Медицина • 11 Мамыр, 2018

Ертегі кейіпкерлерін кейіптей білеміз бе?

11248 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда бесік жырын айтар ана, ертегі айтар әже, ақыл қосар қариялар аз. Олар­дың орнын көгілдір экран, ұялы те­лефондар, небір гаджеттер ал­мас­тырғалы қашан? Ал біз тал­­бесіктен талпынған балдырғанның әлбетте біреуге еліктеп өсе­тінін жақсы білеміз. 

Ертегі кейіпкерлерін кейіптей білеміз бе?

Шынды­ғына келер болсақ, қазіргі қазақ ба­ласы ұлтымыздың ежелден келе жатқан қиял-ғажайып ерте­гі кейіп­керлері орнына жаһан­ның жан-жағынан құйылып жат­қан ақпарат тасқынында батыс­тың «Марвел» сияқты амери­ка­лық комикс шығаратын ірі ком­па­нияларының ойдан құрас­тырған қаһармандарын пір тұ­тады. Өкініштісі, халық ауыз әде­биетіміздің ұлттық құндылықтарға толы мол мұралары оқылмайтын кітаптар тізімінің ішінде қалып барады. Қазіргі уақытта бала кі­тап оқуды азайтып, гаджеттерге жіпсіз байланған. Осы ретте ба­бадан балаға қалған құнды рухани қазынаны жас ұрпақтың қолындағы планшетке көшіру, ер­тегі мазмұнын білдіретін иллюс­трация арқылы ертегі кейіп­керлерінің кейпін нақты сомдап, оларды ойын, аудио, бейнекөрініс түрінде ұлттық идеяның ұтымды қазығына айналдыру бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі дер едік.

Жалпы, әлем бойынша балалардың ертегі кейіпкерлеріне қызығушылығы басым. Тіпті кейіпкер кескіні арқылы да балдырғанның ертегіге деген қызығушылығын оятуға болады. Айталық, Копенгагенде су перісі «Русалочкаға» қола мүсіннен ескерткіш орнатылған. Ғасырға жуық тарихы бар ертегі кейіпкерінің мүсінін Эдвард Эрик­сен қашап шыққан. Нәтижесінде, аталған белгі Дания елінің ұлттық нышандарының біріне айналған. Оны тамашалау үшін балалар түгіл мыңдаған турист пен қала қонақтары жағалауға барып, ертегіні еске түсіреді. 

Сол кездің өзінде ертегінің атасы Ганс Христиан Андерсен шы­ғар­масының кейіпкерін «Carls­berg» сыра қайнату бизнесінің негізін қалаған кәсіпкердің ұлы Карл Якобсен қолөнер шебері Эдвард Эриксенге мүсін жасауға шұғыл тапсырыс береді. Бүгінде жүз жылдан бері тұрған бір ғана мүсін тұтас мәдениеттің тұ­ғы­рындай таңданушыларын тамсандыру үстінде. Ең бастысы, елеусіз ғана ескерткіш арқылы есте жоқ ескі ертегі кейіпкерінің мәңгілік бейнесі қалыптасты.

Бұл тұрғыда осы уақытқа дейін ертегілеріміздегі не­гіз­­гі кейіп­керлер бейне­ле­рі мен образ­дары­ның қа­лып­­таспауы кө­ңіл­ге қаяу түсі­ре­ді. Дәл осындай жағ­­дай орыс халқында да болға­нын білеміз. Бірақ көрші ел осыдан 100 жылдай бұ­рын өздерінің атақты сурет­шісі Виктор Вас­­нецов қыл­қаламы арқылы орыс хал­қының ертегілеріндегі негізгі кейіпкерлердің образдарын бейнелеу туындыларына айналдырды. Сол суретшінің арқасында орыстың киім үлгісі, ою-өрнегі, «Три богатыря», «Аленушка», «Ива­нуш­ка дурачок», «Избушка на курьиних ножках», «Иван Царьевич» секілді ерте­гі­ле­рінің кейіпкерлері халыққа ке­ңінен танымал болды. Одан кейін Ресейдің жоғары өнер оқу орындарында кітаптарды суретпен безендіруді оқыта­тын арнайы факультеттер ашы­лып, балаларға арналған кітап­тарды безендіруге көпте­ген мамандар даярланған.

Бұл туралы экс-министр Жақ­сыбек Құлекеев бір сұх­ба­тын­да қазір кітап дүкен­деріне баратын болсаңыз, жақ­сы өрнектелген қазақша ер­тегі кітаптардың өте аз еке­­нін айтады. «Әрине бас­қа тіл­дерден аударылған ер­тегі­лер жетерлік. Өкінішке қа­рай біздің халық ертегі­лері көркемделіп әлі бас­падан шықпай жатыр, сон­дықтан балаларымыз бас­қа халықтардың жақсы өрнек­телген ертегі кітаптарын көбі­рек оқиды. Осы жағдайды ес­тен шығармаған жөн. Егер біздің балаларымыз өз хал­қы­мыздың ертегілерімен су­­сындап өспесе, онда олар қа­лай қазақ болады? Бізде бұл салада әлі де жақсы ма­ман­дар жетіспейді. Қазақ сурет­шілерінің ішінен біз­дің ертегілеріміздегі кейіп­керлердің образын әлі еш­кім нақты шығарған жоқ, сон­дықтан бұл жағдай көп нәрсеге тосқауыл болып отыр. Осы мәселені мемлекеттік тапсырыспен іске асырса, онда жаңа үлгідегі көптеген кі­таптар шығар еді», дейді Ж.Құлекеев.

Жалпы, мемлекеттік тіл­ді дамыту институтының мәлі­меттеріне сүйенсек, қазақ фоль­клорында кездесетін кейіп­керлердің жалпы саны 400-ге жуық көрінеді. Оның ішін­де мифтік кейіпкерлер, ертегі кейіпкерлері, аңыз әң­гіме кейіпкерлері, батырлар жырындағы кейіпкерлер деп бөліп көрсетсе болады. Институт осыдан бірер жыл бұрын фольклор кейіп­керлерін біріздендіру жобасы аясында мифтік кейіп­керлердің мәтіндік сипаты мен олардың суреті бей­не­ленген «Қазақтың миф­тік кейіпкерлері» атты жа­ңа жинақтың жарыққа шық­қанын хабарлаған болатын. Бұл кітапта 41 мифтік кейіпкердің суреті мен сипаттамасы берілген. Әсіресе балаларға өте қызықты Жел­аяқ, Көлтауысарлардың бей­не­лері өте сәтті шыққан. Кітап­ты парақтап отырып, қазақ фольклорында кездесетін керемет кейіпкерлерді көр­генде шетелдің кез келген су­перкейіпкерінен біздің бір ғана Таусоғарымыздың өзі-ақ асып түсетініне сенесің. 

Аталған кітапты шығаруға мұрындық болған филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбектің пі­кірінше, тәрбие белгілі бір идеалға сүйеніп жүргізіледі. Ол нақты бір кезеңде мәдени-әлеуметтік ортада өмір сүре­тін адамның образы болуы тиіс. 

– Ақпараттар тасқыны ар­­қылы жас ұрпақ санасына сіңіп жатқан шетелдік жасанды кейіпкерлерге қарағанда, тәрбиелік мәні зор өзіміздің ұлттық кейіпкерлерді идеалға айналдыру дұрыс. Бабалар сөзін бала санасына жеткізу үшін ертегі қаһармандарын жастар күнде қолданатын электронды құралдарға ен­гізу – бүгінгі басты міндет. Бе­рісі ер­те­гінің сюжеттерін мони­тордан көретіндей етіп аудиожинақтар шығару, ар­ғысы қазақ ертегілері желі­сімен мультфильмдер жасау – бүгінгі кезек күттірмес мәсе­ленің бірі. Ең бастысы, ертегінің кейіпкері мульт­фильмде де, ертегі кітаптарда да, ойыншық-фигураларда да, оқулықтарда да бір кейіп­те, бір образда болуы керек. Яғни, әр кейіпкердің пор­тре­ті жасалуы керек. Олар­ды оқу­лық, жинақ, мульт­фильм тү­рінде шығаратын шығар­машылық топтар осы прототиптен ауытқымауы керек. Сонда қазақ баласы ұлттық кейіпкерлерін қайда көрсе де жазбай танитын болады. Жоғарыдағы жұмысты қолға алудағы басты мақсатымыз осы, – дейді ғалым.

Б.Қапалбектің айтуы бо­йынша, осы мақсатта қылқа­лам шеберлері арасында бай­қау жарияланған. Олардың зерт­­теуіне сүйенсек, кітаптар мен мультфильмдерде бір ға­на Алдаркөсенің жетпіс түр­лі бейнесі кездеседі. Осы­ған байланысты филологтер мен тео­лог мамандар фоль­­клор­лық кейіпкерлердің түр­-сипаты нақты қандай бо­луы тиіс екенін бекітіп, суретшілерге Таусоғар, Сақ­құлақ, Көлтауы­сар сынды 34 об­разды ұсын­ған. Сондай-ақ бұл кітап ин­новациялық технологиялар кө­мегімен бүл­діршіндерге ани­мациялық өнім дайындайтын мекемелерге тегін таратылған. Шынымен де бала қай оқу­лықта Ертөстік екенін, қай оқу­лықта Желаяқ, Таусоғар екенін білмей дал болуда. Оның астына мәтінмен жазып қоймаса, бала оны білмейді. Есесіне  бала шетелден келген кейіпкерлердің образдарын жақсы таниды. 

Ендігі мәселе «Қазақтың миф­­­­­тік кейіпкерлері» кіта­бы­нан бөлек, батырлар жыры бо­йын­ша Алпамыс батыр, Гүл­­­баршын, Қаракөзайым, Бай­шұбар, Қараман, Тайшық хан, сондай-ақ лиро-эпостық жырлар бойынша Қозы Көр­пеш-Баян сұлу, Ер Тарғын, Ләй­лі-Мәжнүн сияқты, тари­хи жырлардан Едіге, Ер Са­йын батырлардың тұл­ғала­ры біріз­дендірілуі керек. Олар­дың мәтіндік сипаттамалары дайын. Енді тек оларды сурет­ші­лерге бе­ріп, бейнелерін сом­­дат­са­ жеткілікті. Әрине жақ­­­сы­ суретшілерге жақсы қа­лам­а­қы қажет. Осы тұрғыда Елба­сының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы бойынша ұлт ру­­ханиятына демеуші болатын зер­­делі азаматтарды бұл іске көп­­­теп тартуды ойластырған жөн. 

Жоғарыда аталған кітапты құрас­тырушылар халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің пор­треттерін біріздендіру мәсе­лесінің тарихын ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның бір ғасыр бұрын жазған «Қара қып­шақ Қобыланды» деген сын мақаласынан бас­та­латындығын айтады. Ә.Бөкей­хан аталған мақа­лада «Кітап бетіндегі сурет­те Қобылекең бір нашар бақалшы болып салынған. Қазақта мақал бар: «Ат ерінді, ер мұрынды ке­леді» деген. Суреттегі Қо­бы­ланды батыр мұрнынан айы­рылып, пұштиып тұр. Орыс­тың үш батырын сал­ған Васнецов шебердің кар­тинасы бар. Бұл ашық хат­тың сыртына басылып, 5 тиын­ға сатылады. Осы орыс батырлардың суреттеріне қа­ра­сақ, Қобыланды батырға мін­гізген боз айғыр Добрина Никитичтікі. Қобыланды батыр өзі Алеша Попович, күн салып қарауы Илья Муромец көрінеді. Бұл менің жоруым рас болса, «Қобыландыны» басқан басқарма адасқан. Бұл ұят. Мұны мәдени жұрттарда ұрлық дейді. Кітапты қайта басқанда Қобыланды батыр­дың өзінің суретін де, аты­ның суретін де жырдағы жа­зуға дәл қылып беру керек. Тайбурылды тяжеловоз ай­ғыр­ға айырбастағанға қазақ көзі ұялады», деп жазады.

