Аймақтар • 15 Мамыр, 2018

Шығынға батырған шегіртке шырғалаңы

854 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл жемір жәндік Жамбыл өңіріне биыл да қауіп төндіруі мүмкін. Өткен жылы Жамбыл өңіріндегі жайылымдық жерлердің біразын шегіртке басып, агроқұрылымдар шаруасына айтарлықтай шығын келтірген болатын. Бұл еліміз бойынша өзекті мәселеге айналып, шегіртке шырғалаңы біраз қиындық тудырған. Өңірде кездесетін саяқ шегірткеден бөлек, марокколық және азиялық зиянкестер де шаруалар еңбегін еш қылды.

Шығынға батырған шегіртке шырғалаңы

Әсіресе Жамбыл облысының Талас, Байзақ, Жамбыл аудандарының жай­ылымдық жерлерін шегіртке жайлап алды. Енді биылғы жылы да алқап­тар­ды өсімдік зиянкестерінің жайлау қаупі бар. Жамбыл облысы бойынша аумақтық инспекцияның мәліметінше, бүгінгі таңда аймақта 298 мың 210 гек­тар жерде марокко шегірткесі бар. Ар­найы мамандар шегірткенің қауіпті оша­ғын анықтап, дәрілеуге кірісіп кет­ті. Техникалар мен улы химикаттар да дайын.

– Шегірткелердің өткен жылы көбейіп кетуінің себебі – тех­никаға дер кезінде қол жеткізе алмадық. тен­дер уақытында ойнатылмады. Жыр­тыл­ған жерлерде зиянкестер ошақ­та­рының көп болуы да бұған себеп бол­ды. Игерілмей жатқан мұндай жерлер облыстың барлық аудандарында кез­деседі. Бүгінгі таңда бос жатқан жер­лерді мемлекет меншігіне өткізу үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Би­ылғы жылы марокко шегірткесіне қар­сы күреске жерүсті 39 техника, 9 ұшақ, 2 улы газ және 5 бу шашатын техника дайын. Бұдан бөлек, ірге­мізде орналасқан фитосанитарлық ор­та­лықтың мықты техникалары да қа­жетке жа­райды, – дейді Жамбыл облы­сы бойын­ша аумақтық инспекциясы астық және өсімдікті қорғау бөлімінің басшысы Елеусіз Атамбаев.

Мамандардың айтуынша, шөп қалың өсетін жерлерге улы химикаттарды шашқанмен, ол зиянкестерге да­рымайды екен. Сондықтан мамандар шегірткелердің көтерілетін кезеңі бо­латынын, осы кезең былтырғы және би­ылғы жылға тура келіп тұрғанын айтады. Сондай-ақ биыл өсімдік зиян­кес­терімен күресу мақсатында облыс көлемінде штаб құрылған. Әр ауданда да арнайы топ құрылып, анықталған жерлер бойынша жұмыстар жүргізуде екен. Нәтижесінде марокко шегірткесі көп аудандағы жерлер картаға түсірілген.

Ерте бастан қамданғанның қапы қал­майтыны анық. Әсіресе зиянкестермен кү­рес жұмыстарын зерделеу, шегіртке шырғалаңына тап болмау мәселелері өзекті. Дегенмен өткен жыл­ғыдай тендердің уақтылы өт­кізілмеді, соның кесірінен тех­ни­калардың дайын болмауы сияқты мәселелер жұмысқа ке­дергі болатыны анық. Сондықтан қо­ңыр күз келіп, жаздағы бейнеттің зей­нетін көретін уақытта нәтиже ой­да­ғыдай болмай қалады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов зиянкестермен кү­ресу жайлы өткен жиында аталған мә­се­ленің алдын алу үшін қажетті тех­ни­калардың санының аздығын, сонымен қатар зиянкестерге қарсы күресті шегірткелердің жетілуі мерзіміне сай кезең-кезеңімен жүргізетін жауапты мамандардың жұмыс нәтижесіне көңіл бөлмейтінін баса айтқан болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевтің айтуынша, жергілікті бюджеттен бұл мақсатқа 14 миллион, 299 мың теңге қарастырылған.

