Мемлекеттік органдар басшылары және бизнес-қауымдастық өкілдері қатысқан кездесу барысында қосымша құн салығы, кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.
Сенат депутаты, Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина шараны аша келіп, бизнес, экономика салаларын дамытудың келешегі мен жаңа салық және кеден кодекстерінің кәсіпкерлік қызметке әсері жөніндегі өзекті мәселелерді талқылау мақсатында палата комитетінің мүшелері салық және кеден саясаты мен әкімшілендіру, сондай-ақ инвестициялық ахуал мәселелері бойынша жергілікті жерде мемлекеттік органдар басшыларымен және бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесіп отырғанын атап өтті.
О. Перепечина сенаторлардың «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы қызметінің қазіргі жай-күйі мен өзекті мәселелерін зерделеу ниеті туралы айтты. Депутаттар шара барысында «Қорғас-Шығыс арнайы экономикалық аймақ» құрғақ порты мен көлік-логистика орталығының жұмысымен танысты, ондағы жұмыстардың барысы, кеден бақылауы мен әртүрлі жобалардың іске асуы туралы пайдалы ақпараттарға қол жеткізді.
Мәселелерді жан-жақты талқылау үшін Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігінің өкілдері кездесуге шақырылды. Олар жаңа салық және кеден кодекстерінің жобасын әзірлеуге қатысқан болатын.
Шараға қатысушылар алдында Ұлттық экономика министрлігі салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Әмрин, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғұсман Әмірин, Инвестициялар және даму министрлігі арнайы экономикалық және индустриялық аумақтар басқармасының жетекшісі Арсен Меңдіғазиев, Алматы облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов сөз сөйледі.
Отырыс барысында шараға қатысушылар инвестициялық компанияларға қосымша құн салығын қайтаруға, импортталатын тауарларды қосымша құн салығынан босатуға қатысты, сондай-ақ бизнес-ахуалды жақсарту, кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер және оларды шешудің жолдары жөніндегі маңызды мәселелерді талқылады.
Көшпелі отырысты Ольга Перепечина қорытындылады. Оның айтуынша, комитет отырысында айтылған ұсыныстар мен ескертпелер салық және кеден саясаты мен әкімшілендіру, инвестициялық ахуал мәселелерін реттеуге арналған заң жобаларын қарау барысында пайдаланылатын болады.
Парламент депутаттары соңында «Қалжат» кеден-логистика орталығына және аймақтағы басқа да нысандарға барды.