Аймақтар • 15 Мамыр, 2018

Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Семейде арнайы жиын өтті

555 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша өкіл имамы Мақсат Алтыбай Семей қаласының ақпараттық орталығында қасиетті Рамазан айының келуіне орай баспасөз мәслихатын өткізді. 

Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Семейде арнайы жиын өтті

Фото: автор

Жиынға Семейдегі Қос мұнаралы орталық мешіттің наиб имамы Бекзат Баешов те қатысып отырды. Баспасөз мәслихатында сөз алған  өкіл имам Мақсат Алтыбай биыл ораза ҚМБД-нің пәтуасы бойынша 17 мамырда басталып, 14 маусымда аяқталатындығынан хабардар етті. Мұсылмандар Рамазан айында 29 күн ауыз бекітеді екен.

- Маусымның 11-нен 12-сіне қараған түн Қадір түні,-деді Мақсат қажы Алтыбай,-сәресі ішу таң намазының кіруіне 10 минут қалғанда тоқтатылады. Ауызды ақшам намазының уақыты келгенде құрмамен не сумен ашу сауап. Құрманы бірінші атайтынымыз, бұның өзінде үлкен қасиет жатыр. Тарауых намазы Құптан намазынан кейін оқылады, ал Үтір-Уәжіп намазы ең соңынан жамағатпен оқылады. Осындайда оқырмандарымыз, намаз оқымайтын адам ораза ұстауға бола ма деп сұрап жатады. Әрине, ұстауға болады. 15 маусым Жұма күні Ораза айт мейрамы басталады. Айт намазы Семейде таңғы  07.00-де оқылады.

Мақсат Қажы Алтыбайдың айтуынша биыл да арнайы қари келіп, Құран Қатым түсіріледі. Ораза сауабы мол ай болғандықтан, жетім-жесір, міскін, жағдайы жоқ адамдар тізімге алынып, мешіт тарапынан қайырымдылық көмектер беріледі. Пітір садақаның мөлшері биыл Қазақстан бойынша жан басына 300 теңге болып бекітілді.  Өкіл имам Мақсат Алтыбай  оразаға қатысты көптеген түсініктер беріп, қасиетті айда қалада атқарылар ауқымды іс-шаралар, қайырымдылық акциялар мен игі жобалар жайлы журналист қауымын ақпараттандырды.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА