Қазақстан • 15 Мамыр, 2018

Өзен жағалағанның өзегі талмайды

1445 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Судың басында отырғандар бал, аяғында отырғандар у ішеді» деген сөз бар. Бұл енді ағын судан әбден қиналған диқандардың шығарған мәтелі болуы керек. Өзінде ағыл-тегіл ақтарылған тау өзендері көп болмағаннан кейін Қазақстан сырттан келетін судың шекаралық аймақта орналасқан елдер арасында тең бөлінуіне әбден мұқтаж.

Өзен жағалағанның өзегі талмайды

Бұл мәселенің өзектілігі Қызылорда облысында өткен Мем­лекетаралық су ша­руа­шы­лығын үйлестіру комиссия­сы­­ның 73-ші отырысында айқын бай­қалған. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжік­стан және Түрікменстан елдерінің сала­лық министрлік өкілдері, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев, Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Тәжікстан Республикасының энергетика және су ресурстары минис­трінің бірінші орынбасары Султон Рахи­м­зода және Түрікменстан су және ауыл ша­руашылығы министрінің орынба­сары Ма­гтымгулы Байрамдурдыев қа­тысқан алқалы отырыста осы жағ­дайлар тағы таразыланды.

Мемлекетаралық су шаруа­шы­лығын үйлестіру комиссия­сы 1992 жылы Орта­лық Азия елдерінің Арал теңізі бас­сей­ніндегі су шаруашылығы мәсе­ле­лері бой­ынша шешім қабыл­дау алаңы ретінде құ­рылып, бұған дейін 72 отырысын өт­кізген.

Бұл жолы Қызылордада мем­ле­кет­­аралық комиссия 2017-2018 жыл­да­ры Сырдария мен Әмудария бас­се­й­­н­деріндегі ве­ге­тацияаралық кезең қо­­ры­­тындысын талқылап, 2018 жы­лы ве­­­гетациялық кезеңде су алу лимиттері мен су қойма­ла­рының жұмыс кестесін бе­кіт­ті. Сондай-ақ «Арал теңізі бас­­сей­нінің су ресурстарын ке­шенді бас­қару, пайдалану және қорғауына ақпа­рат­тық-талдауды қамтамасыз ету жә­не Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан арасындағы ақпарат ал­масуды ұйымдастыру жө­нін­де» келісім жобасы бекітілді. Одан бө­лек, қатысушылар мем­ле­­кетаралық ко­миссияның жұ­мы­сын күшейту мә­се­лелерін талқылап, 74-ші отырысты өт­кізу бағдарламасы мен орнын келісті.

– Қысқы вегетациялық ке­зең­де қай мем­лекет қанша кө­лемде су қолданды, со­ның қо­­ры­тындысын шығардық, – дей­­ді Ауыл шаруашылығы ми­­нистрінің орын­басары Е.Ны­­санбаев. – Баршаға бел­­гі­лі, өткен жылы су мол бол­ды. Соған байланысты қол­да­ныл­ған су көлеміне қатысты ешкімнің өкпесі жоқ. Ал биыл су тапшылығы болады деп күтілуде. Міне бүгінгі комиссия отырысының екінші бөлігін әр мемлекеттің үлесін бел­гі­леуге арнадық. Бір келісімге кел­дік. Со­ған сәйкес, біз биыл қа­жетті көлемдегі су­ды аламыз.

Осы өткір мәселе комиссия мүше­ле­рінің облыс әкімі Қырымбек Көшер­ба­евпен кез­де­суінде де талқыланды. Өткен жылы күріштен жарты миллион тоннадан астам өнім алған Сыр өңірі үшін ағын су өзекті күйінде қалып отыр.

– Су ресурстарын тиімді пай­даланып, тиісті лимиттерді сақтау бойынша жұмысты әрі қарай күшейту керек. Бұл 15 наурыз күні Астана қа­ла­сын­да өткен Мемлекет бас­шы­ларының кездесуінде тал­қы­ланды. Ал тамыз айында Ашға­бадта Халықаралық Арал теңізін құтқару қорына қа­ты­су­шы елдердің Мемлекет басшы­лары кеңесінің отырысын өт­кі­зу жоспарлануда, – деді облыс басшысы. Сондай-ақ облыс әкімі Мемлекет басшыларының отырысына орай комиссия жұмысын әрі қарай жетілдіру жөнінде ұсыныс білдірді.

Қазақстанның оңтүстік өңі­ріне су Тәжікстанның, Қыр­ғыз­станның аспанмен аман­дас­қан, басын сірі қар басқан тау­ларынан келеді. Осы екі мем­­лекеттен бөлек, ортада ди­қан­­шылықпен атағы шыққан Өзбекстанды басып өтетін ағын су елімізге бөлінген деңгейде жете бермейді. Мол судың ба­сын­да отырған ағайынның өз уәжі бар. Қанша жерден мем­лекетаралық келісім бол­ға­нымен уағдаластықтың үнемі сақтала бермей­тін­дігі анық. Экономикасы әлсіз Қырғыстан мемлекеті Қазақстан суға аса зәру емес қыс айында электр энергия­сын өндіру және сату үшін Тоқтағұл ГЭС-і арқылы су айдайды. Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысына баратын су негізінен 5 мың текше метрден артық су жинайтын Шардара су қоймасына құйылады. Сырдың табаны таяз, арнасы тазаланбағандықтан әрі дарияны жағалай шағын ауылдар орналасқандықтан секундына 500 текшеметрден артық су қабылдай алмайды.

Амал жоқ, Шардара қой­ма­сына тол­ған артық су «Ар­на­сай» арқылы Өзбек­стан­да­ғы Айдаркөлге құй­ы­лып ке­леді. Осы жағдайды жақсы бі­летін экс-сенатор Қуаныш Ай­таханов «Біз 49 жыл­­да Өзбекстанға бір Аралдың су­ын бер­дік» деп күйінгені есте. Аралдың бүгініне қарап өзе­гіміз өртенсе де ащы шын­дық осы. «Арнасайдан» ақ­та­рылған судан екі көл жасаған өз­бек ағайындар балық шаруа­шы­лығын құрып, ағын судың қызығын диқандары көрді. Қазақстан қыс кезінде көп көлемде су жібермеу үшін Қырғызстанға, артық су өткізгені үшін Өзбекстанға төлем төледі. Сонымен қатар Тәжікстанның Қайрақ құмынан «Достық» каналы арқылы келетін суды ала топылы ағайынның Қазақстан үлесінен жырып алатыны бар. Бұл кешеге дейін орын алған жағдай.

Су басында отырғандар осылайша көрпені өздеріне тар­­тып, кем-кетігін біз­дің ел ар­қылы түгендеп алғысы ке­ле­ді. Өткен жылы су мол бол­ға­нымен қазірдің өзінде тап­шылығы сезіліп жатыр. Бұл жағдайда жаңа технология – та­мшылатып суару арқылы амал­дауға болады. Бүгінде көп ди­қан осыған өтті.

Енді суды ортақ пайда­ла­нудың Орта­лық Азия елдері үшін маңыздылығы жыл сайын сезіле түсетіндігі айқын. Көр­ші елдермен барынша ық­палдасу осы шетін мәселені ше­шуге септесетіндігі сөзсіз. Қы­зылордадағы мәміленің жал­ғасы енді қоңыр күзде Аш­ғабадта жалғасады.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20