Үкімет • 15 Мамыр, 2018

Үкімет басшысы ел экономикасының өсу қарқынын қамтамасыз етуді тапсырды

207 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, қаржы министрі Б. Сұлтанов, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, энергетика министрі Қ. Бозымбаев, сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары О. Смоляков 2018 жылғы 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы туралы баяндады.

Үкімет басшысы ел экономикасының өсу қарқынын қамтамасыз етуді тапсырды

Тимур Сүлейменовтың айтуынша, Қазақстандағы экономикалық белсенділік оң қарқын көрсетуде.

Жалпы алғанда, экономикадағы өсім инфляциялық қысымның төмендеуіне және жоғары инвестициялық белсенділікке негізделген. Инфляция жыл басынан бері 2,2% құрады. 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 0,5 п.п. төмен. Жылдық инфляция 6,5% деңгейінде тіркелді. Инфляцияны жаңа дәлізде (5-7%) ұстап тұру қамтамасыз етілуде.

«Еңбек нарығында тұрақтылық сақталуда. Жыл басынан бері 134,8 мың адам жұмысқа орналастырылды. Осы жылдың басынан бері нақты еңбекақының өсуі байқалады. Ол 1,2% құрады. Қаңтар–сәуір айларында орташа айлық еңбекақы 152,3 мың теңгені құрады», — деп түйіндеді Т. Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары О. Смоляковтың айтуынша, Ұлттық банктің алтын–валюта сақтық қорлары өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда ($30,6 млрд дейін) 3%-ке өсті. Сонымен бірге, Ұлттық қордың активтері осы кезеңде 5,6%-ке ($59,3 млрд дейін) төмендеді.

2018 жылдың қаңтар–наурыз айларындағы сыртқы сауда айналымы $21 млрд құрады және 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 24,3%-ке өсті, соның ішінде экспорт — $13,8 млрд (27% өсім), импорт — $7,2 млрд (19,4%-ке артық) өсті.

Қаржы министрі Б. Сұлтанов өз баяндамасында мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) есептілік кезеңде 105,1%-ке, олардың ішінде республикалық кірістер — 100,9%-ке, жергілікті бюджеттер — 117,1%-ке асыра орындалғанын атап өтті.

Республикалық бюджетке 1781,7 млрд теңге кіріс түсті. Бұл жоспардан 16 млрд теңгеге, ал былтырғы жылдың төрт айының көрсеткішінен 173 млрд теңгеге артық. Өсу қарқыны 110,7% құрайды. Жоспардың артығымен орындалуы негізінен салықтар бойынша қалыптасты. Олардың ішінде, үстеме табыс салығы — 8,5 млрд теңге, шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден баж салығы — 32,1 млрд теңге.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 106 млрд теңгеге артығымен орындалып, 728 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік бюджет шығыстары 96,6%-ке, республикалық — 96,9%, жергілікті бюджеттер — 98%-ке атқарылды.

«Алдағы басты мақсат – нақтыланған бюджеттегі қосымша берілген қаражаттың түпкілікті тұтынушыларға және экономикалық айналысқа уақытында жетуін қамтамасыз ету. Бұл жұмысты республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп орындаймыз», — деді Б. Сұлтанов.

Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбектің айтуынша, саланың негізгі көрсеткіштері бойынша нақты көлем индексі орындалды. Мəселен, қаңтар–сәуір айларында темір рудасының НКИ 103,9%; түсті металл кендерін өндіру бойынша — 102,1%; фармацевтикалық өнімдерді өндіру бойынша — 107,7%; металлургия бойынша — 104,1%; құрылыста — 102,1% құрады. Осы жылдың қаңтар–сәуір айларында транспорт бойынша НКИ — 104,6% құрады.

2018 жылдың 4 айындағы энергетика саласының негізгі экономикалық көрсеткіштерінің алдын-ала қорытындылары туралы баяндай отырып, энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай және конденсат өндіру көлемі 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,9% немесе осы жылдың 4 айының жоспарының 104,5% құрайтынын атап өтті.   

«2018 жылдың 4 айында 24,1 млн тонна мұнай экспортталды, бұл 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 104,3 % құрайды. Мұнай өңдеу көлемі 5,1 млн тоннаны немесе осы жылдың 4 айының жоспарына қарағанда 104,6% құрады», — деді Қанат Бозымбаев.

Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысына сәйкес дизель отынының қажеттілігі толық көлемде орындалды. 2018 жылғы наурыз айына көктемгі егіс жұмыстарын өткізу үшін дизель отынының ұсынылатын бағасы тоннасына 156 000 теңгені (130 тг/л) құрады.

2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, электр энергиясы 8%-ке артты. Көмір өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,2%-ті құрады.

2018 жылғы 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуы мәселелерін қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің экономикалық блогының басшыларына экономиканың одан әрі өсуін қамтамасыз ету бойынша тиімді шараларды қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев ел экономикасының аса жоғарғы өсу қарқынын қамтамасыз ету бойынша Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған міндеттерін үнемі есте ұстау қажеттігін атап өтті.