Бүгінгі таңда электрониканың әлемдік нарығы мұнай өнімдерінен 4,5, энергетика және жүк тасымалынан 2,5 есеге артық. Ал ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың базасы саналатын – радиоэлектрониканың машина шығару саласындағы үлесі – 30, ғылыми құрылғылар өндірісінде – 40, ал авиацияда 50 пайыздан асады. Мамандардың болжамына сәйкес, таяу жылдарда электрондық өнімдердің әлемдік үлесі жалпы өнеркәсіп өндірісінің 20 пайызын қамтитын болады. Ал Қазақстандағы электронды өнеркәсіп саласының бет алысы мен даму барысы қандай? Осы мәселе төңірегінде «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында кәсіпкерлермен өткен кеңесте талқыланды.
Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанынан құрылған Электронды өнеркәсіпті дамыту департаменті мамандары саланы дамытуға байланысты өзекті мәселелерді кәсіби жиындарда жиі талқылап келеді. Бүгінде «2018-2020 жылдарға арналған электрондық өнеркәсіпті дамыту бойынша жол картасы» әзірленген. Жол картасы кәсіпкерлік белсенділікті арттыру, технологиялық тұрғыдан даму, ғылыми-техникалық қызметпен қамтамасыз ету мен адами капиталды дамыту сияқты төрт бағытты қамтиды.
«Алматы қаласында және қала маңында көптеген өндіріс орындары шоғырланған. Кәсіпкерлермен кездесіп, олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау алдағы уақытта мемлекеттік тұрғыдан қандай шараларды жүзеге асыру қажеттілігіне мүмкіндік береді. Осы сапарымыз барысында «КазИнж Электроникс», Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты, «Арнайы конструкторлық-технологиялық бюро» ЖШС, «Элтекс Алатау», ІТ-квартал сияқты бірқатар нысандарды аралап, кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдадық», дейді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Электронды өнеркәсіпті дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы Ернұр Жәутікбаев.
Электронды өнеркәсіпті дамыту департаменті Басқармасының жетекшісі Дархан Ахмедиев кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруда мемлекеттік қызметтерді жетілдіру, өнімді экспорттау мен импорттау барысында мемлекеттік қолдауды күшейту, кедендік салықты төмендету сияқты басымдықтарды атап өтті. Ал, саланы ғылыми-техникалық тұрғыдан қаматамсыз етуде қорғаныс, аэроғарыш, электронды өнеркәсіп, сонымен бірге киберқауіпсіздікті дамытуға байланысты зерттеулер жүргізіп, «Қазақстан ғылымының бірыңғай ақпараттық жүйесі» жобасын дайындау қажет. Технологиялық даму тұрғысына келетін болсақ, сертификатталған өнімдер тізімі жасалуы шарт. Өндірушілер қауымдастығы мен арнайы конструкторлық-технологиялық бюро құру да саланы дамытуға байланысты жүзеге асатын тетіктер. Бүгінде өндірістің кез келген саласы білікті мамандарға зәру. Қазіргі кезде электронды өнеркәсіп саласын кәсіби мамандармен қамтамасыз етуде тиісті министрліктермен іс-қимылдар қарастырылып, роботтық техника, электронды өнеркәсіп саласына қатысты бағдарламалар әзірленіп, педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыруға байланысты кешенді жұмыстар қолға алынған.
Министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Думан Күнтубаев өкілетті министрліктің, «Атамекен» ҰКП, салалық ұйымдар мен ІТ саласы мамандарынан комиссия құрылып жатқандығынан хабардар етті. Қазіргі кезде электронды өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтамасыз ету тізіміне енудің талаптары нақтыланған. Ең бастысы – өнімнің ақпараттық қауіпсіздік стандарттарымен сәйкес келуі. Тізімге енгізу барысы министрлік тарапынан қосымша хабарланатын болады әрі ол шілде айында құрылымдалады.
Алдағы уақытта өндіруші кәсіпорындар, ғылыми-техникалық орталықтар және оқу орындарының пікірлерімен Facebook әлеуметтік желіcінде танысып, саланың даму барысына қатысты мәліметтерден хабардар болуға мүмкіндік бар. Әсіресе кәсіпкерлер үшін өз ұсыныстарымен бөлісуге болатын тәжірибе алаңына айналуы тиіс, дейді мамандар.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