– «Республикалық фитосанитарлық ди­агностика және болжамдар әдіс­те­мелік орталығы» облыстық фили­алы­ның болжамына сәйкес, биыл  14 674 гектар алқапта зиянды ағза дер­нә­сілдеріне қарсы химиялық өңдеу жұ­мыс­тары жүргізілмек, – дейді ол.

Болжамдар әдістемелік орталығы фи­лиалының мәліметінше, ағымдағы жы­лы шегіртке ошақтарын анықтау жұ­мыстарына 51 адам, 12 автокөлік қатысады екен. Бұдан бөлек, шегіртке шабуылына қарсы аталған орталықтан 65 адам мен 50 автокөлік тартылып­ты. Ал аудандарда жергілікті жұ­мыс­пен қамту орталықтарынан қосым­ша 30 адам маусымдық жұмысқа қа­был­­данады. Расында да өткен жылы шы­ғынға батырған шегірткелер «ше­руінің» бірқатар басшыларға сабақ бол­ғаны анық. Сондықтан да бүгінде қа­жетті техниканың барлығы дер ша­ғын­да жөндеуден өткізіліпті. Енді өсім­д­ік зиянкестерімен күрестің қандай деңгейде жүретінін уақыт көрсетеді.

Жалпы, соңғы кезеңде егістік егіл­ме­ген жерлердің тозуы және жайы­лым­дардың мал тұяғымен тапталуы салдарынан Жамбыл облысы аума­ғын­да марокколық және азиялық ше­гір­тке күрт көбейген. Бұл орайда фи­то­санитарлық диагностика және бол­жамдар әдістемелік орталығының облыс­тық филиалы шегірткелерге қар­сы күрес жұмыстарының дер ша­ғын­­да жүргізілмегенін растайды. Мә­лі­метке сүйенсек, өткен жылы тексеру жұ­мыстарына 85 адам мен 44 техника жұмылдырылғанымен, ауа райының қолайсыздығы және дәрінің дұрыстап шашылмауы шегірткелердің бір орыннан екінші орынға ауысып, көбеюіне мүмкіндік берген. Енді өткен жылғы өкініш қайталанбас үшін өңірде өнімді жұмыстар жүргізілуде.

Жуырда Жамбыл облысының Жамбыл ауданында ашық аспан астын­да өткен семинарға арнайы келіп қатысқан Ауыл шаруашылығы мини­стрінің орынбасары Гүлмира Исаева ағым­дағы жылы зиянды және аса қау­іпті ағзалардың және карантинді объек­тілердің таралуы 5,1 миллион, оның ішінде үйірлі шегіртке зиян­кес­тері – 1,92 миллион гектар, дәнді да­қылдар аурулары – 2,4 миллион гек­тарға, ал саяқ шегірткелер 444,0 гек­тар алаңға таралады деп бол­жан­ға­нын айтқан еді. Вице-министр бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3,57 миллиард теңге бөлінгенін, бүгінгі күні зиянкестерге қарсы күресті уақытылы ұйымдастыру үшін үйірлі шегірткелерге қарсы 1,9 миллион гектар алқапта өңдеу жүргізуге пестицидтерді жет­кізілетінін химиялық өңдеулер үшін ке­лісімшарттар жасалғанын және рес­публика бойынша бұл іске барлығы 540 бүріккіш техника жұмылдыру жос­­парланғанын айтқан. Мемлекет қол­дауының нәтижесінде өңірлердегі жұ­­мыстардың да қарқынды екені ай­тылған.

Дей тұрғанмен, апаттың айтып кел­мейтіні сияқты, дәл қазіргі мезгілде екін­ші жастан үшінші жасқа өткен ма­рок­колық шегірткелердің жан-жаққа та­ралып кету мүмкіндігі жоғары. Бұл қау­іптің алдын алуда бірлескен жұмыс қа­жет.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы