Көшеде тұмшаланған адам жауапқа тартылады
Елімізде қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға мүмкіндік бермейтін киім-кешекке заң жүзінде тыйым салынбақ. Бұл тәртіп Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында тайға таңба басқандай көрсетілген.
Мәжілістің жалпы отырысында аталған құжат бойынша баяндама жасаған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев аталған заң жобасы Мемлекет басшысының 2016 жылғы 9 қыркүйектегі Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында берген тапсырмасы негізінде әзірленгендігін атап өтті. Сондай-ақ бұған дейін Президент Жарлығымен бекітілген «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» басшылыққа алынған. Министрдің айтуынша, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан геосаяси, діни ахуалға және экстремизм мен терроризм қаупінің күшейгеніне байланысты діни саланы реттейтін нормативтік талаптар мен құқықтарды жетілдіру қажет болған.
– Заң жобасына дінді теріс мақсатта қолдануға жол бермеу бағытындағы түзетулер мен жаңа ұғымдар енгізілді. Бұл өзгерістер жаңа деструктивті діни ағымдардың идеологиясына, нышандары мен сыртқы ерекшеліктеріне тыйым салуды қамтиды және елімізге жат идеологияның енуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Заң жобасында адамның бет-әлпеті танылмайтын киімді қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салу көзделген. Бұл алдымен азаматтардың қауіпсіздігі үшін қажет. Мұндай шаралар Бельгияның, Францияның, Болгарияның, Аустрияның заңдарында қолданылған. Бұл норма дінге қатысты емес, сол себепті ол құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты енгізіліп отыр, – деді Д.Кәлетаев.
Бұдан бөлек, заң жобасы мемлекеттік қызметкерлердің діни сеніміне байланысты бірқатар шектеулер енгізуді көздейді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлерге өзінің қызметтік мүдделерін діни бірлестік мүдделеріне пайдалануға, өзіне бағынышты қызметкерлерді діни қызметке мәжбүрлеуге, діни бірлестіктер құруға бастамашы және мүше болуға тыйым салынбақ. Бұл тәртіп мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексіне енгізіледі. Министрдің айтуына қарағанда, аталған нормалар азаматтың дінге қатысты негізгі құқықтарына, оның ішінде жұмыстан тыс уақытта діни іс-шараларға қатысуына, діни рәсімдер мен жоралғыларды орындауына кедергі келтірмейді.
Сонымен қатар өңірлерде діни бірлестіктерді тіркеу тәртібі жеңілдетілген. Ал діни бірлестіктер жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында олардан есептілік жүргізу талап етіліп, жылдық кіріс-шығыстарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға міндеттелмек. Д.Кәлетаевтың айтуынша, енді діни жоралғылар бойынша некені тіркеу және бұзу да арнайы белгіленген орындардан тыс жерде жүргізілмейтін болады. Ал шет мемлекеттерден діни білім іздеушілерге де шектеу қойылып, сырт аймақтарға еліміздің аумағында жоғары діни білім алғандар ғана жіберілмек. Заң жобасында, ең бастысы, балалар мен жасөспірімдерді діни қызметке заңсыз тартуға жол берілмейтіндігі көрсетілген. Депутаттар баяндамашыға өздерін толғандырған сауалдарын бере отырып, заң жобасын бірінші оқылымда толық мақұлдады.
Дәрі-дәрмектің шекті бағасы белгіленбек
Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрілік заттардың шекті бағаларын бекіту арқылы барлық дәрілік заттарға бағаларды реттеуді енгізу көзделген. Фармацевтикалық қызметті, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымымен байланысты қызмет түрлерін жүзеге асыруға лицензиялар беру жөніндегі функцияларды әкімдердің құзыретінен алып тастау, оларды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға беру қарастырылған.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл заң жобасының қазақстандықтарды қолжетімді бағамен және сапалы, тиімді, қауіпсіз дәрілермен қамтамасыз етуге бағытталған аса маңызды құжат екенін айтты.
– Бүгін біз өте маңызды және өте қажетті заң жобасын мақұлдадық. Себебі бұл заң жобасының әлеуметтік маңызы өте зор. Баршаңыз жақсы білесіздер, дәрілер бағасын заң деңгейінде реттеу – Елбасының тікелей тапсырмасы. Сондықтан бұл заң күшіне енген кезде, дәрілердің қолжетімді болуына және бағаның да тұрақты болуына жаңа серпін беруге тиіс. Сол үшін екінші оқылымға дейін тағы да жан-жақты қарап, осы талапқа сай заң дайындауымыз керек, – деді ол.
Ал негізгі баяндамашы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов депутаттарға дәрі-дәрмектің шекті бағасы Денсаулық сақтау министрлігінің және басқа да ресми органдардың интернеттегі парақшаларында жарияланатынын айтты. Сондай-ақ дәрінің бағасы еліміздің барлық аймағында тең болатынын атап өтті. Аталған заң жобасы депутаттар тарапынан қызу талқылана келе, толық мақұлданды.
Әлеуметтің әлеуетін көтереді
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да талқыланып, ол толықтай қолдау тапты. Бұл құжат бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың мәлімдеуінше, заң жобасы Елбасының тапсырмасын іске асыру және Қазақстанның халықаралық шарттардағы міндеттерін орындау мақсатында әзірленіп отыр.
– Заң жобасы бойынша 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 18 жастан асқан, бала кезінен І топтағы мүгедек жанға күтім жасайтын адамдарға арналған жаңа жәрдемақы төлеу тәртібі бекітілді. Мұндай жәрдемақы 14 мыңға жуық отбасына төленеді. Ал жәрдемақы көлемі күнкөріс деңгейінің ең төменгі 1,05 мөлшерін немесе 29 699 теңгені құрайды. Бұл жәрдемақы өтініш берген күнінен бастап бала кезінен І топтағы мүгедектіктің барлық кезеңіне тағайындалады. Бұл ретте осы заң жобасының бір жаңалығын атап өткім келеді. Ол бала кезінен І топтағы мүгедекке қарап отырған аналардың күтім жасаған кезеңі еңбек өтіліне қосылады. Осы мақсаттарға 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 2,7 млрд теңге қарастырылды, – деді Мәдина Әбілқасымова. Бұл заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.
Осы орайда «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары да депутаттар тарапынан бірінші оқылымда мақұлданғанын айта кетейік.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»