14 мамыр күні түнде Катонқарағай, Зырян аудандары мен Риддер қаласында қылаулап қар жауыпты. Кеншілер шаһарында осы күні таңертең термометр минус 1-ді көрсетіпті. Айтпақшы, осыдан 10 күн бұрын шамасында Риддерде қар қылаулап емес, төпелеп жауып, жазды аңсап жүрген жұртты аң-таң қылған-ды.
Облыс орталығы – Өскеменде де күннің қабағы қатулы. Қар жаумаса да, қар жауатындай бір суық ызғар бар. «Биыл жаз шыға ма, шықпай ма?» деп мазасы қашқан жұртқа ақсақалдар жағы «биыл жаз болмайды. Өйткені, қыс жылы болды» деп өз болжамдарын айтып жатыр.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы