Ал 14 мамыр күні Астана қаласында «Жас Отанның» жаңадан сайланған Орталық Кеңесінің бірінші отырысында қорытынды құжатты іске асыру бойынша «Жас Отан» ЖҚ 2021 жылға дейінгі Жол картасы қабылданды. Сондай-ақ, Жастар қанатының жаңа мультижобалары кеңес мүшелеріне, жастар ұйымдарының көшбасшыларына таныстырылды. Қолға алынған жобалар жастар арасында салауатты мінез-құлық пен өмір салты қағидаттарын енгізу, кәсіпкерліктің жан-жақты дамуына ықпал ету, қазақ және ағылшын тілдерін дамытуға ықпал ететін ортаны қалыптастыру, цифрлы технологияларды енгізу және дамыту үшін жағдай жасау секілді мақсаттарды көздейді.
Отырысқа «Жас Отан» ЖҚ Орталық кеңесінің 16 аймақтан 32 мүшесі қатысты, оның ішінде 91 тобының әншісі Дулат Мухаметқалиев те бар. Қатысушылар Астана жастары ресурстық орталығының қолдауымен елорданың 20-жылдығына арнап ағаш отырғызу дәстүрін қолдады.
Отырыс барысында Кеңеске Астана қаласынан сайланған Әлімқұлов Бекжан ұйымның 18-жылдығына арнайы сыйлық ретінде әзірлеген Telegram Bot-ты жұмысымен таныстырып, іске қосты. Енді ұйым Телеграм жүйесінде жастарға бұрынғыдан да жақынырақ және қолжетімді болмақ.
Бекжан Әлімқұлов, жас кәсіпкер, Орталық кеңес мүшесі:
«Бүгін Телеграмда Жас Отанның ботын іске қостық. Қызықтырған ақпаратқа жылдам қол жеткізуге болады. Ол ұйым туралы басты ақпаратты сол мезетте береді. Телеграмның іздеу бөліміне @jasotan_bot деп жазып, қызықтырған ақпаратқа сұраныс тастайсыз, ал бот сол секундта сізге жауап қайтарады. Жас Отанды туған күнімен құттықтаймын. Ұйымның алаңында бүгін айтылған жаңа жобаларды бірге іске асыратын боламыз».
Естеріңізге сала кетсек, 2008 жылы 14 мамырда Елбасының қолдауымен ұйым қоғамдық бірлестік ретінде ресми тіркелді. Алайда «Жас Отанның» тарихы бір топ белсенді жастардың қозғалысы ретінде 2000 жылдан бастау алады және қазіргі жастар саясаты мен жастар ұйымдарының құрылуына себепкер болды. Сонымен қатар, Қарағанды облысынан Кеңес мүшесі Сундиталиев Нияз жаңадан құрылатын мүгедектер ұйымы жайлы жаңалығымен бөлісті.
Нияз Сундиталиев, Орталық кеңес мүшесі:
«Қарағанды жастары мені кеңес мүшесі болуға лайық деп санады. Өте қуаныштымын. Менің белсенді азаматтық ұстанымым әрдайым мүмкіндігі шектеулі жастардың өмірін жақсартуға бағытталды. Осылайша мүгедектердің қоғамдық бірлестігін құру туралы ойға келдік. Осы ай басында «Qamqor plus» ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған бірлестікті ресми тіркеуге кірістік. Осы бастамаға қолдау білдірген «Жас Отанға» рахмет айтқым келеді».
Биыл ұйым тарихында алғаш рет Орталық кеңес мүшелерінің ашық онлайн сайлауы өтті. Сайлауға қатысқан 363 адамның арасынан 16 көшбасшы ең көп дауыс жинап, өз аймақтарының үздігі атанды. «Жас Отан» өз тарихында алғаш рет ұйымның Орталық кеңес мүшелерін таңдауды жастардың өзіне сеніп тапсырды.