігін әрдайым жадымызда сақтаймыз, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы өз сөзінде әр сарбаз Отан қорғаушы ретінде өзінің ел алдындағы борышы мен міндетін терең сезінуі тиіс екенін атап өтті.

– Жауынгерлік Ту туған жерге адалдықтың, ерлік пен батылдықтың нышаны болып табылады. Қасиетті байрақ рухы биік, ержүрек сарбаздарды әрдайым жеңіске жетелейді. Бауыржан Момышұлының «Батырлық өскен ортаға, көрген тәрбиеге байланыс­ты қа­лып­тасады», деген сөзі бар. Аза­мат­тарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу ісін­де әскери дәстүр маңызды рөл атқа­рады. Әр сарбаз Отан қорғаушы ретінде өзінің ел алдындағы ерекше жауап­кершілігін сезінуі тиіс. Қарулы Күштері­мізде жігерлі жігіттер қатарында аяулы ару­ларымыз да әскери қызметті абырой­мен атқарып келеді. Сондықтан бүгінгі мереке ер азаматтармен қатар сап тү­зеген қайсар қыздарымызға да ортақ. Мем­лекет Отан қорғаушыларға ерекше қам­қорлық көрсетіп келеді, көрсете бе­реді. Өткен жылы әскери қызметкер­лердің жалақысы 25 пайызға артты. Әскерилерді тұрғын үймен қам­тамасыз ету мәселесі шешімін өз ретімен тауып жатыр. Мұның бәрі Қарулы Күштер сарбаздарының ар-намысы мен айбынын арттыруға жол ашады. Сондықтан мен сіздерді әскери антқа адал болады деп сенемін, – деді Елбасы.

Президент өз сөзінде бүгінде елі­міз­дің дәйекті әрі бейбітсүйгіш саясат жүр­гізіп отырғанын атап өтті. Бұл орайда Қазақ­стан әскері еліміздің Тәуелсіздігін күзе­тіп, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйы­мы аясында ұжымдық қауіпсіздікті қамта­масыз етуде аянбай еңбек етіп келеді. Сонымен қатар Біріккен Ұлт­тар Ұйымы шеңберінде маңызды бітім­гер­шілік міндеттерді де лайықты түрде атқаруда.

Жауынгерлік парад кезінде Елбасы мемлекет тарапынан армиямызға мей­лінше қолдау көрсетіліп, оның әлеуетін ны­ғайтуға зор мән берілетінін және Қазақ­стан 2030 жылға қарай заманауи, мо­биль­ді әрі жоғары кәсіби әскер жасақтау жө­нінде мақсат қойып отырғанын атап өтті.

– Бұл үшін 2020 жылдан бастап қор­ғаныс саласына қажетті қаражат бөлі­нетін болады. Қауіпсіздікке төнетін жа­ңа сын-қатерлерге орай тиімді әрекет ету үшін Арнайы операциялардың жоға­ры мобильді күштері мен Аумақтық әскер­лер құрылып, қорғаныс жүйесіне бірікті­рілді. Жаңа бөлімдер бүгін табыс етілген жауынгерлік туларды лайықты алып жүретініне сенімдімін, – деді Президент.

Осы арада сәл шегіне сөйлесек, еге­мендік алған күннен бастап татулық пен бірлікті ту етіп, ынтымақты ырысы­на балаған еліміздің бұл күнде әлем мем­лекеттерінің алдында абыройы асқақ, беделі биік. Ежелден айбыны асқақ, рухы өр халықтың далалық данышпандығы мен кенен көрегендігі бүгінде Елбасы саяса­ты­ның негізгі өзегіне айналып отыр. Бабалардың өнегесі мен қайталан­бас ерлігі тәуелсіздік жылдарында елі­міз­дің болмысында жаңаша түлеп, Отан деген ұлы ұғымның, қастерлі атау­дың мәні мен маңызы ерекшелене түсті. Тәуелсіз Қазақстанның әлеуеті жоға­ры әскері қалыптасты. Әскери қызмет­шілерге, сарбаздарға деген мемлекеттің қамқор­лығы мен қолдауы артты. Әсіресе егемен еліміздің болашағы болып саналатын жастардың бойында патриоттық тәрбие қалыптастыру, оларды отансүйгіштікке баулу, туған жерге құрмет көрсету, ел айбынын асыру жолында аянбай еңбек ету Елбасы белгілеп берген нақты мақсат пен міндеттің көрінісі.

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот ке­леді, халқына, өз ұлтына адал қызмет ету­ге ұмтылады», деген болатын. Бүгін­де дамудың даңғыл жолына түскен Қазақ­стан әскерінің әлеуеті, мүмкіндігі әлемге әйгілі. Ал әскери сала сапындағы қызметшілер де, сарбаздар да ел бірлігін сақтауда, қауіпсіздікті қадағалауда қыра­ғылық танытып келеді.

 Отан қорғау – ұлы ұғым. Осы орайда Елбасы Жарлығымен 7 мамыр – Отан қорғаушы күні болып белгіленді. Бұл күні еліміз бойынша әскери қызметшілер сап түзеп, еліміздің қорғаныс саласының қарқынын дүйім жұртқа паш етіп келеді. Ал биылғы айтулы мерекенің мәні мен маңызы жылдағыдан айрықшаланып, ел тарихындағы тағылымды сәттердің сәулелі кезеңдерін қалыптастырды.

