Қазақстан • 14 Мамыр, 2018

Шаш алу да бір өнер

2462 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шаш алу – біздің қоғамда елеусіздеу кәсіп, елеусіз болса да ар­найы мамандануды талап ­ететін өнер. Ал осы са­ла­ның білікті маманы болу үшін не істеу керек, қанша уақыт кетеді!? Ғалам­тордағы хабар­ламаларға көз жүгіртіп көрсек, бір-екі айда үйре­­тетіндер көп екен. Мәсе­лені нақ­ты, қа­йнаған орта­­сынан білмек болып, Астана­да жұмыс істеп жүрген шаштараздың бірі­мен әңгімелесіп көрдік.

Шаш алу да бір өнер

Суреттерді түсірген: Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»

Заңғар Мұсабекұлы Қытай елінде туып-өскен. Мектеп бітіргеннен кейін тарихи отаны Қазақстанға оралмақ болады. Алайда белгілі бір се­беп­терге байланысты бір жылға қалуға тура келеді. Міне, осы уақытта ауылында жұрт мақ­таған қытай шаштаразы бар екен, соның қасына екі ай шәкір­ті болып ілеседі. 

– «Ұстазы жақсының ұста­ны­мы жақсы» дейді ғой. Бәрі сол ұстазымның ақылымен бас­талды. Егер ол жөн көрсетпесе бұл салада жүруім екіталай еді. Сол кісінің айтуымен екі айдан кейін Құлжа қаласындағы «Фу Каң» деген шаштараз мектебінің филиалына құжат тапсырдым, – деп сабақтады әңгімесін Заңғар.

Мектептің ерекшелігі сол – қызметі жағынан біздегі сән салондары секілді. Ол жерге клиенттер келіп шашын алдырады, оларға түрлі қызметтер көр­сетіледі. Ал оқушылары мен ұс­таздары жатын орнымен, уа­қы­тылы ас-суымен қамта­ма­сыз етіледі. Оқуы тегін. Тіпті сол жерде жүріп, ақша табу­ға да болады. Қысқасы, шаш алатын мамандар үшін жағдай­дың бәрі жасалған. Басты талап – сабырлық таныту, бар зейі­нің­мен тыңдап, үйренуге ұмтылу.


                                                                                     (Фу Каңда оқып жүрген кезі)

– Ауылдағы ұстазымның қа­сында жүріп біраз нәрсені үй­рен­генмін. Енді тағы бірер ай осы мектепте оқысам нағыз маман болып шығамын деп ойлағанмын. Сөйтсем ол ойым бекер болып шықты. «Фу Каң­да» әрбір ұсақ нәрсеге үлкен көңіл бөледі екен. Сенесіз бе, бастапқы үш айда клиенттің басын жуып, кептіруді ғана үйретті. Ал келесі үш айымыз шаш бұйралайтын бигудиді қою­ға ғана кетті. Міне, осы уа­қыт ара­лығында сабырлық та­ныт­па­ған­дары оқуын тастап кетіп жатты, – деп есіне алды кейіпкеріміз.

Тағы бір ерекшелігі, әрбір кезеңді оқып бітірген сайын ар­найы емтихан тапсырады екен. Сынақ кезінде шашты дұ­рыс тарау, оның түсу салдары, шам­пуннің құрамындағы пай­далы, зиянды қосындылары секілді қарапайым сұрақтардан басталып, бигуди тектес түрлі құрыл­ғылардың жылдам әрі кәсіби түрде орнатылуына дейін тексеріледі. Ол – ол ма, тіпті химия, геометрия сабақ­тары­­нан да белгілі бір деңгей­де ем­тихан алынады. Неге десе­ңіз, геометрия шаштың тегіс алынуын, ал химия түрлі қоспа­лар­­дың нәтижесінде шығатын бояу­дың түсі және оның адам те­рісіне қаншалықты әсер бере­тінін үйретеді екен. Сынақ­тан сүрінбей өткендері келесі ке­зеңге жолдама алса, жал­қау­ла­нып, жүрдім-бардым қара­ған­дары үш ай қалып қайта оқиды.


(Фото: instagram.com)

– Бір қарағанда оңай жұмыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде әрбір кезеңнің өз қиындығы бар. Оқушылардың күнделікті тапсырмасы болады. Соны мұғаліміңнің көңілінен шығатындай, тап-тұйнақтай етіп орындағаннан кейін ғана клиенттердің басын жуып, кептіруге рұқсат. Ол үшін оқу­шыға белгілі бір көлемде ақша беріледі, – дейді Заңғар.

                       (Жұмыс барысынан көрініс)

Айта кетерлік тағы бір жайт, осы саланың бүге-шүгесіне дейін мән бергені сондайлық, тіпті клиентпен сөйлесіп, тілін табу­дың да жолдарын үйретеді екен. Себебі қаншалықты шебер бол­ғаныңмен келген адаммен жылы сөйлесе алмасаң, жұмыс ор­ның­ның беделіне нұқсан ке­л­е­ді. «Клиенттің ісі ылғи да дұрыс».

Заңғар кәсіби деңгейде шаш алу үшін үш жыл уақытын тек оқуға жұмсапты. Яғни шаштараз болу үшін үш жыл оқыған. Бәрін сәтті аяқ­тағаннан кейін, яғни 2013 жылы оқушыларды «Фу Каңның» Шан­хайдағы негізгі орталығына тә­­жі­рибеден өтуге жібереді. Ұстаздарының ойы­­­нан шыққаннан кейін ғана ше­бер дәрежесін иеленген екен. Сол жылдың қараша айында Қазақ­станға көшіп келеді.


(Фу Каңды бітіріп шыққаннан кейін алған сертификаты)

Заңғардың әңгімесін тыңдап отырып, мұндай жұмыстан «Фу Каңға» қандай пайда бар деген сұрақ туындады. Оқуы тегін, баспанасы, уақытылы тамағы бар. Одан қала берді клиенттің басын жуып, кептіріп бергені үшін ақша алады. Осы ойымды аңғарған Заңғар әңгімені өзі жалғай жөнелді.

– «Фу Каң» өте танымал салон. Сондықтан клиенттері де өте көп. Мысалға бір адам шашын алдырғаны үшін 20 юань төлесе, соның жеті юані шеберге, ал бір юані шашын жуған оқушыға беріледі. Ал қалғаны меке­меге тиесілі. Сондықтан ол жерде оқушылар тегін оқыған­мен, кәсіпорынның да есебі түгел, – дейді.

Заңғардың әңгімесінен ке­йін ғаламтордағы «бір-екі айда үйретеміз» деген хабар­ландырудың жарнамалық сипаты айқындала түскендей көрінді. Атам қазақ «дүние бір тиыннан құралады...» деген үлгі қалдырған. Сондықтан шаш алу кезінде де, оның саудасын жүргізу барысында да әрбір ұсақ нәрсе назарға алынса, «құда да риза, құдағи да риза». Бұны кәсіби шеберлік деп атаса керек.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»