Р.Дәленовтің айтуынша, бұдан басқа аккредитациядан әуежайдан (Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы), сонымен бірге «Марриот», «Риксос», «Думан» отельдері мен «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығынан да өтуге болады. Тіркеу жұмыстары АЭФ базасындағы Global Challenges Summit еуразиялық конгресінің соңғы күніне дейін жұмыс жасамақ.
Ұлттық экономика министрлігінің стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары Бауыржан Тұрлыбеков форумға қатысуға ниет білдірушілерге аккредитация жасау үшін екі пакет ұсынылатынын айтты. Біріншісі стандарт пакеті, оның құны 35 мың теңгені құрайды. Бұл қаражатқа белгілі бір панельдік сессияларға қатысу және де тамақтану кіреді. Екінші пакеттің құны 150 мың теңгені құрайды. Онда қатысушы барлық пікірталас алаңына емін-еркін кіріп, Елбасы қатысатын пленарлық отырысқа да кіру мүмкіндігіне ие болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, пакеттер құнына қарамастан келетін қатысушылар саны 5 мыңды құрайды деген жоспар бар. Осылайша мемлекет форум ұйымдастыруға жұмсаған 410 млн теңгені қайтарып алуды көздейді. АЭФ-қа тегін кіру мүмкіндігі тек БАҚ-қа беріліп отыр. Шараға әрісі шетелден, берісі Қазақстаннан 700-ге жуық тілші қатыспақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, XI Астана экономикалық форумының негізгі ерекшелігі − бұл жолы үш күнге созылады. Алғашқы екі күнде қатысушылар жаһандық мәселелерді талқыламақ. Ал үшінші күні негізгі спикерлер алты бағыт бойынша Қазақстан Үкіметімен, сондай-ақ сарапшылармен бірге жұмыс істейтін болады.
«Егемен-ақпарат»