Әлем • 15 Мамыр, 2018

Жаһан жаңалықтары. «Ювентус» чемпион атанды

465 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еуропаның алпауыт біріншіліктерінің жеңімпаздары осыдан бір ай бұрын белгілі болса, тартысы таусылмаған тек Италия еді. Мінеки, бұл елдің де чемпионы анықталды. «Ромамен» тең ойнаған «Ювентус» бір тур бұрын кезекті атағына қол жеткізді. 

Жаһан жаңалықтары. «Ювентус» чемпион атанды

«Наполи» өз мүмкіндігін өзі құртып «Фиорентинаға» жеңілген соң, чемпион атануға тек қана математикалық мүмкіндігі қалып еді. Сырт алаңда «Сампдорияны» жеңгенімен, «Ювентус» «Ромамен» тең түсіп, өзіне қажетті 1 ұпайды қоржынға салды. Массимилиано Аллегри шәкірттері жетінші жыл қатарынан Италия чемпионы болып, рекорд орнатты. Онысымен қоймай 120 жылдық тарихында 34-рет елдің үздік командасы атанып отыр. Айтпақшы, Аллегри қазір Арсен Венгердің орнына «Арсенал» бапкері болуы мүмкін бірден-бір үміткер.

Салах – жыл үздігі

Ағылшын премьер-лигасында да бірқатар рекорд орын алды. Мысалы, «Манчестер Сити» командасы 89-минутта Габриель Жезустың соққан голынан кейін «Саутгемптонды» ұтты.

Соңғы турда алған 3 ұпайдың арқасында «Манчестер Сити» Ағылшын премьер-лигасында бұрын-соңды ешкім жинай алмаған ұпайға қол жеткізді. Хосеп Гвардиола жігіттері артық-кемі жоқ тура 100 ұпай еншіледі. Мұнымен де шектелмей бір маусымда 106 гол соғып, қатарынан 18 ойынды жеңіспен аяқтады.

Сонымен қатар біріншіліктің қола жүлдесіне ие болған «Ливер­пуль» шабуылшысы Мұхамед Салах 32 голмен үздік сұрмерген атанды. Мы­сырлық футболшы биылдың өзінде 34 марапат алып, дүйім жұрт­ты таңғалдырды. Оның ең бастысы – «Африка құрлығының үздік ойыншысы» мен «Ағылшын премьер-лигасының үздік ойыншысы» деген атақтары.

«Барселонаның» өкініші

Бүкіл маусым бойы әртүрлі матчтарды бастан өткеріп, жеңіліс дегенді білмеген «Барселона» 37-турда ұтылып қалды.

Талай ойынды соңғы минуттарда жеңіп кетіп, «Реалмен» болған матчта 10 футболшымен жүріп тең ойнаған каталониялықтар біріншілікте 15-орында тұрған «Левантеге» шамасы жетпейді деп кім ойлаған?! Бұл ойында «Леванте» шабуылшысы Эмануель Боатенг
3 гол соқты. Сонау 2005 жылы Диего Форлан «Барселона» қақпасына хет-трик жасаған екен. Содан бері бұл командаға бір ойында Ла-лиганың ешбір шабуылшысы үш гол соқпаған.

Бір айта кетерлігі «Леванте» наурыз айында бапкер ауыстырып, 4-ли­гада қызмет етіп жүрген Паконы жұмысқа алды. Міне, футболға деген көзқарасы ерекше маман келгелі бері «Леванте» ойыны жандана түс­ті. Тіпті, бір қызығы соңғы екі айда мүмкін болған 30 ұпайдың 25-ін жинап, «Леванте» Ла-лиганың соңғы айлардағы үздік командасы атанды. 

«Барселона» үшін бір жағымдысы Леонель Месси 34 гол соғып, Еуропа біріншіліктеріндегі ең көп гол салған футболшы ретінде «Алтын бутсыны» алатын болды. Бұл жерде ескере кететін бір жайт бар. Испан Ла-лигасының жеке коэффициенті 2-ге тең болғандықтан Мессидің ұпайы 68 болады. Ал негізі «Бенфика» шабуылшысы Жонас биыл Португалия чемпионатында 35 гол соғып тастаған еді.

Дайындаған

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»