Фото: Зинаида ӘШІМҚЫЗЫ
Мысалы, екі жылға созылған үзілістен кейін кәсіпорын 2016 жылы жұмысын қайта бастап көрді. Сол кезде зауыт басшылығы 50 жартылай вагонның жеке кәсіпорынға сатылғанын, әрқайсысының құны 10 миллион теңге тұратын 135 жартылай вагон жасалып дайын тұрғанын хабарлаған-ды. Зауыт жұмысы бірде тоқтап, бірде жүріп жұмыс ырғағы бұзыла берген соң жұмысшылар да еңбекақыларын уақтылы алмаған күндер болды, біразы уақытша еңбек демалысына жіберілген-ді.
Айта берсек, одан кейінгі аралықта да талай кідірістер көп болды. Жуырда облыс әкімі Болат Бақауов БАҚ өкілдерімен сұхбатында:
– Зауыт екі жыл тоқтап тұрды. Жұмысын жүргізу үшін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жүгіндік. Нәтижесінде 18 млрд теңге қаражат бөлінді. Өткен жылы 170 вагон құрастырылса, биылғы екі айда 200 вагон шығарылды. Қазір кәсіпорын үш ауысымдық жұмыс режіміне көшкен. Төрт ауысымға шығуға да жағдайы бар. Жоспарға сәйкес 2000-нан астам вагон шығару үшін қаржы жеткілікті,– деп жағымды жаңалықты жеткізді.
Таяуда біз де Екібастұзға барып, Б.Бақауов айтқан кәсіпорын жұмысымен танысып қайттық. Бірақ алғашқы жылдары өзіміз көрген жаңа технологиялар серпіні азайып қалғандай, кәсіпорын іші жұтаңдау көрінді. Бұрын келгенімізде жұмыстар автоматты түрде қайнап, кейбірін робот-техникалардың «қолдары» жасайтын еді.
– Роботтарыңыз қайда кеткен?– деп сұрап жатырмыз.
– Олар қазір жоқ...–деген қысқа жауап алдық.
Қымбат темір платформаларда вагон табанын жасап жатқан жұмысшыларды көрдік. Бұл қалың табан темір құймалары Ресейден жеткізіледі. Жасыл түске боялған дайын жаңа вагондар рельске түсіп бірінен соң бірі қабылдау орындарына кетіп барады. Әрине бір көргенде отандық өндіріс деп қуанып та қаласың.
Кәсіпорын директорының орынбасары Берікбай Әміржановтың айтуынша, қазір ауыр техникалар, контейнер тасуға жарайтын темір жол платформасын да жасауды қолға ала бастапты.
– Биыл 270 платформалы вагонға тапсырыс келді. Қазір күніне 5 вагон жасалса, алда тәулігіне 10 вагон құрастыру жоспары бар. Жұмыс үш ауысымда жүруде, 300-дей жұмысшымыз бар. Бір вагонның құны 15 миллион теңге. Құрал-жабдықтар, бөлшектері Ресейден әкелінеді. Вагондар 50 па-
йыз ресейлік, 50 пайыз отандық бөлшектерден құрастырылады,– дейді ол.
Дегенмен ашық және жабық түрдегі жүк вагондарын жасайтын өндіріс орнының алдағы уақытта тұрақты жұмыс істейтініне әлі де болса ешкім кепілдік бере алмайды. Жүк вагондарына сұраныс артса, тапсырыс көбейсе ғана кәсіпорын жұмысы тұрақтанады. Кәсіпорын іске қосылғалы жергілікті жерде вагон құрастыратын құрал-жабдықтардың, шойын құймалардың жоқтығынан өндіріс кідіріп қала береді. Шойын құйма тұғырлар Қытай, Ресей елдерінде шығарылады. Кәсіпорынның зауытты салу кезінде банктен алған 3 млрд теңге несиесі, оған қоса жеткізілген тауар үшін алған тағы 5 млрд теңге қарызы да бар. Б.Әміржанов бізге көрсеткендей, қалың табан платформалар, басқа да бөлшектер әлі де Ресейден жеткізілуде.
Биыл жұмысшылар 2400 вагон құрастыруы тиіс. Кәсіпорында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен арада ұзақмерзімді келісімдер жасалуда. Ұлттық компания 1600 жартылай вагонға кепілді тапсырыс беріпті. Жеке тапсырыс берушіден түскен сұранысқа сай 70 ашық вагондар да жасалуда. Тағы бір жаңалығы, жүк тасымалдайтын жартылай жабық вагондардың жүк көтеру қуаты арттырылған, жөндеуге дейінгі қолданылу аралығы да ұзартылыпты.
Компанияның бас директоры Сүйіндік Қуандықовтың айтуынша, бұдан басқа «ҚазТемірТранс» ЖШС – 800, «БРК-Лизинг» компаниясы – 1300, «GE Logistics» компаниясы 300 жүк вагонына тапсырыс беріпті. Кәсіпорынның қайта іске қосылуына мемлекеттік бағдарлама аясында лизингтің бөлінуі демеу болып тұр. Тапсырыс берушілер Қазақстан Даму банкі арқылы несие алып, сол қаражатқа Екібастұздан вагондар ала алады.
Облыс әкімі Б.Бақауовтың Екібастұздағы «Богатырь Транс» ЖШС жүк вагондарын Ресейден емес, Екібастұздың өзінде жасалатын кәсіпорыннан алуы керек дегені бар еді. Бірақ бұл мәселеде кәсіпорында жасалатын вагондардың ерекшеліктері, бағасы бойынша ақпараты бар коммерциялық ұсыныс жасалуы қажет екен. Сонда ғана вагондарды Ресейден алу-алмау туралы мәселе түйіні шешіледі.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ЕКІБАСТҰЗ