Мәселен, Оңтүстік Кореяның сиыр малы өте өтімді. «Мәрмәр» деген атау алған, бір ет, бір май сиыр етін әлемнің жетекші елдеріне экспорттап отырған осы Оңтүстік Корея жем-шөпті негізінен сырттан сатып алады.
Өздері иінтіресіп отырған, жайылымдық жері жоққа тән корейлер жаңа технологияның арқасында осындай дәрежеге жетті. Құдайға шүкір, Қазақстанның да әлемдегі мал шаруашылығына байланысты игіліктерге қолы жетіп жатыр. Ең бастысы, мал азығына қажетті құрамажемді дайындауға мүмкіндігі үлкен. Төрт түлік соңғы жылдары айтарлықтай көбейді. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы берген деректерге сүйенсек, соңғы жылдары мемлекеттік қолдаулардың арқасында мал шаруашылығында тұрақты даму тенденциясы қалыптасып, агроөнеркәсіптік кешеніне салынып жатқан инвестициялар еселеп өсіп келеді. Мәселен, соңғы 5 жылдың өзінде салаға тартылған инвестиция 23 есеге ұлғайған.
Ал облыста мал басы, өткен ғасырдағы ең көп болған уақыты – 1993 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 29,6 пайыз, жылқы – 50,4 пайыз, түйе саны 52,5пайызға көбейіп отыр. Оның ішінде, соңғы 5 жылда ұйымдастырылған шаруашылықтарда ет өңдіру 2,7 есеге көбейсе, сүт өндірудің өсімі 1,6 есеге артып отыр.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аймақ тарихында алғаш рет ауыл шаруашылық өнімдерін тарату нарығына кешенді маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі агрокартасы қабылданды.
Агрокартаны іске асырудың 2018-2022 жылдарға арналған егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспары әзірленді. Онда ішкі нарықты молықтыру мен экспортқа өнім шығаруға негізделген екі бағыт айқындалды. Осы бағытта экспорт көлемін 2022 жылға 5 есеге арттыру көзделген.
Ал өткен жылы облыс аусыл ауыруынан буферлік аймақтан шығуының арқасында, былтырғы жылдың өзінде Иранға, Моңғолияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне 2,4 мың бас тірілей қозы ет бағытында экспортталды.
Қазір Иран, Қытай, Моңғолия, Еуропа, Ресей елдері Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдерге үлкен қызығушылық танытып, агросекторға инвестиция салуға, өндірілген ауылшаруашылығы өнімдерін сатып алуға дайын екендігін білдіріп отыр.
Бүгінде облыста ет экспортын қамтамасыз етудің негізі қаланды. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының аясында мал басы көбейіп, облыста тұқым түрлендіру жұмыстары жалғасуда. Жаңадан 134 дана ұңғыма іске қосылып, 25 мың гектар жайлымды суландыру қамтамасыз етілді. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын репродукторлық шаруашылықтар құрылып жатыр. Тек соңғы 5 жылда 4,5 мың бас асыл тұқымды ірі қара, 36 мың бас қой сатып алынды. Жылына 23 мың бас мүйізді ірі қара малын бордақылайтын алаңдарының құрылыстары салынды. Жем қорын қалыптастыру мақсатында да облыста егін шаруашылығын әр тараптандыру жұмыстары жүргізіліп, құрамажем өндіретін екі зауыт іске қосылды.
Биылғы жылы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін «Сыр Маржаны» серіктестігінің ет комбинатының құрылысы басталмақшы. Сонымен бірге сүт шаруашылығын дамыту үшін облыста тауарлы сүт фермаларының өндірістерін ұлғайту мақсатында жаңа жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Биылдың өзінде Шиелі ауданында 1200 басқа арналған «Сыр Агро и К» серіктестігінің тауарлы сүт кешенінің құрылысы басталса, «Асылхан» шаруа қожалығының 200 бастық сүт тауарлы фермасы іске қосылды.
Ет, сүт шаруашылығын дамытумен қатар, облыста ширек ғасыр бойы тұралап қалған құс шаруашылығы да қолға алынуда. Былтыр Шиелі ауданында алғашқы жұмыртқа өндіретін «Мөлдір и К» серіктестігінің құс фермасы іске қосылса, Қармақшы ауданында «Қармақшы құс» серіктестігінің 1500 тонна құс етін өндіретін фабрикасының құрылысы басталды. Сонымен қатар Қызылорда қаласында ет бағытындағы «Орда» шаруа қожалығының, жұмыртқа бағытындағы «Самұрық құс» серіктестігінің құс фермалары жұмыс жасауда.
Өткен жылдан бастап «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы облыстық бюджеттен мал шаруашылығын дамытуға 1 млрд теңге қаржы бөлініп, «ОрдаАгротехнология» серіктестігі 150 бас асыл тұқымды СантаГертруда, «Бекарыс АгроФуд» серіктестігі 300 бастық қалмақ тұқымды репродуктор шаруашылықтарын құрды. Сондай-ақ «Саламат Агро» серіктестігі 1,5 мың бастық мүйізді ірі қара бордақылау алаңы мен шағын ет комбинатын іске қосса, биыл шағын ет комбинатымен 3,0 мың бастық бордақылау алаңын жандандыратын «Шаған Агро Фуд» серіктестігімен өзгеде жобаларға бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы қарастырылып облыста мал шаруашылығын дамытудың кластерлік негізі қалыптастырылуда.
Осы шаралар толық орындалғанда 2019 жылы мал шаруашылығының дамуы қалыпты өсіп, ет өндірісі 17 пайызға, сүт өндірісі 7 пайызға, жұмыртқа 65 пайызға, құс етін өндіру 69,9 есеге артады деп күтілуде.
Міне мемлекеттік қолдаулар осындай межелері бағындыруға негіз жасап отыр. Қызылорда облысы Бетпақдаламен шектесіп жатыр. Жазатайым көлігің бұзылып далада қалып қойсаң, бір жұтым су татырмайтыны осы Бетпақдаланың асты толы кен дегенді атақты ғалым Кәрім Мыңбаев айтқан деседі. Жер асты суы да мол, бұл дала қазақтың көк орай шалғын оазисы болады дегенді де айтыпты.
Бір әңгімеде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғалым Әбдірахман Омбаев «Бетпақдалада жайылған малды қоңыр күзде бір аптаға жеткізбей соғымға жығып алсаң, оның еті ет емес нағыз дәрумен болады» дегенді айтып еді. Өйткені шөбінің құнары мол әрі минералдарға бай екен.
Жақында Жаңақорған ауданында IV малшылар слеті өтті. Заты қызылордалық болғанымен осы слетке республиканың барлық аймағынан тәжірибе алмасу үшін өкілдер келеді. Осыны аңғарып жүрген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев келер жылы республикалық малшылар слеті етіп өткізуді ұсынды.
– Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет тарапынан мал шаруашылығын дамыту үшін қосымша шаралар қарастырылуда. Осы орайда, жыл сайын облыстық малшылар слетіне басқа өңірлерден қатысушылардың саны артып келе жатқанын ескере отырып Үкіметке, Ауыл шаруашылығы министрлігіне келер жылы біздің облыста бірінші республикалық малшылар слетін өткізуді ұсынамын. Ұсынысты Ауыл шаруашылығы министрлігі, қатысып отырған өңірлердің және республикалық палата өкілдері қолдайды деп ойлаймын, – деді ол.
Мал – баққанға бітеді. Мемлекеттік қолдаулар аймақтағы мал басын көбейтуде осындай жақсы нышандарымен көрініп жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы