Президент • 15 Мамыр, 2018

Елбасы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапармен барды

384 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы бүгін жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді. Елбасы Орал қаласында мемлекет қолдауымен ашылған бірнеше өндірістік нысанды аралап, Жаңа алаңда халықпен, Ассамблея өкілдерімен, жастармен жүздесті.

Елбасы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапармен барды

Шағын және орта бизнесті дамыту – мемлекет басшысы міндеттеген басым бағыттың бірі. Батыс Қазақстан облысында да бұл салада оң өзгерістер көп. Оралдағы «Квант» ЖШС – жиһаз және тұрмыстық заттар шығаратын іргелі кәсіпорын. Осы салада 15 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан фабрикада осыдан екі жыл бұрын құны 1,1 млрд. теңге тұратын жаңа цех ашылған болатын. Осының нәтижесінде өндіріс артып, өткен жылы кәсіпорын 57 мың дана жиһаз шығарды. «Кванттың» өнімдері соңғы кезде Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасына да танымал бола бастады, - дейді ЖШС құрылтайшысы Михаил Пшеничный.

Фабрикада бүгінде жалпы саны 250 жұмысшы қызмет етеді. ЖШС директорының орынбасары Юрий Рогодиннің айтуынша, фабрика жанынан тағы бір өңдеу цехын ашу жоспарда. Кәсіпорында қазірдің өзінде ең жаңа станоктар жұмыс істеп тұр, мұндағы еңбек өнімділігінің жоғары болуы, өнім сапасының сыры осында.

Кәсіпорынды аралап көріп, жиһаз бұйымдарымен, еңбек ұжымымен танысқан Мемлекет басшысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, соның ішінде өнеркәсіп секторының, шағын және орта бизнестің қазіргі ахуалы мен перспективалары жөнінде баяндап берді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жүйелі қолдаудың арқасында өңірде өнеркәсіп саласы дамып келеді. Шағын және орта бизнеспен айналысушы кәсіпорындар саны артып, олардың қызметінен мемлекет қоржынына түсетін салық түсімі де көбейген.

Осы жерде Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, фин технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жаңғырту, ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдеу, нан және макарон өнімдерін өндіру, химия өндірісі, дизель отынының компоненттерін гидротазалау жөніндегі жобалар бар. Әсіресе «ICM Recycling» ЖШС-нің жылына 100 мың тонна қалдық өңдеу жобасы экологиялық залалсыздандырудан бастап тұрмыстық қалдықтардан биогаз алу, қайта өңдеу, осылайша пайда табуға дейінгі тізбекті қамтиды. 2017-2023 жылдар аралығына жоспарланған бұл жобаның құны 1,7 млрд теңгеге бағаланған, бірақ ол жүзеге асқан кезде өзін өзі еселеп ақтайтыны қазірдің өзінде күмән туғызбаса керек.

Бұдан кейін Елбасы «Жайық Агро LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытына барды. Тауық етін өндіруге және дайындауға маманданған «Жайық Агро LTD» ЖШС өткен жылы ғана ірі жобаны жүзеге асырған еді. Жылына 7,2 мың тонна құс етін дайындайтын кәсіпорын Батыс Қазақстан облысының ішкі сұранысын толығымен қамтамасыз етеді. Фабриканың 10% өнімі экспортқа шығарылады. 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған кәсіпорын ғимаратында Елбасы өңірдегі өзге де агросектор кәсіпорындарының, атап айтқанда «Мясодел» және «Кублей» брендтерінің ет өнімдерін дайындаумен және өндірумен айналысатын жергілікті кәсіпорындардың жұмысы туралы ақпаратпен танысты.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» акционерлік қоғамына барды. Бұл жерде Қазақстан Президенті көмірсутегі шикізатын өндіру және тасымалдау саласында пайдаланылатын құрылғылар мен жабдықтар жасау барысын аралап көрді. Кәсіпорында азаматтық мақсаттағы бұйымдардан бөлек, қорғаныс өнімдері – атыс қаруы мен оқ-дәрі үлгілері де шығарылады.

Елбасы Орал қаласының Жаңа алаңында облыс орталығының даму жоспарымен танысып, Ассамблея мүшелерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ 10 мың оқушы мен жастар түрлі бағыттағы үйірмелер мен алаңдарда бас қосатын Оқушылар және жастар сарайында балғын боксшылармен, жастар серкелерімен кездесті. Осы сарайдағы Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығында жаттығып жүрген кішкентай спортшылар Елбасына Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов сияқты әлемдік жарыстарда озып шығамыз деп серт берді. Жас бокшылардың өтінішімен Президент естелік суретке түсті.

Осы сарайда Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Мемлекет басшысына өңірде денсаулық сақтау және білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан цифрландыру жобасы туралы айтып берді.

