Аймақтар • 11 Мамыр, 2018

Ақтөбеде әлеуметтік мәселелерге арналған халықаралық форум өтті

215 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Үндеуінде көрсетілген бес әлеуметтік бастама бүгінде әлемдік сарапшылар мен мүдделі халықаралық ұйымдардың назарын өзіне аударып отыр. Түптей келгенде әлемдегі әр ел өздеріндегі жинақталып, қордаланып қалған әлеуметтік түйіндерді шешу жолдарын дербес өздері қарастыруы тиіс дей тұрсақ та, қазіргі кезде бұл жайт ғаламдық және халықаралық сипат ала бастағаны да ешқандай талас туғызбайды.

Ақтөбеде әлеуметтік мәселелерге арналған халықаралық форум өтті

Осы орайда өткен аптада Ақтөбеде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасы бойынша өткізілген халықаралық форум алға қойылған мақсатты орындап шықты деуге болады. Оған әлемнің әр түпкірінен мыңнан астам сарапшылар қатысты.  Бұл ретте оның географиясының кеңдігі мен ауқымдылығы, таяу және алыс шет елдердегі мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің және үкіметтік емес ұйымдар қаауымдастығының бастарын қосуға түрткі болғаны – форумның басты артықшылығы болды. Форумда Қазақстан Израиль, Түркия, Польша, Грузия және Қырғызстан елдерінен келген әлеуметтік саланың жанашырлары ұтымды ұсыныстары мен көңілге қонымды ой-пікірлерін ортаға салды.

Халықаралық форумның ашылуында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау миниcтрі М.Е.Әбілқасымова сөз сөйледі. Сондай-ақ форумда әлеуметтік проблемалардың шешімін оң шешімін табуына септігі мен көмегін тигізе алатын кәсіпкерліктің жаңа бағыттары мен жолдарын іздестіру және оны әлемдік трендтердің тасқынына сәйкестендіру әрі әлемдегі елдерге ортақ халықаралық тәжірибені одан әрі байыта түсу жөнінде құнды ой-пікірлер айтылды.

Ақтөбе аймағында жыл сайын әлеуметтік кәсіпкерлік нысандар мен мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында бой көтерген сәнді де сәулетті әлеуметтік құрылыстар кеңінен қанат жайып келеді. Оның үстіне биылғы жылы өңірдегі атқарушы органдар мен бизнес және кәсіпкерлік құрылымдар өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар ҮЕҰ қауымдастығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, әлеуметтік мәселелерді шешу мен реттеу ісіне жаңа серпін беруге бір кісідей жұмылған. Мұның ішінде биыл іске асатын «Аналарға тағзым» және «Бақытты бала» жобаларының шоқтығы биік тұрғаны да өзге бір әңгіменің сыбағасы. Бір сөзбен айтқанда облыста халықраралық форумға қатысушылар назар аудара алатындай оң мысалдар мол, әрі үйренуге тұратындай үрдістер де жеткілікті. Осы орайда өңірдегі аталған нысандарды таныстыру рәсімі және семнарлар мен жаңа форматтағы шеберлік кластары өткізілгені –халықаралық сипаттағы басқосудың мазмұнын одан әрі көтеріп, пішінін түрлендіре түскені анық. Екі күнге созылған халықаралық форумның қорытындысында тиісті қарар қабылданып, бірқатар меморандумдарға қол қойылды.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

 Ақтөбе