Ал қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі, Білім бе­ру ісінің үздігі Болат Тә­ңір­бергенұлының пікіріне сүйенсек, шетелдік «Өрмекші адам» мен Ер Төстікті мүлдем салыстыруға келмейді. Себебі америкалық кейіпкерлердің көбі ойдан құрастырылған. Оны бір ғана компания жасап шығарды. Былайша айтқанда, нарыққа өздерінің бренді ре­тінде ұсынды. «Біздің Ер Тө­с­тік, Алпамыстарымыз ха­лық жадынан жаралған аңыз-тұлғалар. Оларды біріз­ден­діру қиын. Біріздендірсе де мықты компания қолға алуы қажет болады. Шын­ды­­ғында шетелдіктер өз­дерінің бай ауыз әдебиеті бол­мағандықтан жасан­ды кейіпкерлерді ойлап шығарды. Біз оларды бірізденген өміршең кейіп­керлер деп ойлаймыз», дейді жоғары санатты ұстаз. 
Ақыры қазақ ертегілерін қарық қылып оқыта алмайды екенбіз, балаларға жан-жақты таныстырып, қиял-ға­жайып ертегі кейіпкерлерін компьютерлік ойындарға ай­­­нал­дыра алмайды екенбіз, тым болмаса еліміздің облыс орталықтарының көрнек­ті орындарында ертегі кейіп­керлерінің мүсінін орнатуды қолға алған жөн. Мысалы, «Ғажайыптар елінен келген қыз» атты белгілі ағылшын ертегісіндегі Алиса бейнесі Нью-Йорктегі саябақта 1959 жылы орнатылған. Жазу­шы әрі математик Льюис Кэр­роллдың кейіпкері мүсінші Хосе де Крифтдың арқасында жұрт назарын аудартты. Мұ­ны Джордж Делакорт есімді азамат балаларға тарту еткен. 

Ресейдің Мәскеу маңын­дағы Раменское қалашығында жазушы Эдуард Успенский шығар­маларына арқау бол­ған Чебурашка мен Гена­ға 2005 жылы мүсін тұр­ғызылды. Тіпті осы қалада ел сүйіспеншілігіне бөлен­ген «Винни Пух и все-все-все», «Каникулы в Прос­­то­ква­шино», «Ну, погоди!» се­кіл­ді мультфильм арқылы та­ныс кейіпкерлерге мүсін қойыл­­ған. 

Демек бала тәрбиесімен бүгінде «Балапан» телеарнасы немесе бес-алты кітап айналыса алмасы анық. Осыдан он шақты жыл бұрын белгілі өнер жұлдыздары Қыдырәлі мен Қарақат «Вalbala» ком­па­ниясын құрып, Қазақ­стан­дағы ең алғашқы қазақ ті­лін­де сөйлейтін, ән салып, би би­лей­тін интерактивті ойын­шықтарды өндіріп, на­­рыққа енгізді. Кез келген қоғамның орнықты да­муының кепілі өскелең ұрпақ тәрбиесі дей­тін болсақ, бала бойында өз жеріне, туған тіліне, ұлт­тық мәдениетіне деген ма­­хаб­баты мен құр­метін қалып­тас­­тырудың аса маңызды жолы сапалы ойын­шықтар өндіру. Аталған ком­панияның мәліметтеріне қарасақ, қазіргі уақытта елі­мізге 47 мемлекеттен ойыншықтар әкелінеді екен. Осыны ескере келе, олар заманауи инновация талаптарына сай, мазмұны мен түрі қазақы, ұлттық үлгідегі балалар ойыншықтарын және «Вalbala» оқу-әдіс­темелік кешенін жасап шы­ғарды. Алайда бір ғана «Вalbala» еліміздің өскелең ұрпағының сұранысын толық қанағаттандыра алмай­тыны белгілі. Сондықтан ал­ды­мен кітапта сипаттамасы бар батырларды, би­лер­ді, шешендерді, сәй­гү­лік тұл­пар­ларды оқыта оты­рып, оларды баланың электронды оқулығына, мульт­фильм­­деріне, жарнама­лық ақ­параттарға, жас балалар құ­райтын мозаикаларға, стикерлерге, көшедегі мүсін­дерге көшірсек, алдымен кейіп­керлерді жазбай танитын ұр­пақ өседі, кейін ол ұрпақ өзі су­сындаған ертегілердің идеясымен ұлт­қа қажетті ұлағатты буын қалыптастырар еді. Әйт­песе батыстың идеологтері қолдан, ойдан шығарған бас­­тары үшбұрышты, төрт­бұрышты жасанды құбы­жық кейіпкерлері (Спанч Боб, Патрик сынды түсініксіз тұл­ғалар) балаларымыздың са­насын улап, ата-бабамыз қалдырған мол мұра күресінде қалуы әбден мүмкін.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»