Аймақтар • 15 Мамыр, 2018

Әуезов театрының Ақжайықтағы күндері

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы Батыс Қазақстан облысында бір апталық гастрольдік сапарда болды. Танымал ұжымның өнерін Орал қаласы ғана емес, Сырым, Теректі және Зеленов аудандарында тұратын көрермендер де тамашалады. 

Әуезов театрының Ақжайықтағы күндері

Фото: Рафхат ХАЛЕЛОВ

Әуезов театрының жыл са­йынғы дәстүрлі жазғы гастролі биыл Батыс Қазақстан облысынан басталды. Ғасырға жуық тарихы бар театрдың Д.Темірсұлтанова, Д.Ақмолда, А.Сатыбалды се­кілді танымал өнерпаздары И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», М.Ома­рованың «Ақтас­тағы Ахико», Р.Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан», Ғ.Есімнің «Таңсұлу», А.Володиннің (аудар­ған А.Мае­миров) «Қоштасқым кел­мейді...» қойылымдарын сахналады.

Бір ерекшелігі, бұл жолы Әуезов театры өздерінің му­зей қорынан қызықты жәді­герлер әкеліп, көшпелі көрме де ұйымдастырды. Жарты ға­сыр­лық тарихы бар театр музейінде ал­ғаш­қы теа­тр әртістерінің киім­дері мен фо­­тосуреттері, афи­шалары, бағ­дарламалары, өмір­ден озған театр әртістерінің өмір­баяндары, жеке материалдары, қолжазбалары, алған сый­­лықтары сақталған. Театр му­зейінің жетекшісі Наргиз Асанжанова оралдықтарға әрбір жәдігердің тарихын әсерлі әңгі­мелеп берді.

– «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында театр гас­тролі өңірлерде бұдан былай да жал­ғасады. Бұған қоса біз биыл Фран­цияда өтетін дүниежүзілік «Авенью» театр фестиваліне Қазақ­станнан тұңғыш рет қаты­сайын деп отырмыз. Біз бұл додаға ақын-драматург, Мем­лекеттік сый­лықтың лауреаты Иран-Ға­йыптың (Иранбек Ораз­­баев) «Қор­қыт» драмасын әзір­леп жа­тырмыз, – дейді өнер ұжы­мы­ның болашақ жоспарларымен бөліскен театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Әкемтеатрдың гастрольдік сапары жексенбі күні Р.Отар­баевтың «Бейбарыс сұл­тан» тарих драма қойылымымен аяқталды. Бейбарыс сұл­танның бейнесін актер Аза­мат Са­тыбалды ойнады. Қо­рытынды кешке Қазақ­станның Еңбек Ері, КСРО ха­лық әртісі, КСРО, ҚазКСР Мем­ле­кеттік сый­лықтарының лауреаты Асан­әлі Әшімов, Халық әр­тісі Ес­мұқан Обаев қатысып, тілек білдірді. Театр директоры Асхат Маемиров әр қойылымды құ­шақ жая қарсы алған көрермен қауым­ға, театр әртістерін арнайы қа­был­дап, құрмет көр­сеткен облыс басшыларына ал­ғысын айтты.

Әуезов театрының гастролі Қостанай облысында, Арқалық қаласында жалғаспақ.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