Аймақтар • 15 Мамыр, 2018

Оңтүстікте ешкі сүтінің өнімдері шығарыла бастады

951 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысында өндірістік кооператив Нидерланд елінен заанен тұқымды 500 ешкі сатып алған. Ешкінің сүттілігі ғана емес, пайдалылығы да шаруаларды қызықтырса керек.

Оңтүстікте ешкі сүтінің өнімдері шығарыла бастады

Мамандардың айтуынша, ешкі сүті анемияда, тағамдық аллергия, туберкулез, асқазан, ішек-қарын жолдарының ауруларында, диабет, диатез, ағзаның қорғаныс қызметін арттыруда, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді шығаруда және көздің нашар көруінде пайдалы екен. Сондай-ақ, ешкі сүтінде кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері мен аскорбин қышқылы бар. Сондықтан да болар, ешкі сүтіне сұраныс көп.

Осындай жәйттер ескеріле келе, Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында тәулігіне 3 тонна ешкі сүтін өндіруге және 24 тонна сүт өңдеуге қауқарлы «Асыл тұқымды шаруашылық, Ордабасы ешкі сүт өнімдері» кооперативі құрылды. Жаңадан ашылған шаруашылықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ешкі сүтінің адам денсаулығына пайдасы мол екенін айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Серіктестік төрағасы Жеңіс Тоғызақбаевтың айтуынша, өндірістік кооперативтің іске қосылған бірінші кезеңінде сауын цехы мен сүт өңдеу зауытының және жем-шөп жинау ғимаратының құрылысы аяқталған. Жобаның жалпы құны - 1 млрд. 829 млн. теңге. Үш кезеңнен тұратын жоспар толығымен орындалғаннан кейін ешкі саны 6 мыңға жететін болады. Заанен тұқымының жергілікті ешкілерден айырмашылығы – сүттілігінде, яғни күніне 5-6 литр сүт береді. Бүгінде өндірілген ешкі сүтінен айран, қаймақ, құрт, сүзбе және йогурт өнімі шығарылып жатыр. Күніне екі мәрте сауылатын ешкі сүтінің литрі 500 теңге көлемінде саудалануда екен. Алдағы уақытта кәсіпорын Италия елінің жаңа технологиялы құрылғыларын орнатып, сауын мен сүт өңдеу процесін толығымен автоматтандыруды, «моцарелла» ірімшігін шығаруды жоспарлап отыр.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

Оңтүстік Қазақстан облысы.