Ғ.Оспанқұлов «мұғалім балаға тек сабақ берумен, дәрігер тек науқасты емдеумен айналысатындай қолайлы жағдай тудыруымыз керек» дей келе, бүгінде Орал қаласы тұрғындарының 100%-ында электронды денсаулық төлқұжаты бар екенін, науқас дәрігерге онлайн кезекке жазылып, уақытын үнемдейтінін, науқастан алынған анализ нәтижесі арнайы базаға бірден тіркеліп, оны қайта-қайта жаңғырту қажеттілігі жойылғанын, «Жедел жәрдем» көліктері спутниктік байланыспен және арнайы планшетпен жабдықталып, GPS бағдарлама бойынша қай жерде жүргені көрініп тұратынын, осының нәтижесінде «Жедел жәрдемге» қоңырау шалған уақыттан дәрігерлік көмектің жету мерзімі 12 минуттан 9 минутқа дейін қысқарғанын, тағы басқа оң өзгерістерді баяндап берді. Мұндай оң өзгеріс білім саласына да тән. Мәселен, Орал қаласы және аудан орталықтарындағы білім мекемелері толығымен кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етілген. Жас босанған ана перзентханада жатып-ақ мобилдік қосымшалар арқылы сәбиіне куәлік алып, тіркеуге тұрғызады, мемлекет тарапынан берілетін жөргекпұл да осылай рәсімделеді, балабақша кезегіне тұру, кезектің жылжуын ашық бақылау да онлайн режимде көрініп тұрады. Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 3-6 жас аралығында балаларды балабақшамен қамту 99,9%.

Мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі негізінде облыс аумағында 43 балабақша ашылып, қызмет етіп тұрса, биыл қосымша 15 жекеменшік балабақша ашылмақ. «Осылайша өңірдегі бүлдіршіндерді балабақшамен қамту толық жүзеге асады» дейді облыс басшысы Алтай Көлгінов.

Өңірде Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп атқарылып жатқан «Күнделік» жобасының негізінде оқушылардың мектепке себепсіз келмеуі 70 пайыз қысқарған. Білім сапасы да 15 пайыз артыпты. «Мұның бәріне ата-ананың баласының үлгерімін қашықтан бақылай алуы, мектептегі оқу үдерісін, ұл-қызының оқу үлгерімін күнделікті көріп отыруы әсер етті» деді Елбасына білім саласындағы ахуалды баяндап берген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов.

Президент шалғай ауылдардағы шағын комплектілі мектептердің жағдайына көңіл бөліп, олардың санын барынша азайтуды тапсырды. «Ірі елді мекендерде, аудан орталықтарында интернат үйлерін салу керек. Балалар толыққанды, жан-жақты білім алатын мектептерде оқуы тиіс» деді Елбасы.  

Батыс Қазақстан облысында бұл бағытта түйінді мәселелер бар. Өңірдегі орта білім беретін мектептердің 60 пайызы – шағын комплектілі. Ауыл мектептері мен қала мектептерінің білім сапасын теңестіру, ауыл балаларына барынша заманауи білім беру мақсатында интернетсіз, офлайн қызмет көрсететін «Bilimbook» сатып алынған. Бұл ноутбуктердің жадында 100 мың дана видеоматериал бар, ол бағдарлама әр жарты жыл сайын жаңартылып тұрады. Осылайша шалғай ауылдағы шағын мектептер де интернеттің бар-жоғына алаңдамай, «Bilimbook»-ке жүктелген Назарбаев зияткерлік мектептерінде оң тәжірибеден өткен сабақ бағдарламасын пайдаланып отыр екен.

- Батыс Қазақстан облысы цифрландыру бойынша басқа өңірлердің көпшілігінен озып кеткен екен, жарайсыздар! - деді Елбасы ризашылықпен.

Елбасы бұдан кейін бір топ жаңашыл жастар жетекшілерімен кездесті. «AQJAYIQ» телеарнасының редакторы Нина Павлычева «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген «Медиа этика» кітабын қазақ тілінде оқып шыққан соң алған әсерін баяндап берді. Осы жерде көп адам күтпеген оқиға болды. Ұшқыш киімін киген жас жігіт 1991 жылы қараша айында түсірілген бейнежазбаны көрсетіп, осыдан 27 жыл бұрын болған кездесуді Елбасының есіне салды.

...Қазақстан Тәуелсіздігін жариялар қарсаңында, қараша айында Нұрсұлтан Әбішұлы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген еді. Теректі ауданының Аңқаты ауылына, қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырын өсіретін іргелі шаруашылығына арнайы ат басын бұрған Елбасы сол ауылда өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің шілдеханасына тап болған. Қуанышты тойға құтты қонақтың тап келуін жақсы ырымға жорыған Сақпаевтар отбасы сәбидің есімін Нұрсұлтан деп қоюды ұйғарыпты. Сөйтіп, киіз үйде өткен тойда Президент нәрестенің туу туралы куәлігіне өз қолымен сәбидің аты-жөнін жазып қалдырған еді. Тарихи бейнежазбада дәл осы сәт бейнеленген екен.

- Мына жердегі кішкентай сәби – менмін, - дейді бүгінде зіңгіттей жігіт болған Нұрсұлтан Сақпаев. - Орал авиациялық оқу орнында ұшқыш мамандығын игеріп жүрмін. Болашақта білімімді жалғастырып, авиация саласының білікті маманы болғым келеді.

Елбасы жастар өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесіп, олардың заманауи озық технологияны жаппай игеруі қажеттігін, әлемдік деңгейдегі бәсекелерге қабілетті білікті маман болуын ескертті. Елімізде жастардың білім алуына, дамуына мемлекет тарапынан мол мүмкіндік жасалып отыр.

- Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуға тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз – жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенемін, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан