Жас ұрпаққа арналған мерекелік шара осымен екінші жыл өткізіліп отыр. «Жас ұлан» ұйымының мақсаты: өскелең ұрпақты патриоттыққа, білім мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлыққа, Отан тарихына, тәуелсіз Қазақ елінің бүгіні мен болашағына деген жауапкершілікке тәрбиелеу.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылған атаулы күн биыл елорданың 20 жылдық мерейтойына орай «Асқақтаған Астанам!» тақырыбымен өтті.
Ауқымды шараның барысында «Жас ұланның» қатарына жаңа мүшелер алынып, олар ант қабылдады. Көпшілік мерекелік концертпен қатар, жас өнертапқыштардың көрмесін, спорттық жарыстарды тамашалады.
«Жас ұланның» міндеті – қазақ халқының тілін, мәдениетін, тарихын білу негізінде өскелең жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілікті қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдердің азаматтық белсенділігі мен саналылығын арттыру, танымдық жұмыстарды ынталандыру, балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік дамуы үшін жағдай жасау, жауапкершілік пен еңбексүйгіштікті қалыптастыруға, көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға бағытталған шаралар екенін ескерсек, атаулы күн де осы мақсатты көздеген игі шараларға толы болды. Салтанаттарға еліміздің дамуына үлес қосқан, өскелең ұрпаққа көрсетер үлгісі, айтар ақылы мол тұлғалар, үздік отбасылар, құрметті азаматтар арнайы қатысты.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