Тәуелсіздік жылдарында еліміздің дамуына елеулі үлес қосып, адамдардың табыстылығы мен бәсекеге қабілеттілігін олардың өмір тарихы арқылы жас ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтқан имидждік бірегей жоба бүгінде халықтың бірауыздан рухани қолдауына ие болып үлгерді. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» – тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, саналуан этнос өкілдерінің тарихы. Оның арасында еліміздің туын биікке көтерген спортшылар мен ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлер, сондай-ақ ғалымдар, мәдениет пен қоғамдық салада ел аузында жүрген азаматтар бар.
2017 жылдың қыркүйек айынан бастап қолға алынған жобаның іріктеу жұмыстары бірнеше кезең негізінде жүзеге асырылды. Байқауға қатысушы үміткерлер қызмет саласы бойынша 6 санатқа бөлініп, топтастырылды. Арнайы іріктеу мен дауыс берудің қорытындысы бойынша 2112 үміткердің ішінен 102 жеңімпаз анықталды. Байқауда топ жарған көшбасшылар арасында: спорттан – 13, ғылымнан – 18, мәдениеттен – 10, медицинадан – 18, бизнестен – 13, қоғамдық саладан 30 адам «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарын толықтырды.
«Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. Қазіргі медиамәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқиғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құралдарының басты нысанасына айналуға тиіс», деп Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бағдарлама құндылығын өз мақаласында айрықша атап өткен болатын.
Тәуелсіздік алғаннан бергі 26 жылдық тарихында еліміз талай белестерді бағындырып, үлкен биіктерден көрінді. Сындарлы саясат пен көреген басшының арқасында Қазақстан әлемді таныды, өзін әлемге танытты. Әрине бұл жекелей адамдардың емес, жұмылған жұдырықтай ауызбіршілік пен жанкештілікте тер төккен тұтастай халықтың, әрбір қазақстандықтың ересен еңбегі мен маңдай тер, қажыр-қайратының, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің жемісі екені сөзсіз. Әр адамның тағдыры жекелей бір тарих десек, «100 жаңа есім» жобасына енген 102 есімнің де сондай 102 түрлі тағдыры бар. Түрлі салада ерекшелігімен көзге түсіп, дараланған бұл тұлғалардың әрқайсысы жеке-дара құрметке лайық. «100 жаңа есім» жобасына енген таланттар сол қалың қауымның бір парасы ғана. Ондай ерендер ел ішінде көптеп саналады. Алайда олардың бірін білсек, екіншісін тани бермейміз. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. Демек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «100 жаңа есім» жобасының да көздегені осы – жанымызда жүрген жақсыларды, таланттарды жалпақ жұртқа, қалың қауымға таныту.
Байқағанымыздай, жеңімпаздардың дені – жастар. Олай болуы заңды да. Себебі ел тәуелсіздігімен егіз жасасып, ұлт келешегін кемелдендіретін – егемен елде дүние есігін ашып, еркін ой қалыптастырған азат ойлы жастар десек, сондай таланттардың «100 жаңа есім» қатарынан көрінгені көңіл қуантады. Мәселен, өнерімен әлемді тамсандырып жүрген 18 жастағы композитор Рахат-би Әбдісағиннің өмір жолы бұл ойымызға дәлел. Жас сазгер 13 жасында орта мектепті тәмамдап, қазір тарихы тереңнен тамыр алатын Римнің ең үздік өнер ордаларының бірінде докторантурада білім алып жатыр.
