Қазақстан • 10 Мамыр, 2018

Сұрапыл соғыс сыны

2012 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Адамзат тарихында бұ­рын-соңды болып көр­меген қырғын соғыстың аяқ­талғанына да 73 жылдың жүзі болыпты. 

Сұрапыл соғыс сыны

Тарих ше­жі­ресінде Екінші дүние- жүзілік соғыс, ал бұрынғы Кеңес Одағының халқы үшін Ұлы Отан соғысы атан­ған сол бір сұрапыл жыл­дардың жылнамасын­да талай-талай қазақ жауын­герлерінің ерлік өнегесі көмес­кіленіп жатыр де­сеңізші. Солардың бірі – Ұлы Отан соғы­сының отты жылдарындағы барлық қиын­дықтарды бастан-аяқ кешкен Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының тумасы Қасен Әбілдиновтің майдан жолы.

Көзі тірісінде ағамыз соғыс туралы әңгіме басталса болды, бұл тақырыптан үнемі жалтарып кететін. Тіпті теледидардан соғыс туралы киноларды да қарамайтын. «Соғыс жылдарының сұмдығын сендер естімей-ақ қойыңдар, қиын­дығын көрмей-ақ қойың­дар», деп азар да безер болатын. Бір киер костюмінің кеу­десі ордендер мен медаль­дарға толы ағамыздың соғыс туралы естелік айтудан неге қашқақтайтынын түсінбеу­ші едік. Сөйтсек адам төзбес ауырт­­­палықтарды басынан өт­керген соғыс солдаты сол жыл­дардың сұмдығын қай­талап еске алуға да жүрексінеді екен ғой.

Ата-анасынан жастай айы­рылған Қасен Әбілдинов жас­тық шағын жер-жерлерде Кеңес өкіметі құрған жетім бала­лар үйінде өткізіпті. Бұға­насы бекіп, өз қолы өз аузына жете бастаған кезде оны бала­лар үйінің әкімшілігі ФЗО-ға (фабрично-заводское обуче­ние) жібереді. Осы оқу орнын бітіргеннен кейін елге ора­лып, Ақмола депосында ма­шинистің көмекшісі болып ең­бекке араласады. Бірақ еңбек жо­лын бастағанына жылға тол­май жатып, соғыс басталып майданға аттанады. Бір топ қазақ жастары бір-екі ай соғыс өнерін үйреніп, Батыс Украи­на майданының қанды қыр­ғынына қосылады. Өмір мен өлімнің арасында арпалыса жүріп ол әскери өмірдің қиындығына да төселеді. 1942 жылы ауыр шайқас кезінде бір қолынан жараланып, далалық госпитальда емделеді.

Госпитальдан емделіп шық­қан Қасен Әбилдиновті оқ пен оттың дәмін татқан тәжіри­белі жауынгер ре­тінде сер­жант атағын беріп, қайта­дан қыр­ғын шайқастарға салады. 1943 жылы ол үлкен әске­ри парадқа қатысып, дивизия командирінің алғыс хатын алады. Сөйтіп шыбын жанын шүберекке түйген қазақ жауынгері КСРО шекарасын азат етіп, Еуропа топырағына табан тірейді.

1944 жылдың күз айларында жеңіс жолдарымен жау ордасына екпіндей жыл­жы­ған Кеңес әскері фа­шистердің қатты қарсы­лығына тап болады. Сол жылдың қараша айында бірнеше тәулікке созылған шайқаста талай жауынгер опат болады. Міне, осындай бір сұрапыл шайқас кезінде дәл жанынан жарылған снаряд Қасен Әбилдиновтің бір аяғын тізеден жоғары жұлып түседі. Кенингсберг әскери госпи­талінде  жатып Қасен ағамыз Ұлы Жеңісті қарсы алады.

Соғыстан кейін жалғыз аяқпен елге оралған жауынгер күйреген шаруа­шылықты қалпына келтіру ісіне белсене араласады. Құдай қосқан қосағы Сағат Тоқпанова екеуі 7 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсіреді. Сұрапыл соғыстың сынынан сүрінбей өткен жауынгердің ұрпақтары бүгінде оның өшпес ерлігін үлгі тұтады.

Мұратбек ОСПАНОВ

АСТАНА