Отан қорғаушы күнін мерекелеу шең­берінде Елбасы – Қа­зақ­стан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің Жоғар­ғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың қатысуымен Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский кентінде орналасқан «Отар» 40-шы әскери базасында өткен бұл әскери шеру екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде аумақтық қорғаныс бригадаларының жауынгерлік тулары облыстардың, сон­­дай-ақ Астана және Алматы қала­лары­ның әкімдеріне тапсырылды. Әкім­дерге Ту тапсыру рәсімінен кейін Ар­наулы опера­циялар күштерінің, Мемлекеттік күзет қыз­метінің, Ұлттық ұланның, Әскери-теңіз күштерінің арнаулы мақсаттағы отря­дының, сонымен қатар аумақтық әс­керлердің әскери қызметшілерінің па­рад­қа қатысушы құрамдары сап түзеп өтті.

Жауынгерлік парадтың екінші бөліміндегі заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы ұрыста қолдана отырып, барлау-әскери бөлімшелерінің шынайы тактикалық іс-қимылы келушілерді бей-жай қалдырмады. Заңсыз қарулы құрылымдардың шартты базасын жою жөніндегі тактикалық эпизодтарды орындау барысы Қазақстан Қарулы Күштерінің кемелдігін көрсетті. Жауынгерлік парад кезінде көпшілік тамашалаған «Точка-У» тактикалық зымыран кешені, «Град» және «Прима» дүркіндетіп отшашу зымыран жүйесі, МСТА-Б және Д-30 зеңбіректері, «Солнцепек» ауыр отшашқыш зымыран жүйесі, «Штурм-С» танкіге қарсы зымыран кешені және Ракета әскерлері мен артиллерияның басқа да қару түрлерінің мүмкіндіктері аталған парадтың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетті. 

Байтақ даламыздың бірлігін әйгілейтін, егемен еліміздің ерекшелігін танытатын көріністер келушілердің өз Отанына деген патриоттық және мақтаныш сезімдерін оятты.

Сонымен қатар 3 мыңға жуық әске­ри қызметші, 300 бірлік қару-жарақ пен 40 бірлік ұшу аппараты жұмыл­дырылған жауынгерлік парад барысында Құрлық әскерлері және Әуе қорға­нысы күштерінің әскерлері зымыран атып, бомба лақтырды, сондай-ақ бар­лық қару түрінен оқ атты. Ал Әскери-әуе күштерінің майдандық және әс­кери авиациясының ұшақтары мен тікұшақ­тары аспанға көтеріліп, әуе іс-қимыл­дарын көрсетті. Әуеде өз ше­бер­ліктерін майдандық, армиялық және әскери-көлік авиациясы, С-295 су жа­ңа әскери-көлік ұшақтары мен Су-30 көп­ нысаналы жойғыштары паш етті. Парад кезінде «Жетісу Барысы» ұшқыштар тобы жоғары деңгейде шеберлік танытты.

Бұл Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қол­бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қа­ты­суымен ел аумағында өткен, мем­лекетіміз үшін тарихи маңызы зор екінші жауынгерлік парад болып табылады. Биылғы жылғы парадтың ерекшелігі, заманауи қару-жарақ пен әскери техни­каны, авиацияны жауынгерлік тұр­ғы­да қолдана отырып, барлау бөлім­ше­лерінің шынайы тактикалық іс-қимыл­дарын көрсету болды. Қазақстан әскер­лерінің іс жүзіндегі әрекеттерін жұртшы­лық республикалық телеарналар және Қорғаныс министрлігінің ресми сай­ты арқылы тікелей эфирден тамашалады. Со­нымен қатар полигон аумағында жүр­гізілген командалық-штабтық жаттығу­лардың нәтижесінде көрермендер Қазақ­стан армиясының жан-жақты мүмкін­дігіне куә болды.

Жауынгерлік парад соңында Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әскери техника мен қару-жа­рақтың заманауи үлгілері­мен танысты. Со­нымен қатар Елбасы Жауынгерлік па­­радқа қатысушы азамат­тарға далалық жер­дегі ұрыста көрсет­кен шеберліктері, оқ ату сәтіндегі мерген­діктері және жауын­­гер­лік дайындықтары үшін алғы­сын білдірді.

 – Әскери парад сіздердің жауынгерлік шеберлік деңгейлеріңізді және даладағы жаттығуларға бейімделгендеріңізді нақты көрсетті. Парад Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындығы мен кәсіби деңгейінің одан әрі арта түсуіне септігін тигізеді деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы барша азаматтарды Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңіс кү­німен құттықтады.

Отан қорғау – мемлекет алдындағы мәртебелі міндеттің бірі. Заманында бөрілі байрақ көтерген бабаларымыздың ама­натына адалдық – бүгінгі парыз. Ел­­басы сенімі әрдайым ел азаматта­ры­на соны серпін беріп, биік рух сыйлайтыны, сонымен қатар Отан үшін зор жауапкершілік артатыны ақиқат. Ешқашан Туы төмен түспеген, еңсесі еңкеймеген еліміздің байрағы болашақта да биікте желбірей беретініне сенім мол!

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы