Торғай өңіріндегі өнерлі отбасында дүние есігін ашқалы бері өмірім ән-күймен әлдиленіп келе жатқан секілді. Әрине, менің мұндай рухани әлемнің сара жолына түсуіме, біріншіден, өздері де халық арасынан шыққан өнерпаздар – әке-шешемнің құлағыма бесік жырымен сіңірген өнеге-тәрбиесі болса, екіншіден, Жангелдин орта мектебінің ән-күй пәнінің мұғалімі Тайшық Сыздықов ағаның ықпалы зор болды деп есептеймін.
Кешегісіз бүгін жоқ. Есіме ізденіс жолдарым еріксіз түседі. Республикалық эстрада-цирк студиясынан кейін Мәскеу гуманитарлық университетін тәмамдап, елімізде тұңғыш құрылған “Шертер” фольклорлық- этногафиялық ансамблінде әнші болып он екі мемлекетте өнер көрсетіппін. Өмірдегі, өнердегі жолдасым Сайлаубек Ордабаевпен бірге өткізген қызықты да мағыналы өмірімді еске қалай алмаспын. Ол – мінезге бай керемет адам еді, маңмаңгер әнші болатын. Отыз бір жыл қызықты ғұмыр кештік, халқымызға бойымыздағы талант-қарымымызды қалтқысыз арнай білік.
Еңбектің еленгеніне не жетсін? Мәскеу қаласында өткен Жастар мен студенттердің бүкілдүниежүзілік ХІІ фестиваліне қатысып, лауреат атандым. Содан бергі үздіксіз толғаныс пен ізденіске толы шығармашылық кезең соны биіктерге бастай беруімен тағылымды екен. Міне, Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының директоры болғаныма да сегіз жылдың жүзі толыпты.
Театр – бұл менің баға жетпес барым да, өмірімдегі теңдессіз бағым да, ол менің әсерлендіргіш махаббатым да. Мен үшін осы театрдың түрленгені, гүлденгені бақыт әрі мерей. Мұнда негізінен дарынды жастар топтасқан. Торғай өңіріндегі біз үшінші кенже театрмыз. Бұлай дейтінім, облысымыздың екі рет жабылуына байланысты екі театрдың екі облысқа көшірілгені мәлім. 1972 жылы Торғайда шаңырақ көтерген С. Қожамқұлов атындағы сазды драма театр бүгінде Жезқазғанда. Ал 1992 жылы ашылған сол кездегі А. Байтұрсынов атындағы театр қазір Қостанайдағы І. Омаров атындағы театрға қосылып, көрермендерін өнермен сусындатуда. Сонымен, Арқалықта қайтадан өсіп, өркендеп тамыр жайған біздің қалалық театр енді ел сеніміне ие болып, бүгіндері облыстық деңгейде халыққа қызмет етуде. Бұған да тәубе дейміз.
Қазір еліміз театрларында режиссерлер жеткіліксіздігі байқалады. Біз мұндай қиындықтан шығуға бейімделіп алдық. Мәселен, жас та болса бас бола білген Әлия Садықова тосын шешімді бірнеше қойылымдарымен ерекшеленген еді. Қазір ол қалалық мәдениет сарайының директоры болып істейді.
Жыл сайын үлкен театрлардан режиссерлер шақырып, тұшымды спектакльдер қою мүмкіндігін пайдаланудамыз. Мәселен, “Тарлан” сыйлығының лауреты, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Жанат Хажиев қойған Ғ. Мүсіреповтің “Қыз-Жібегі”, Қазақстанның халық әртісі Досжан Жанботаевтың “Таланған тағдыры”, Ғ. Арыновтың қойған М. Әуезовтің “Бәйбіше, тоқалы”, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Т. Рақишева мен С.Қарабалин қойған Т. Нұрмағанбетовтің “Бес бойдаққа бір тойы”, Т. Теменов пен С.Сматаевтың “Көгілдір такси”, С. Қасымбектің “Аялашы мені... аялашы” қойылымдары жалпақ жұртқа театр әртістерінің кең мүмкіндіктерін ашып беруге ықпал еткен еді.
Шыңдалу, шынығусыз көрермендер талғамынан шығу әсте мүмкін емес. Бұл ретте талай республикалық, облыстық деңгейдегі театрлар фестиваліне қатысып, бірнеше рет олжа алып қайтқанымыз көңілге медет. Петропавлдық, қостанайлық, астаналық, көкшетаулық көрермендердің талқысына салынған қойылымдарымыз жоғары бағаланғанын әрдайым мақтан етеміз. Өйткені, осы өңірлік театр фестивальдеріне кілең ығай мен сығайлар қатысып, күш сынасқан болатын. Мұндайда тұтас театр намысы қорғалуы өз алдына, жекелеген актерлер де оза шауып бәйгелерге іліккен болатын. Мысалы, Орынбасар Қойбағаров, Бөлтірік Молдашев, Нұрғали Оразбек секілді тарландарымыз ерекше көзге түсті. Бұл да болса жалпы өсуіміздің нышаны болса керек.
Театр тірегі – әртістер десек, Р.Байкөбен, К.Ахметова, Б.Ордабаева, Г.Қойшығұлова, Е.Барақов, Қ.Әбдібеков, О.Нұрғали, О.Қойбағаров, Ә.Манетов, Б.Молдашев сияқты көрермендер ықыласына бөленіп жүргендерден әлі де мол үміт күтеміз. Алматының Т.Жүргенов атындағы өнер институтын бітірген Талған Бектің аяқ алысы да қуантады. Ал арнайы шақыртумен келіп, театр ұжымына дәріс оқитын еліміздің белгілі актерлерінен үйреніп-біліп, тәжірибе жинақтау үрдісі одан әрі жалғасын табуда.
Қостанай облысының әкімі С.В.Кулагин мен облыстық мәдениет басқармасының бастығы С.Б.Бөрібаеваның театрға деген қамқорлығын әрдайым сезініп келеміз. Ұжымға арнайы автобус бөліп, ғимаратты жеңіл жөндеуден өткізді. Облыс орталығына барып өнер көрсетуге мүмкіндік туғызды. Ал олардың күрделі жөндеуге көмектесеміз деген уәдесі де бізді бір серпілтіп тастады. Қанаттанып жүрміз қазір.
Биылғы жылы Астана, Алматы қалаларының өнер оқу орындарын бітірген бірнеше жастарды театрға шақырып отырмыз. Қала әкімі Теміржан Төлеубаев біздің бұл бастамамызды қолдап, қуаттап отыр. Үй-жайдан көмектескісі бар. Ол кісінің әкімдік аппаратын ертіп келіп, әрбір жаңа премьераны тамашалауға уақыт тауып жүргені бізді тың ізденістерге ынталандыра түсуде. Осындай абзал қасиет ұлтымыздың дара тұлғасы Өзбекәлі Жәнібеков ағамызға тән болатын.
Биыл театрымыздың он жылдығын атап өтпекпіз. Осы мерейлі датаға орай Қазақстанның біраз қалаларын аралап, өнерімізді паш етсек деген ойымыз бар. Сондай-ақ, біздің ұжымның елімізге белгілі торғайлық ақын-жазушылардың шығармашылығын арқау еткен театрландырылған көріністер жасауы да талғампаз көрермендердің ықыласын оятты. Мәселен, Т.Әбдік, Қ.Сәрсекеев, С.Досанов, С.Тұрғынбеков, Н. Мұқатов, Қ. Әбіл шығармашылығы әр қырынан насихатталды. Келешекте де авторлары қатыстырылатын мұндай кездесулерді жүйелі түрде өткізбекпіз.
Қазір театрдың бас режиссері Айгүл Баяділова үлкен шығармашылық ізденіс үстінде. Оның өнер әлемін өзіндік көруі мен түйсінуі, жаңаша трактовкасы, этнографиялық пайымдауы өзі қойған қойылымдардан айқын сезіледі. Жастық жалынмен әрбір қойылымға жапырыла кірісіп кететін ұжымның зор талғамға сай биіктен көріне беретініне сенім мол.
Отаркүл МҰҚАТОВА, Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының директоры, ҚР мәдениет қайраткеріҚостанай облысы.