Тәрбие • 14 Мамыр, 2018

«Қалай келсең, солай кетесің!»

837 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бір күні көршінің үйінен келген апамыз үйге күрсіне кіріп, атамызға: «Әбден бекіп алыпты, кеткелі жатыр!», деді. Атам біраз отырды да асықпай қозғалды. Көрші үйге тартты. Апам үн-түнсіз қала берді. Біз баламыз, атамның ізінше әлгі үйге ентігіп кірдім. 

«Қалай келсең, солай кетесің!»

Көршінің әйелі жылап жүр. Киімдерін жинап жүр. Екі баласын киін­діріп қойыпты. Атам кіріп барғанда сәлем салған келіншек «Ата, айтпай-ақ қойыңыз, неге келгеніңізді түсіндім. Мен енді төзе алмаймын. Болды, қанша шыдадым. Өздеріңіз көріп-біліп отырсыздар, енді мені тоспаңыздар! Кетем дедім, кетем!», деп сумкасының аузы­н сыдырып жатыр. Сонда атам: «Е-е-е қарағым, жөн, жөн…» деп бі­раз отыр­ды да ке­ліншекке: «Қа­­ра­ғым, осы сен осы үйге келгенде нешеу едің?», деп сауал қойды. Келіншек жауа­п бергісі келмесе де, атамнан именіп: «Бір өзім…», деді. «Ендеше, қа­лай келсең, солай кетесің. Ан­дағы екеуін шешіндір, руы бөлек өзге әулетке жәу­теңдетпе! Мұнда да ел бар, аштан өлмейді, көштен қал­майды. Өз жұртының ішін­де өссін. Ата дәстүр солай», деп сөзін салмақтап аяқтады.

Сонда не болды дей­сіздер ғой, келіншек өкіріп жылап, екі баласын бас салды. «Мен бұларды тас­тап қайда кетем, ата! Бұлар менің қолқа-жүрегім ғой!..», деп киімдерін киіп томпиып тұрған екі баласын құшақтап отыра кетті. Жылап отырып екі баласын шешіндіре бас­тады. Атам «Алла разы болсын айналайын, Алла жарылқайды сені», деп бетін сипады да, шығып жүре берді…

Кейіннен бір отырыс­та қазір әже болған сол ке­ліншектің есіне сол оқи­ғаны түсірдім. Әлде­қашан дүниеден өтіп кеткен атама ризашылық айтып, «Сол екі баланы құшақтап отырған қалпымда қалып қойдым ғой, міне содан әлі отыр­мын» деп басын шай­қап-шайқап қойып мәз боп күледі. Қайда, бұл күнде екі баладан кейін тағы төрт бала тауып, отбасы ордаға айналып, үлкен әулет болған...

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»