АҚШ-тың Карсон қаласындағы StubHub Center аренасында өткен кездесу небары екі раундқа ғана созылды. Жекпе-жектің екінші раундында отандасымыз қарсыласын нокаутпен жеңіп, кәсіпқой бокстағы 38-ші жеңісіне қол жеткізді. Ал Мартиросян карьерасындағы төртінші жеңілісіне ұшырады.
Жекпе-жек басында Ванес өзіне тым сенімді қимылдап, ашық айқас көрсете бастады. Тіпті оның екі джеб соққысы отандасымыздың қорғанысын бұзып-жарып, діттеген жеріне де жетті. Отандасымыз Ванестің еркін көсілуіне мүмкіндік берді. Тіпті алғашқы раундтың соңғы секундтарында армян боксшысының кенеттен ұйымдастырған сериялық соққылары Головкинді күтпеген жағдайға қалдырды. Осылайша, Ванес алғашқы раундта жекпе-жекті өз пайдасына шешті. Төрешілердің шешімі бойынша да, ол бірінші раундта 9:10 ұпаймен басым түсті.
Ал екінші раунда жанкүйерлер шаршы алаңда мүлде басқа Головкинді көрді. Раунд бастала сала жекпе-жекке шындап кіріскен отандасымыз қарсыласын соққының астына алды. Сондай сәттердің бірінде Геннадийдің бірнеше соққысы қарсыласына дөп тиіп, америкалық боксшы тізерлеп отырып қалды. Алайда төреші бұл сәтті нокдаун деп есептеген жоқ.
Головкин жанкүйерлерге нокаутты көп күттірген жоқ. Екінші раундтың орта тұсына келгенде ол көп соққылы комбинация ұйымдастырды: сол қолымен екі джеб, тікелей екі түзу соққы, сол, оң және сол қолымен кезекті соққы жасап, қарсыласын нокаутқа түсірді. Төреші Мартиросян өзіне келіп алу үшін 10 секунд санағанымен, ол орнынан тұра алмады. Сөйтіп көптен күткен жекпе-жек төрт жарым минутқа ғана созылды.
Бұл кездесуде Геннадий Головкин өзінің WBA титулын 19-шы, WBC белдігін төртінші және IBO титулын 17-ші рет қорғады. Тағы бір айта кететін жайт, Головкин осыдан дәл 12 жыл бұрын, яғни 6 мамыр күні Германияда өзінің кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін венгриялық боксшы Габор Балогқа қарсы өткізіп, бірінші раундта нокаутпен жеңген-ді.
Кездесуден соң Ванес Мартиросян журналистерге жекпе-жек туралы пікірін айтып берді. «Құдды пойыздың астында қалып қойғандай болдым. Оның бір ғана емес, барлық соққысы маған өте ауыр тиді. Бұған дейін мені ешкім бұлай қатты соққының астына алмаған еді. Головкин – сұмдық панчер. Әрбір соққысы мығым әрі жойқын «Канелоның» әлгі етті не үшін жегенін енді түсіндім», деді Мартиросян.
Ал Головкин кездесуден кейін өзін жақсы сезінгенін айтады. «Мені қолдаған барша қазақстандықтарға, достарыма алғысымды айтамын. Ванес – мықты боксшы. Бірінші раунда жасаған бірнеше соққысы дәл тигенде жекпе-жек қиынға соғады деп ойладым. Бірақ екінші раундта бәрі сәтті аяқталды. Жанкүйерлерім үшін Синко де Майо мерекесіне керемет сый жасадым», деді Головкин.
Сонымен қатар Головкин алдағы айқасына жақсы қарсылас іздейтінін мәлімдеді. «Қыркүйекте «Канеломен» қарымта кездесу дейсіз бе? Ол дайын болса, мен дайынмын. Кіммен болса да жұдырықтасуға күшім жетеді. Тоғыз жыл бойы чемпионмын. Жігіттер, қолдарыңнан келсе, белдігімді алуға тырысып көріңдер», деп мәлімдеді ол.
Дәл қазір жанкүйерлер Головкинмен жекпе-жекке шығуы мүмкін болған нақты үш боксшының есімін атайды. Олар: Сауль Альваерс (Мексика), Билли Джо Сондерс (Британия) және Сергей Деревянченко (Украина).
Головкин-Мартиросян жекпе-жегіне тікелей эфирде комментаторлық жасаған бокстан Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевтың пайымдауынша, Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы британиялық Билли Джо Сондерс болуы мүмкін. «Қазір Сондерсте Головкинге жетпей тұрған WBO белдігі бар. Сондықтан Головкинге алдағы уақытта британиялық боксшы қарсылас атануы мүмкін. Себебі, Сондерс Головкинмен кездесетін болса, үлкен қаржыға кенелетіні анық. Билли Головкинмен кездескен жағдайда, ол отандасымызға аса қиындық туғыза қоймайды. Өйткені Сондерстің соққысы айтарлықтай жойқын емес», дейді Олимпиада чемпионы.
Ал отандасымыздың жаттықтырушысы мүлде басқа пікірде. Оның айтуынша, Головкин-Сондерс жекпе-жегі өтпеуі де мүмкін. Себебі британиялық боксшы отандасымызбен жұдырықтасуы үшін өте ірі көлемдегі гонорар талап етуде.
«Сондерс Головкинмен ешқашан жекпе-жек өткізбейді. Өйткені ол өте көп сомада қаржы талап етуде. Мысалы, Сондерс Дэниэл Джейкобспен рингте кездесуі үшін жеті миллион доллар сұраған. Осыдан-ақ ойлай беріңіз, ол Головкинмен шығу үшін қанша қаражат сұрағанын. Сондықтан, біз WBO белдігін ала алмаймыз. Головкиннің өзіне де дәл қазір бұл белдік аса қажет те емес. Головкиннің келесі қарсыласы кім болуы мүмкін деген сұраққа келсек, бізде бірнеше нұсқа бар. Олар: Мурата, Джейкобс, Чарло және Деревянченко. Сондай-ақ «Канеломен» қарымта кездесу өткізгіміз келеді. Бұл айқас біз үшін қаржылық жағынан емес, кім мықты анықтау үшін тиімді», дейді Санчес.
IBF талабы бойынша, Головкин алдағы 90 күннің ішінде украиналық Сергей Деревянченкомен жекпе-жекке шығуы тиіс. Егер Деревянченкомен жекпе-жекке шықпаса, IBF Головкиннен чемпиондық белбеуді қайтарып алатынын мәлімдеген. Мартиросянға қарсы жекпе-жектен соң Головкиннің командасы IBF ұйымынан белдікті қорғау мерзімін тағы да шегеруін сұраған. Бірақ IBF әлем чемпионы атағын қорғау үшін екінші рет жекпе-жекті кейінге шегермейтіні анық.
Головкиннің командасын алда өте маңызды таңдау күтіп тұр. Альварес, Сондерс немесе Деревянченко. Отандасымыздың промоутері Том Леффлердің айтуынша, Головкин енді күз мезгілінде жұдырықтасады және ол үшін өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын тиімді жол тауып беретінін айтты.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»