Бұл отаның ерекшелігі өт жолдарындағы эхинококк құрттарын оқшаулаудың сиректігінде. Әлемдік деректерге сүйенсек, осы оқшаулаудың кездесу жиілігі біріншілікті эхинококкоздар арасында 0,13-0,48 пайызды құрайды. Қысқасы, науқастың өт жолын паразиттің хитинді қабықшалары бітеген. Отаның күрделілігіне қарамастан, өт жолдары және бауырдағы эхинококкозды алу әрекеті сәтті өтті.
Өт жолдарының күрделі эхинококкозды ауруы шетелдерде жиі кездескенімен, Қазақстанда мұндай патологияға шалдығу жағдайы өте сирек. Сондықтан ол сирек жасалатын ауыр да күрделі ота болып саналады. Мұндай күрделі ота аймақтарда жасалмайды.
Сонымен ауыр да күрделі операцияға облыстық балалар ауруханасының хирург-дәрігерлері де қатысты. Білікті де жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Педиатрия орталығының хирургия бойынша директор орынбасары Константин Хаиров қиын отаны жасай отырып әрі аймақтық дәрігерлермен тәжірибесімен бөлісті.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