Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас Прокуратура, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, Сыртқы істер, Қорғаныс, Ішкі істер, Білім және ғылым, Инвестициялар және даму министрліктері, әкімдіктер мен қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Қорғаныс саласы кәсіпорындарының тынысы ашылады
Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко өз сөзінде Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту және оны қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлетіндігін ескере отырып, өткізіліп отырған іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
Ол Мәжілісте қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің дамуына жол ашатын «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң жобасының талқыланып жатқанына тоқтала келе, аталған саланың жетістіктерімен қатар кемшіліктерін де сөз етті.
В.Божконың айтуынша, еліміздің әскери-қорғаныс саласындағы өнеркәсіп орындарын заман талабына сай жаңғырту қажет. Өндірілген өнім мен қызметтерді бөлу және үйлестіру жүйесін қалыптастырып, өндіруші мен тұтынушы арасында берік байланыс орнату керек. Өйткені қазір кәсіпорындардың жүктемесі 60 пайыздан аспай отыр. Бұл саладағы кәсіпорындардың өнім өндіру қуаты жеткілікті болса да, тапсырыс беру сатысы жүйеленбеген.
– Қорғаныс-өндірістік кешеннің дамуына ұзақ мерзімді қайта қарулану бағдарламасының жоқтығы және кәсіпорындарға қорғаныс саласына қажетті тапсырыстар жүктемесінің аздығы тежеу болып отыр, – деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары.
Ал баяндамашы, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кешенінің қазіргі кезеңдегі жай-күйі мен даму перспективалары және осыған байланысты министрліктің алдына қойған міндеттері жайлы егжей-тегжейлі айтып өтті.
– Бүгінгі күні Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені – 9 мыңнан астам жұмыс орны бар, кешенді ғылым қатыстырылған 40 кәсіпорынды қамтыған ғылыми жүйе. Бүкіл кешеннің өзегі – 2003 жылы құрылған «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясында 20-дан астам машина жасау кәсіпорындары біріктірілген, – деді ол.
Министрдің сөзіне қарағанда, Кеңес Одағы тұсында елімізде қорғаныс саласына өнім өндіретін ірі-ірі 50-ге жуық кәсіпорын жұмыс істеген. Аталған зауыттар жауынгерлік жаяу әскер машиналарына, артиллериялық жүйелерге қызмет көрсетумен қатар, атыс қаруы, әскери-теңіз күштеріне арналған жабдық, торпедалар және тұңғиық авиация-кеме миналары, тактикалық тікұшақтарға арналған ұшыру қондырғылары, жағалау қорғанысының тікұшақ кешендері, қанатты тікұшақтарға арналған борттық жабдық, суасты қайықтарын басқару жүйелерін өндірген. Ал еліміз тәуелсіздік алған тұста аталған жүйе ыдырап, білікті мамандар кете бастаған.
Тек Мемлекет басшысының тапсырмасымен ғана бұл сала қайта жанданып, жаңғырып, әскери қару-жарақ пен құрал-жабдықтарды экспорттайтын деңгейге жетіп отыр.
– Бұның сәтті үлгісі – электронды-оптикалық аспаптар өндіретін «Қазақстан Аселсан инжиниринг» орталығы болып отыр. 2014 жылы іске қосылған кәсіпорын 25 млрд теңгеден астам сомаға 12 мың бірліктен астам өнім өндірді және оларды Қазақстан Республикасының түрлі күштік ведомстволарына жеткізді және тұрақты әзірлікте болатын бөлімдердің түнгі көру аспаптарымен іс жүзінде толық жарақталуына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Өткен жылы компания алғашқы экспорттық жеткізілімдерін жүзеге асырды, – деді Б.Атамқұлов.
Бронды техника бойынша «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» кәсіпорны шығаратын 4х4 доңғалақты формуласы бар «Арлан» арнаулы көліктері әлемдегі беделді «TopGear» журналының нұсқасы бойынша «әлемдегі ең арынды машина» аталымына ие болған.
Сондай-ақ өткен жылы «АЛАН» брондалған машиналарын құрастыру басталып, оның алғашқы партиясы күштік құрылымдарға жеткізілген.
