Суретті түсірген Ерлан ОМАР
Жеңсік ас жеткілікті ме?
Осындай жайттарды ескерген Елбасы Н.Назарбаев 2008 жылы Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдеріне, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министріне Астананың азық-түлік белдеуін құруды атап тапсырған болатын. Бүгінде елорданы тиісті азық-түлік түрлерімен қамту шаһарды дамытудағы басты бағыттардың бірі ретінде қарастырылады.
Таяуда ғана Президент Н.Назарбаев елорданы одан әрі дамыту барысы талқыланған жиында Премьер-Министрдің орынбасарлары Ерболат Досаев пен Өмірзақ Шөкеевке азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді кезекті мәрте тапсырғаны есімізде.
«Нағыз тәуелсіз мемлекет – өзін азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ете алатын мемлекет. Біз ауыл шаруашылығы дамыған елміз. Соған қарамастан әлі күнге дейін өзімізде бар ет, шұжық, көкөніс, жеміс-жидекті шетелден әкелеміз. Оның бәрін 100 пайыз қамту қиын екенін түсінемін, бірақ жұмысты дұрыс ұйымдастыру керек», деген болатын Мемлекет басшысы.
Қазіргі таңда қала әкімдігі Елбасының тапсырмасын орындау мақсатындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жоба елорданың ғана емес, орталық және солтүстік аймақта қоныс тепкен халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал еткенін уақыттың өзі дәлелдеді деуге болады. Сонымен қалалық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған деректерге көз жіберіп көрейік. Бүгінде бас қаланың айналасын қоршай орналасқан азық-түлік белдеуінің аясында тамақ өнімдерін өндірумен және өңдеумен шұғылданатын мыңға тарта кәсіпорын жұмыс істейді екен.
Бас қаланың базарларының сөресіне ет, май, сүт, ұн тағамдары, өсімдік майы, көкөніс сынды әлеуметтік маңызы ерекше деген 33 түрлі тағам тұрақты түрде түсіп тұрады. Көкөніс пен жеміс-жидек негізінен Ақмола, Қарағанды облыстарынан жеткізіледі. Әрине бүгін мол өнімнің алдағы уақытта тапшы болып қалмайтынына ешкім кепілдік бермейді. Соны күні бұрын ескерген Астана әкімдігі қала маңында ауылшаруашылық өнімдерін өндірудің біртұтас жүйесін қалыптастыруды қолға алғанын атап өткен жөн.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрмановтың айтуынша, азық-түлік белдеуі қаланың жұмыртқа, қызылша, құс еті, картоп, қияр, томат, жылқы еті мен шошқа етіне деген сұранысын толық өтейді.
– Сүтпен, қышқыл сүт өнімдерімен, сары маймен, ірімшікпен қамтуға да әлеуеті жеткілікті. Қой еті, шұжық, қырыққабат, сәбіз сынды азықпен толық қамтуға да мүмкіндік бар. Ал балық, пияз, күнбағыс майын өндіру Астананың маңайындағы аймақтарда онша дамымаған, – дейді Р.Құрманов.
Азық-түлік белдеуі Астанаға отыздан астам тағам түрлерін жеткізуге қабілетті. Оны жүйелі түрде жүргізіп отыру үшін атқарылуға тиіс шаруа да шаш-етектен. Қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы бірінші кезекте Астананың айналасындағы фермерлерді өндіріске жұмылдыру керек деп санайды. Шындығында, ауылшаруашылық өнімдерін өткізетін нарық ретінде Астана өте тиімді. Әсіресе қалаға жақын орналасқан «Родина» агрофирмасы» ЖШС, «Ижевский» өндірістік кооперативі» ЖШС, «Астана МИАКРО» асыл тұқымды шаруашылығы» ЖШС сынды кәсіпорындардың айы оңынан туып тұр деуге болады. Күнделікті тұтынылатын тауар түрлерін айтпағанда, қоян еті, бөдененің еті мен жұмыртқасы сынды жеңсік асты да елорданың сауда орындарының сөресінен кезіктіруге болады.
Қашықтау орналасқан шаруашылықтар мен кәсіпорындардың өнімді тасымалдауға көп шығынданатынын, оларға ауа райының қолайсыздығы қосымша кедергі келтіретінін, азық-түлікті бұзбай сақтаудың қиындығын ескерер болсақ, өндірушілерге қосымша қолдау қажет. Осыған орай, азық-түлік белдеуіне «Арнайы экономикалық аймақ» мәртебесін беріп, бірқатар көмек түрлерімен қамту қарастырылып отыр.
Астана іргелес орналасқан Қарағанды, Ақмола облыстары үшін өнімдерін өткізетін ең ірі нарық саналады. Мәселен, бір ғана Ақмола облысында азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасының аясында жалпы құны 9,2 миллиард долларға бағаланған 11 жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыс шаруашылықтары елорданы ұнмен 100 пайыз, жұмыртқа және картоппен 52 пайыз, ет өнімдерімен 50 пайыз мөлшерінде қамтамасыз етуде.
