Қоғам • 14 Мамыр, 2018

Менің атым – Олимпиада!..

371 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біз Олимпиада Әубәкіровамен Май ауда­нына барған сапарымыз барысында таныстық. Ол туып-өскен Ақжар ауы­лы­ аудан орталығы Көктөбеден 140 ша­қырымдай жерде. Бұрынғы полигон аума­ғы саналатын өзіндік құпиясы да же­терлік-ақ ауыл. 

Менің атым – Олимпиада!..

– Атыңыз тіпті ерекше екен! – деп жатырмыз ауыл мектебіне келгенімізде.

– Иә, сәби күнімнен бас­тап, бүгінгі бойжеткен шақта да бә­рін таңғалдырған атым менің осын­дай! – дейді мектеп директоры Олим­пиада Досымжанқызы.

Әкесі Досымжан Бис­­мил­ләи­ұлы 1942 жылы осы Ақ­­жар ауы­лында, анасы Назым Қо­жа­бай­қызы 1951 жылы Лебяжі ауда­­нындағы Зор Октябрь деген ауыл­да өмірге келіпті. Ал үлкен ата­лары Бисмилләи атына заты сай дініне берік, ауылдың молдасы болған екен. Досымжан аға­мыз­дың мамандығы қаржы­гер, ең­бек жолында бухгалтер, бас эко­номист, совхоз директорының орын­­басары, кейін ауылдың әкімі бо­лып зейнеткерлікке шы­ғып­ты. Май ауданының құрметті аза­­­маты. Анасы Назым апай Ақжар­дың мектебінде 35 жыл бойы мұға­лімдік қызметін атқа­рыпты.

– Әке-шешем екеуі де зейнеткер. Күні бүгінге дейін Ақ­жар ауылында тұрады. Жайлы жер іздеп қалаға көшкен жоқ. Ауылдың үлкендерінің қатарын­да ел ішінде, бала-шаға өсіріп, немерелерінің ортасында отыр, – дейді Олимпиада.

Досымжан аға мен Назым апай Ержан, Алтынжан, Рашид, Рахат, Нариман, Нысана, Ди­нара және Олимпиада деп ат қойған 8 баланы өмірге әкеліпті. Қазір алты баласы аман-есен. Ержан мен Нариман ауылында «Ағайындылар» шаруа қожа­лы­ғын басқарады. Рахат сауда саласында, Нысана заңтану магистрі, Динара филология ғы­лым­дарының кандидаты, доцент, Астанада қызмет етеді.

Ал Олимпиада болса, 1998 жылы облыс орталығындағы педа­гогикалық колледжді, 2001 жылы университетті бітіріп туған ауылы Ақжарға оралады. Ана­сының ұстаздық жолын жал­ғастырып, мұғалім мамандығын таңдайды.

– Айтыңызшы, атыңызды кім қойды?

– Мен 1980 жылы 12 қаңтарда тудым. Атымды 1980 жылғы Мәскеуде өткен Олимпиаданың құрметіне арнап әкем қойған. Анама да ұнап, екеуі келісіп солай атаған екен. Өзіме де ұнайды. Мектепте оқып жүргенде, студент болғанда, ол кезде интернет жоқ, кітапханаларға барып Мәскеу Олимпиадасы туралы мате­риалдарды түгел қарап, оқып шықтым. Студент кезімде өзіңіз айтқандай, барлығы таң­ғалатын. Лекцияда болмай қалсам, «Олимпиада деген қыз қайда?» деп бірден сұрайды екен, – дейді Олимпиада.

– Өзіңді үйде және достарың еркелетіп қалай атайды?

– Олико дейді!

Иә, бұл күнде Олимпиада басқаратын Ақжар орта мек­тебі де еліміздегі білім беру сала­сындағы өзгерістерге сай жаңартылған мазмұнға көшуде. Кең жолақты интернет жүйесіне қосылған. Информатика пәнін эксперимент ретінде ағылшын тілінде курстар өткізілуде. Мек­тепте «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасы бойынша Айна Мыңжасарова, Гүлжан Жайлау­баевалар келіп қызмет етуде.

– Өзіңіз спортты жақсы кө­ресіз бе?

– Әрине жақсы көремін. Спорт менің өмірімде, жаным­да жүр ғой! Басқа елде, өзіміздің елде Олимпиада болады, да­йындық жүруде, басталды десе ерекше бір сезімде жүремін. Жүрек лүпілдеп, өзгеше күй кеше­мін. Толқып көзіме жас келеді. Өйткені мен Олимпиада, спорт­шылармен біргемін ғой! Кешкі уақытта теледидардан спорт хабарларын жиі-жиі көргім-ақ келіп тұрады. Өкінішке қарай, уақыт бола бермейді. Әкем де, ағаларым да, жолдасым Бауыржан да қазақша күрес, бокс, биатлон сияқты спорт түрлерін сүйсініп тамашалайды. Ұлдарым Асыл мен Әділет көрші Курчатов қаласындағы спорт мектебінде қазақша күреске қатысады, – дейді Олимпиада.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,

Май ауданы,

Ақжар ауылы