«100 жаңа есім» жобасы әлемде әлі қалыптаспаған тың жоба екені сөзсіз. Себебі мұндай жоба ешбір елде болып көрмеген, алғаш рет Қазақстанда қолға алынып және осы бірегей жобада жеңімпаздардың қатарынан көріну маған үлкен шабыт қана емес, ауқымды жауапкершілік те жүктеп үлгерді. Өмірге әкелген әрбір туындымның артында туған елім тұрғанын сезінгендіктен де, сол жауапкершілік мені ерекше шабыттандырады. Қазақ деген ұлы халықтың ұлылығын әйгілеу үшін барынша тырысып еңбектеніп жатырмын. Себебі біздің әрқайсымыздың қолымызда, істеген ісімізде, жүрегімізде ұлттың намысы, абыройы тұр. Соны төмен түсірмей, керісінше, асқақтату – барлығымыз үшін үлкен сын деп білемін» деп жас композитор өзінің толқынысын жеткізді. Музыка саласы бойынша жеңімпаз атанған тағы бір өнерлі жас, опера әншісі Медет Шотабаев та бұл пікірді қуаттап, аталмыш жобаның қазақ өнерін жаһанға танытудағы рөлі орасан екендігіне ерекше тоқталды.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жас өнерпаздарды шабыттандырып қана қоймай, олардың өзіне деген сенімін оятуда да әсері айрықша. «Елімнің ертеңі үшін мен де үлесімді қоса алады екенмін ғой» деген сенімнің өзі біздерді жігерлендіреді, алға қарай ұмтылдырады. Сондықтан да бұл жоба дер шағында өмірге келген ауқымды бағдарлама деп есептеймін. Әсіресе жастар үшін берері мол», деп түйді өз ойын.
Аталмыш жоба арқылы тек ел алдында жүрген өнерпаздар ғана емес, Мемлекет басшысы мақаласында атап өткен, халық көзінен тасада жүріп, тау қопарарлық қыруар шаруа атқарып жүрген өз ісінің шын мәніндегі шеберлерімен танысуға да үлкен мүмкіндік туды. Сондай жеңімпаздар қатарында 10 жылдан бері кітапхана саласында табан аудармай еңбек етіп, Ұлттық кітапхана қорын толығымен электронды нұсқаға аударған IT маман Нұржан Жолдыбалинов пен аударма саласында айтулы жетістіктерге жеткен кәсіби тәржімашы Қуаныш Жұмабектің есімін айрықша атап өтуге әбден лайық.
«Қазір ақпараттық технологияның дамыған кезі. Оқуға ынталы кез келген адамға кітап қай жерде де: қалада жүрсе де, далада жүрсе де қолжетімді болуы керек. Бұл тұрғыда электронды кітапхананың маңызы зор. Осы мақсатпен ұлттық электронды кітапхананы құрдық. Енді алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған келесі тармақ латын графикасына көшу жобасын қолға алып, кітапхана қорын 2025 жылға дейін толығымен латын қарпіне көшіруді бастап кеттік. Нақты мақсаттар жолында еңбектеніп жатырмыз. Алда жоспар өте көп», дейді кәсіби кітапханашы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Нұржан Нұрланұлы.
Нұржан қазақ оқырмандарына әлем әдебиетінің барынша қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тынбай еңбектенсе, Қуаныштың арманы – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын ағылшын тіліне аудару.
«Өз басым аудармаға кіріспес бұрын қазақ және ағылшынның танымал романдарын көптеп оқыдым. Мен үшін аударма қиынға соғады деп айта алмаймын. Мәселен, кейбір ағылшын тіліне аударылған кітаптарда киіз үй деген сөз «тенд» деп берілген екен. Ал «тенд» деген сөз «шатыр» деген мағынаны білдіреді. Яғни көптеген аудармалардың, меніңше, мағынасы ашылмаған. Сондықтан аудармаға алдағы уақытта баса ден қойсам деймін», дейді аудармашы Қуаныш Жұмабек.
Расында да, Елбасы атап өткендей, қазір заман – жастардікі! Жастардың жетілуі мен рухани дамуына барлық жағдай жасалған. Тек мақсатыңды ақиқатқа айналдыру жолында еңбектенсең, тер төксең болғаны: арманың – алақаныңда!
Бұл – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарына енген елеулі есімдердің бір парасы ғана. Тізімді толықтырған 102 адамның әрқайсысының халыққа, өскелең ұрпаққа үлгі болар жекелей жетістігі бар. Олардың әрбірінің қай салада жүрсе де көздегені біреу – егемен елдің ертеңін жарқын етіп, келешегін гүлдендіру. Бұл бастама – жастарды, келешек ұрпақты жаңа жобалар мен тың идеяларға бастайтыны, жанына жігер дарытып, жақсы істерге ынталандыратыны сөзсіз. Бірегей жобаның болашағы баянды.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»