Осындағы маңызды шараны іске асырудың бір тетігі – термин мәселесі. Өйткені бұған дейін тілдік терминологияны қалыптастырудың жүйесі орыс тілі негізінде іске асып келді. Ал латын графикасы қолданысқа енген жағдайда бұл үрдіс жалғаса бере ме? Бұған дейін жеке термин ретінде қалыптасқан кірме атауларды қайтеміз? Жаңа әліпбидің орфографиялық жүйесі мен терминжасам үйлесімі қандай болмақ? Бұған дейін қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкестендірілмеген терминдерді қайтеміз?
Жаңалаймыз ба, әлде бұрынғысын қалдырамыз ба? Мысалы, «роман» деп жазамыз «раман» деп оқимыз. Екіншіден, бір атауды екі түрлі терминдеу үрдісі бар. Айталық «килограмм» сөзі бірде «келі», бірде «кило» деп жазылып жүр. Демек отандық терминологияны бірізділікке түсірген жөн. Бұл мәселеде бізбен тағдырлас түркітілді ағайындар не істеп жатыр?
Жоғарыда айтылған дүниелерді талқылау үшін өткен апта соңында Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы Астана қаласына сала мамандарын жинап «Терминжасам қағидаттары және ұлттық терминология мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды.
Жиынды ашып қатысушыларды күн тәртібіндегі терминжасам мәселесімен таныстырған Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керектігін мәлімдеген болатын. Аталмыш басқосу Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудың жолын қарастырады, конференция соңында қарар қабылдайды», деді.
Жиын барысында баяндама жасап, өз пікірлерін білдірген филология ғылымдарының докторлары Шерубай Құрманбайұлы мен Сарқыт Әлісжан, сол сияқты салалық терминология мамандары Мұхамбедия Ахметов, Сәбира Исақова, Сәрсен Құлманов, Бауыржан Жөнкешов, т.б. өз ойларын ортаға салды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, конференцияға қатысушылар жиын соңында қарар қабылдады. Бірнеше тармақтан тұратын қарар-құжатта: терминжасам ісінде ана тіліміздің сөз байлығын сарқа пайдалану; өзге тіл атауларының дәл баламасы табылмаса, ол сөзді ана тіліміздің дыбыстық табиғатына сәйкестендіру; жаңа терминдерді қабылдарда орыс тілдік делдалды жойып, шет тілінің тұпнұсқасына бағынып, оны тіліміздің фономорфологиялық ерекшелігіне бағындыру сияқты ұстанымдар енді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»