Қоғам • 21 Мамыр, 2018

Терминжасам жайы талқыланды

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр 26 қазанда қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойған күннен бастап, осы салаға қатысты ведомстволар жүйелі жұмыстар атқаруда. Яғни осындай тілдік реформа кезінде қазақ тіл фонемасы тума қалпына келтіріліп, оның лингвистикалық мәселесі оңтайланады.

Терминжасам жайы талқыланды

Осындағы маңызды шараны іске асырудың бір тетігі – тер­мин мәселесі. Өйткені бұ­ған дейін тілдік терминология­ны қалыптастырудың жүйесі орыс тілі негізінде іске асып келді. Ал латын графикасы қол­данысқа енген жағдайда бұл үрдіс жалғаса бере ме? Бұ­ған дейін жеке термин ретінде қалып­тасқан кірме атауларды қайтеміз? Жаңа әліпбидің ор­фо­графиялық жүйесі мен терминжасам үйлесімі қан­дай болмақ? Бұған дейін қа­зақ тілінің дыбыстық жүйе­сіне сәйкестендірілмеген термин­дерді қайтеміз?

Жаңалаймыз ба, әлде бұрынғысын қалдырамыз ба? Мысалы, «роман» деп жазамыз «раман» деп оқимыз. Екіншіден, бір атауды екі түрлі терминдеу үрдісі бар. Айталық «килограмм» сөзі бірде «келі», бірде «кило» деп жазылып жүр. Демек отандық терминология­ны бірізділікке түсірген жөн. Бұл мәселеде бізбен тағдырлас түр­кітілді ағайындар не істеп жатыр? 

Жоғарыда айтылған дүние­лерді талқылау үшін өткен ап­та соңында Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді да­мы­ту­ және қоғамдық-саяси жұ­мыс комитетінің тапсырмасы бо­йынша Ш.Шаяхметов атын­­дағы тілдерді дамытудың рес­публикалық үйлестіру-әдіс­темелік орталығы  Астана қа­ласына сала мамандарын жинап «Терминжасам қағи­даттары және ұлттық терминоло­гия мә­селелері» атты респуб­ли­калық ғы­лыми-теориялық конференция ұйымдастырды.

Жиынды ашып қатысу­шы­лар­ды күн тәртібіндегі тер­минжасам мәселесімен таныс­тырған Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан хал­қына Жолдауында термино­логия тұрғысынан қазақ ті­лін халықаралық деңгейге жақын­дату керектігін мәлімдеген бо­латын. Аталмыш басқосу Мем­лекет басшысының тапсыр­масын орындаудың жолын қарас­ты­рады, конференция со­ңында қа­рар қабылдайды», деді.

Жиын барысында баяндама жасап, өз пікірлерін білдірген фи­ло­логия ғылымдарының доктор­лары Шерубай Құрман­бай­ұлы мен Сарқыт Әлісжан, сол сияқты салалық терминология мамандары Мұхамбедия Ахметов, Сәбира Исақова, Сәр­сен Құлманов, Бауыр­жан Жөн­ке­шов, т.б. өз ойларын ортаға салды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, конференцияға қатысушылар жиын соңында қарар қабылдады. Бірнеше тармақтан тұратын қа­рар-құжатта: терминжа­сам ісінде ана тіліміздің сөз бай­лығын сарқа пайдалану; өзге тіл атауларының дәл баламасы табылмаса, ол сөзді ана тіліміздің дыбыстық табиға­тына сәйкестендіру; жа­ңа терминдерді қабылдарда орыс тілдік делдалды жойып, шет тілінің тұпнұсқасына ба­ғынып, оны тіліміздің фоно­морфологиялық ерекшелігіне бағындыру сияқты ұстанымдар енді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»