Ал «Семей инжиниринг» кәсіпорны ауыр брондалған техникаға қызмет көрсетуге және жаңғыртуға арналған қосалқы бөлшектер мен құрамдауыштардың 800-ден астам атауын шығаруды меңгеріп үлгерді.
Тікұшақ құрастыруға да қол жетті
Б.Атамқұловтың айтуынша, №405 Алматы авиажөндеу зауыты базасында тікұшақ (Ми-8/17) құрастыруды ұйымдастыру бойынша уағдаластықтар жасалған. Сәтін салса биыл құрастырудың бірінші кезеңі басталғалы отыр.
– 2016 жылы іске қосылған авиация техникасын құрастыру, жөндеу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі Авиациялық-техникалық орталық базасында 10 майдан ұшақтарына және 4 әскери-көлік авиациясы ұшақтарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың 30 пайызын тікелей орталық орындайды. Бұл шаралар жыл сайын шетелге жіберілетін қаражаттың елеулі бөлігін елде қалдыруға, жаңадан жұмыс орындарын құруға, отандық авиация өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті министр.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің тапсырысымен отандық кәсіпорындар шетелдік серіктестермен бірлесіп 12,7 мм атыс қаруының перспективалы үлгісін (антиматериалдық винтовка) әзірлеу жұмыстарына кіріскен. Сонымен қатар «Қазақстан инжиниринг» кәсіпорындары бірінің базасында автоматтарды қаруландыруды көздейтін жаңғырту мүмкіндігі айқындалуда. Ал қазіргі уақытта жеңіл атыс қаруы (тапаншалар, автоматтар, пулеметтер) өндірісін ұйымдастыру мәселесі зерделенуде.
Кеме жасау саласы да қазіргі уақытта отандық кәсіпорындар есебінен өз қажеттіліктерін іс жүзінде өткеріп отыр. Атап айтқанда, соңғы 20 жыл ішінде Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштері мен Шекара қызметі жағалау күзетінің жауынгерлік құрамына әртүрлі 47 кеме алынған.
Министрдің мәлімдеуінше, өткен жылы қорғаныс өнеркәсібі өндірісінің көлемі 14 пайызға артып, экспорт 16 млрд теңгеге дейін өскен немесе 2 есеге ұлғайған. Дегенмен, қорғаныс саласы кәсіпорындарын дамытуға кедергі келтіріп отырған жайттар да бар.
– Бұл ретте ұзақ мерзімге берілетін және арзан несиелерге қол жеткізу мүмкін болмай отыр. Салалық шектеулерге байланысты бірде-бір даму институты немесе екінші деңгейлі банк қорғаныс өнеркәсібі кешенін қаржыландырмайды. Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аталған саланы дамыту қоры құрылуда. Биылғы жылдан бастап қор кәсіпорындарын қолдаудың пәрменді тетігі ретінде жұмыс істей бастауы тиіс, – деді Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
Өзекті сауал, лайықты жауап
Үкімет сағатында қосымша баяндама жасаған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман қорғаныс өнеркәсібі саясатын қазіргі кезеңде жүзеге асырудың бірқатар маңызды аспектілерін айқындап өтті.
Талқылауға қатысқан Мәжіліс депутаттары баяндамашы мен шақырылған мемлекеттік органдардың басшылары назарын бірқатар мәселелерге аударды. Депутат Қабиболла Жақыпов мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың қалыптасуы жөнінде сұраса, Павел Казанцев ведомстволар арасында ғылыми-зерттеу саласындағы өзара әрекеттестік мәселелеріне назар аударды. Депутат Наталья Жұмаділдаева қорғаныс өнеркәсібі кешені үшін мамандар дайындау жөнінде сұрақ қойды. Ал Нұрлан Дулатбеков пен Жанат Жарасов Ұлттық ұлан мен шекаралық қызмет бөлімшелерін отандық әскери өніммен қамтамасыз ету аспектілеріне қатысты мәселелерді көтерді. Қызу талқылауда Мәжіліс депутаттары Абай Тасболатов және Құдайберген Ержан қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытудың бірқатар басым бағыттарын айрықша атап көрсетті.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»