Аймақтар • 15 Мамыр, 2018

Қостанайда «ақылды сүт фермасы» апталығы өтіп жатыр

524 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай ауданындағы  «Садчиков» сүт өндіру кешені енді «ақылды сүт фермасына» айналатын  болды.

Қостанайда «ақылды сүт фермасы» апталығы өтіп жатыр

Осында  «КАС Консалтинг»  компаниясы мен  Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бірлесіп, «Ақылды сүт фермасы» апталығын өткізуде. Бұл Австриядан келген магистр Франц Цехнер бастаған мамандар әлемдік тәжірибені «Садчиков» шаруашылығыне енгізеді. Дүние жүзінде әлі баламасы жоқ озық технология әлемнің көптеген елдерінде қолданысқа енгізілген. «Садчиков» сүт фермасында осы озық технологиямен  32 сиыр бақылауға алынады. Егер тәжірибе көрсеткіштерді жақсартса, қолда ұсталатын голштин сүтті сиырлар табынына түгел осы технология енгізілетін болады.

Австриялық маман Франц Цехнер журналистерге озық технологияның  мәнін айтып түсіндірді. Smaxtec жүйесі заманауи сүт шаруашылығындағы тиімділік пен табысты арттырады. Ол үшін Smaxtec жүйесінің bolas деп аталатын  құрылғысын сиырға жұтқызу арқылы асқазанында ұстайды. Ол сиырдың ағзасындағы өзгерістер туралы барлық ақпаратты компьютер арқылы беріп тұрады. Асқазандағы құрылғы берген ақпараттар арқылы  асқазандағы сілті мен қышқылдың нормасы анықталып, соған орай сиырдың жем-шөбі, азығы өзгертіледі. Сиырға суды көп беру жағы қарастырылады. Мамандардың айтуынша, сиырдың ағзасы жақсарады, сүті көбейеді және ұрықтандырылуы уақытылы жүріп, жылына бұзау алып отыру жақсарады.

«Голштин сиыры сүтті мол беретін тұқым. Бірақ мұның да  көптеген проблемалары бар. Сүт сауу шаруашылығын цифрландырудың ең бір тиімді түрі болатын Smaxtec жүйесі кемшіілктерді анық көрсетеді, оған қарсы жұмыс істеуге итермелейді. Сонымен қатар сүтің көлемін көбейтеді. Мысалы біздің сиырлар жылына 6 мың литр сүт берсе, осы цифрландыру жүйесі іске қосылғанда олар  он мың литрден асырып сүт беретін болады» деді «Садчиков» сүт шаруашылығының директоры Сергей Фецнер.

Сиырдың асқазанындағы  bolas бес жылға есептелген. Осы цифрландыру технологиясына жұмсалған шығын алты айдың ішінде өтеледі.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»