Қазақстан • 14 Мамыр, 2018

Батырдың рухына құрмет көрсетілді

1717 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1916 жылғы қазақ жерін түгел дерлік қамтыған ұлт-азаттық көтеріліс көсемінің бірі Бекболат Әшекеев екендігі тарихтан белгілі. Иә, 1843  жылы алып Алатаудың Үшқоңыр  биігінің етегінде туған, жасынан сауатты, яғни арабша оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу, би болған, болыстық қызметтің де дәмін татқан, діндарлығы да бар ол Жетісу жеріндегі, атап айтқанда Үшқоңыр алқабындағы бас көтерудің батыл басшысы болды.

Батырдың рухына құрмет көрсетілді

Себебі, 1914 жылы патшалық Ресей де дүниежүзілік соғысқа кірген еді. Бұл алапат азапты  айқас барлық елге, оның ішін­де Қазақстанға да ауыр зардабын тигізді. Әсіресе 1916 жыл­ғы 25 маусымдағы армияның қара жұмысына 19 бен 43 жас ара­лығындағы қазақтарды алу туралы ақ патшаның жарлығынан соң, әр-әр жерде көтеріліс оты бұрқ ете қалды. Сол кездері Шүкітай ақынның:

Шамалғанның ауылым

жағасында,

Кім жетеді асылдың бағасына?

Ардақты аға сен едің,

ер Бекболат,

Тұлпар мініп, ел бастап

барасың ба! –

деп жырлағанындай, Бекболат батыр Жайылмыс болысындағы ел-жұртты тыл жұмыстарына адам бермеуге шақырып, патша жарлығын орындамауға үндейді, өзі сияқты қайыспай қарсы тұр­ған­дардың басында болады.

Алайда мұздай қаруланған жазалаушы отрядтың тегеурініне төтеп бере алмай, көтерілісшілер жеңіліс тауып, Бекболат бар­лық кінәні мойнына алып, өзі қолға түседі.1916 жылғы 7 қыр­күйекте Верный қалалық әске­ри гарнизонының соты оны өлім жазасына кесу туралы үкім шы­ғарады. Сөйтіп Боралдай асуында жұрттың көз алдында дарға асылады!..

Елін ойлаған есіл ер осылайша  көз жұмды. Ең соңғы демі біткенше өзін биік ұстады, жау алдында кешірім сұрап бүріспеді, бүгілмеді, ажалды қасқайып тұрып қарсы алды.

2000 жылы Хамза қажы Екей­баевтың және бүгінде жасы 99-ға толған соғыс ардагері Үсенбай Тастанбековтің бастамасымен 1 Май ауылына Бекболат есімі берілген. Ал жуырда осы елді мекенде ортасындағы гранит тұғырда батыр бейнесі бедерленген Бекболат Әшекеев атындағы саябақ ашылды.

Ол Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында әрі көпшіліктің ұсыныс-тілегін іске асыру мақсатында жүйелі жүзеге асқан, аудан әкімі Махаббат Бигелдиев бастаған, зиялы қауым қостаған, бүкіл қара­сайлықтарды қатты риза еткен өте игілікті жұ­мыс еді. Бұл үшін «Туған жерге туыңды тік» қоғамдық қоры (директоры Сағын­дық Жылқыбаев) құрылып, аудан жұртшылығы да өз үлесін қосқан-ды.

Ескерткіш лентасын облыс әкімінің  бірінші орынбасары Лаз­зат Тұрлашов, мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Бер­кімбаева, Елбасының сыныптасы Едіге Жүнісбеков, аудан әкімі Ма­хаббат Бигелдиев қиды. Ашық аспан  астында ақ дас­тарқан жайы­лып, құран оқыл­ды. Айтпақшы алдымен жинал­ғандар алдында белгілі жазушы Наға­шыбек Қа­палбеков Бекболат Әшекеев тура­лы маз­мұнды баяндама жасады.

Сонымен қазақтың қаһарман ұлының бірі, халық батырының рухына үлкен құрмет көрсетілді.

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист

Алматы облысы,

Қарасай ауданы

Суретті түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