Тарих • 18 Мамыр, 2018

Тайтөбе – ұлы дала тарихының куәсі

2050 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астана маңында, Арқаның қос өзені Есіл мен Нұра арасында Тайтөбеден биік жер жоқ. Біздің қолымыздағы барлық деректерді салыстыра қарасақ қазақ «Ақ мола» атап кеткен ортағасырлық кесене Тайтөбенің басында тұрған. Зерттеушілердің айтуына қарағанда «Ақ мола» атауы антика дәуірінің тарихшыларының, мысалы, Прокопидің еңбектерінде «қамал» мағынасында қолданылады. 

Тайтөбе – ұлы дала тарихының куәсі

Тайтөбенің басында сақ дәуі­рінің бірнеше қорғандары сақ­талған. Академик К.Ақышев архе­о­ло­гиялық қазбадан табылған дү­ниелерге қарап қорғандар біз­­дің жыл санауымызға жақын уа­­қытта көтерілген деп жазды. Тайтөбе басында сақ қор­ған­да­рынан басқа көлемі 8х8 метр қа­рауыл мұнара мен үлкен ар­хи­тек­туралық құрылыстың орны, яғни іргетасы сақталған. Тайтөбе ба­сында күйдірілген кірпіш сынықтары кездеспейді, осыған қарағанда Ақмола «Домбауыл», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ес­кер­ткіштері сияқты «дың» тү­рін­­де тастан қаланған шошақ құ­­рылыс болған. Оның Ақмола ата­­нуына сыртқы сылағы ақ бал­­шық болды деген пікіріміз бар. Тайтөбеден қазіргі күні де Астана құрылысына ақ балшық алы­­нады. Сонымен осы деректер Ақмола болып ел есінде қалған ке­сенесінің тарихы кемі екі мың жыл­дың маңайы деп есептеуге мүмкіндік береді. 

Тайтөбе атауы көне дәуірден тарихи орталық ретінде белгілі екендігіне қазақ халқының эпи­ка­­лық жырлары мен аңыздары дәлел. Тайтөбенің басында әкесі Ер Көкшенің кегін даулаған Ер Қосай мен Қобыландының ара­сында адам баласы бұрын-соң­ды көрмеген жекпе-жек бол­ды дейді Г.Н.Потанин жазып алған қазақтың батырлық ерте­гі­­лері: «Оказалось, что приехал Ир-Косай, сын богатыря Ир-Гокше, которого убил Кобланды. Таласпай и Кобланды вышли навстречу, поднялись на Тай-тюбе. Ир-Косай звал Кобланды на поединок; взяв белую саблю, вы­шел навстречу противнику, Коб­л­анды тоже вышел на поеди­нок... Ир-Косай вонзил пику в сер­дце Кобланды, поднял его вверх на пике над своей головой ...» (Г.Н.Потанин. Таласпай мер­ген. Ир-Гокше и его сын Ир-Госай//Избранные сочинения в 3-х томах. т.3. Труды по истории, этнографии и фольклору. Павлодар, 2005. с.334-349). 

Тайтөбе туралы осындай де­рек­тер бізді осы сөздің этимо­ло­гиясын іздеуге итермеледі. Көне түркі дәуірінде «тай бегі» (қарауыл басы), «тай білге тұтық» (қарауыл салығын жинаушы) деген мемлекеттік лауазымдар болған (Древнетюркский словарь. Л.,1969. с.527). Бұл ұғымдар әуел баста көне түркі жазба әде­би­етінде және кеңсе дәстүрі ар­қы­лы қалыптасты да, кейіннен Шың­ғыс ханның империясында да қолданылды. Қазіргі моңғол тілінде сол себепті «тай» деген сөз екі мағынада қолданылады: бі­ріншіден, ол «аялдама, бекет, жол­хана», екіншіден, ол «ша­тыр, үй төбесіне салынған бас­пана, күзетхана» (Базылхан Б. Моңғолша-қазақша сөздік. Улан­баатар-Өлгий,1984. с.444). Соныменен Тайтөбе сөзінің ең негізгі, көне мағынасы «қарауыл төбе» болып шығады. 

Тайтөбе өңірі қазақ хандарына мекен болған жер. 1825 жылғы атақты кеншілер әулетінің өкілі Демидов жазбаларында «По р.Нура вниз до р.Ишима к тому месту, где, по показаниям Шан­ги­на и Назарова, обе реки сии и теперь уже почти соединяются, где у горы Ак-Мулы кочует известный в степях хан Вали...» деген мәлімет жүр. 1830 жылдары біз Тайтөбе маңында Сәмеке хан­ның немересі Қоңырқұлжа Құ­даймендіұлын жиі көреміз. 1838 жылы Кенесары ханның қоз­ғалысы кезінде Тайтөбе атауы сая­­си оқиғалардың контексінде соң­­ғы рет аталды да кейін бел­сен­ді айналымнан шығып қалды. 
Тайтөбе Есіл мен Нұра аралы­ғын­дағы елдің қадым заманнан бастап ХХ ғасырға дейінгі та­рихының куәсі. Өкінішке қарай, Тай­төбе құрылысқа қажетті ақ балшық алатын карьерге айналды. Өзенді әр жерден буып тастаған, әрлі-берлі ызғыған ірі машиналар. Осы жерде пұл тауып жүрген жігіттер төбенің атын да білмейді, тіпті төбенің етегіндегі Тайтөбе ауылының кіреберісінде тақта да жоқ. Тайтөбенің басы­на осы маңда ХVІІІ ғасыр соңында жай­лаған Нияз бидің кесенесі са­лынып қойды, тағы бірнеше құ­рылыс басталып жатыр. Оның үстіне қара археологтар өз дегенін істеп, төбенің әр жерін қа­зуды тоқтатар емес. Тайтөбе та­рихи-мәдени қорық болуға лайық орын, сол себептен ауыл, аудан, қала басшылары шұғыл түрде осы бір қасиетті төбені сақтауға, көркейтуге басты назар аударулары керек! Бұл кезек күттірмейтін мәселе, біз Римнің атақты Коллизейі сияқты тарихи орынды өз қолымызбен құртып жатырмыз.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
профессор