Дегенмен, қала әкімі Әсет Исекешев атқандай, Ақмола облысында игерілмей жатқан бос жерлер әлі де жеткілікті. Отандық және шетелдік инвесторлар қаражат құйса, бұл жерлерді азық-түлік өндірісін дамытуға пайдалануға болар еді. Бірлескен логистикалық орталықтар, ірі қоймалар, жылыжай шаруашылықтарын, басқа да пайдалы өндірістер құру елорданы азық-түлікпен қамтуға ғана емес, жалпы дамуына да тың серпін берері сөзсіз.
Қойма көптік етпейді
Жылдың төрт мезгілінде Астананы көкөніспен, жеміс-жидекпен қамтамасыз ету үшін қалада «Астана Агро» ЖШС, «Астана-Агро-АА» ЖШС, «АгроНива» ЖШС, «Картоп және көкөніс» ЖШС, «Arul communication» ЖШС, «Целинсельмаш» ЖШС сынды бас-аяғы 8 қойма салынған. Сегіз қойманың жалпы сыйымдылығы 45 мың тоннаға жуықтайды. Шамамен алғанда қала нарығында сатылатын жемістің – 40 пайызы, көкөністің 20 пайызы осы қоймалардан алынады екен. Қала ұлғайған сайын қоймаға деген қажеттілік те артып келеді. Осыған орай Астана әкімдігі жалпы сақтау көлемі 35 мың тоннаға жетеғабыл тағы 9 қойманың құрылысын жүзеге асырып жатыр.
Астанаға жыл сайын 1800 тонна көкөніс пен жеміс-жидек беріп отырған «АстанаЭкоСтандарт» жылыжайын заманауи талаптарға сай кешен десек қателеспейміз. Интеллектуалды басқару жүйесімен жабдықталған, үш гектар аумақты алып жатқан жылыжай жылдың төрт мезгілінде қалаға қияр мен қызанақтың түрлі сұрыптарын жібереді. Жылыжайдың бас агрономы Людмила Тельтаева:
– Біз голландиялық тұқымнан қияр мен қызанақ түрлерін гидропоника әдісімен өсіреміз. Осы әдіспен өсірілген көкөністер экологиялық жағынан таза болады әрі өсімдіктер тез өседі, – дейді.
Әрине жыл сайын қанат жайып келе жатқан қалаға жылыжай мен қойма көптік етпейді. Сол себепті жылдық өнімі 4850 тоннаға жететін тағы екі жылыжай салынып жатыр. Бұл екі жылыжайдың құрылысы биыл аяқталып, келесі жылдан бастап өнім бере бастауға тиіс.
Жәрмеңке үзілмейтін жер
Өткен ғасыр басында Есілдің бойын ду-думанға бөлеген Қараөткел жәрмеңкесінің даңқы мен дақпырты бүгінге дейін жеткен. Қараөткел жәрмеңкесі қайта тірілмесе де, соның бір ұшқыны қазіргі елордада да байқалып тұрады. Бүгінде бас қалаға еліміздің басқа аймақтарынан, шет мемлекеттерден тамақ өнімдерін жеткізу жолға қойылған.
Күзге салым мал семіріп, жеміс-жидек пісіп, қамба астыққа толған тұста еліміздің барлық облыстарының Астанада ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін өткізетін дәстүр бар. Әр аптаның соңғы күндері өтетін жәрмеңкеде елордалықтар Оңтүстік Қазақстанның жеміс-жидегі мен көкөнісіне, Қызылорданың күрішіне, Жамбылдың қанты мен басқа да тауарларына, Атыраудың балығына қарық болады. Шығыстың балы мен өсімдік майы, Солтүстік Қазақстанның астығы мен ұн өнімдері, Қарағандының ет-майы, қымыз-шұбаты, басқа да облыстардың бетке ұстар бренд өнімдері Астанада базардағы бағадан біршама арзанға сатылады. Бұл бас қаланы азық-түлікпен уақтылы қамтып қана қоймай, бағаның төмендеуіне де айтарлықтай ықпал ететіні түсінікті.
Бұл шараның астаналықтарды арзан әрі сапалы азықпен қамтудан бөлек тағы бір тиімді тұсын айта кетейік. Жәрмеңкенің арқасында облыстардағы азық-түлік өндіруші кәсіпкерлер, шаруа қожалығы иелері өнімдерін Астананың нарығына ешқандай делдалсыз, өздеріне қолайлы бағамен жеткізуге мүмкіндік алып отыр. Яғни сұраныс пен ұсыныс бір-бірін адаспай тапты деген сөз.
Сөз басында айтып өткеніміздей, Астананың азық-түлік белдеуін құру әуел баста Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған жұмыс. Президент өз назарында ұстап отырған жобаның арқасында Астана халқының тамақтан тарыққан жері жоқ. Бұл жоба елорданың ғана емес, еліміздің бірталай өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берді. Ертеректе айтылған «Ташкент – тоқ қала» деген тұрақты тіркес есімізге оралып отыр. Себебі елдің кіндігіндегі, Елбасының назарындағы Астана да азық-түліктен таршылық көрмеген шаһарлардың бірі.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»