– Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Орал қалалық білім беру бөлімі арнайы ереже бекітіп, сол ереже бойынша барлық қала мектептерінде ашық есік күндері өткізіліп жатыр. Тағы бір оқу жылы қорытындылар қарсаңда білім ордаларының жұмыс нәтижесіне, жас ұрпаққа қандай білім беріп жатқанына куә болып келеміз. Бүгін біз жұмысымен танысқан №47 мектепте де жақсы бастамалар көп екен. Алда тұрған білім сынағы – мемлекеттік аттестациядан түлектер өте жақсы өтсін! – дейді Орал қалалық білім бөлімінің өкілі Жазира Рысқазиева.
№47 мектеп – 2015 жылы қыркүйекте ашылған жаңа білім ордасы. 1200 оқушыға арналған ғимаратта қазірдің өзінде 2300-дей бала оқиды. Мектепті 2016 жылы – 45 түлек, 2017 жылы – 46 түлек бітірген. Ал биыл 69 оқушы бітіргелі отыр.
– Осы түлектердің өздері және ата-аналары бізге ұсыныс айтып, мектеп ауласына тал-терек егу үшін орын сұрады. Бұл керемет бастама ғой. Бұйырса мектеп ауласында түлектер аллеясын жасап, тынымбаққа айналдырғымыз келеді. Міне, биыл бітіргелі отырған үш сынып оқушылары «Туған мектепке тағзым» акциясын бастап, 16 түп ақ қайың көшетін отырғызды, – дейді мектеп директоры Наталья Ерғожиева.
Түлектер аллеясының алғашқы көшеттерін еккен он бірінші сыныптықтар атынан Аружан Ибатолла осы мектептің 4 «ә» сыныбында оқитын Аманер Амандыққа «жас көшеттерге су құйып, қамқорлап жүріңіздер» деген өтініш-аманатын айтты.
Білім ордасында оқушылардың ата-анасы ықыластана қолдап кеткен тамаша акцияның бірі – «Мектепке кітап сыйлайық» шарасы болыпты. Шыны керек, жаңа мектеп болғандықтан, мұндағы кітапханада оқушыларға ұсынатын әдеби-танымдық кітаптар тапшы болатын. Өйткені бүгінде мектеп кітапханаларына оқулықтан өзге кітаптар алуға қаржы бөлінбейді.
– Мектебімізде 90 комплект-сынып болса, олардың бәрі де осы акцияға белсене қатысты. Нәтижесінде кітапханамыз бір күнде 486 кітаппен толықты! Бұлардың ішінде әдеби кітаптар да, балалар әдебиеті де, танымдық басылымдар да бар, – дейді мектеп кітапханасының меңгерушісі Кәмшат Базарбаева.
Ашық есік күні аясында осы мектептің оқушысы Рүстем Сайрановтың тұңғыш өлеңдер жинағының тұсауы кесілді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Орал қаласы
Суретті түсірген автор