Аймақтар • 22 Мамыр, 2018

Аста­на­ның 20 жылдығына арналған керуен елордаға бет түзеді

272 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі кезде мем­лек­ет­аралық сипатта қабылданған ең алғашқы қабырғалы құжат қан­дай екенін білеміз бе? Ол – Қазақстан мен Ресей мемлекеттері арасында екі ел басшылары қол қойған Мәңгілік достық туралы шарт. Осы арқылы мемлекетаралық байланыстар мен шекаралық ынтымақтастықтың алғашқы құқықтық негіздері қаланды. 

Аста­на­ның 20 жылдығына арналған керуен елордаға бет түзеді

Мұның өзі Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңір­ле­рі ара­сындағы қарым-қаты­нас­тар­­дың жаңа тұрпатта қа­лып­та­суына да ықпалын тигізді. Көп ке­шікпей шекаралас өңірлер үшін ортақ экономикалық, гума­ни­тарлық және экологиялық мәселелерді тиімді түрде шешу жолдары бел­гіленді. Бұл қадам тату-тәт­ті көршілік байланыстардың өріс­­­теуіне жол ашты. Қазақ­стан мен Ресей өңірлері арасын­да­ғы осындай шекаралық ын­ты­­мақ­­тастықтың өміршең, қай­та­лан­бас моделі Ресейдің Орын­бор жә­не Қазақстанның Ақтөбе об­лыс­тары арасында жылдан-жыл­ға нығайып келеді.

Бүгінгі күні екі өңір арасын­да­ғы экономикалық және мәдени бай­ланыстар одан әрі тереңдей түс­кені де атар таңдай, батар күн­дей шындық. Айталық өт­кен 2017 жылдың көктемінде Орынбордағы Ақтөбе облы­сы­ның күндері үлкен табыс­пен өткеніне куә бола ала­­мыз. Ең бастысы, бұдан бір жыл бұ­рын екі өңір басшылары қол қой­ған келісімде көрсетілген өңір­аралық мәселелер толықтай дер­лік шешімін тапқанының өзі бір мерей. Аймақтық-шек­ара­лық деңгейде келісөздер үсте­лін­де қойылған өзекті жайттар қанаттаса өркендеуге қазық бола алғаны екі жақтағы сарапшылар мен жұмыс топтарының да нә­тижелі еңбегінің көрінісі.

Екінші бір көзқарас тұрғы­сы­нан қарастырғанда мұның өзі бейне бір сынақ іспеттес дер бол­сақ, бұдан екі жақтың да абырой­мен өте білгені атап айтуға тұ­рар­лық іс. Осы арқылы шекаралас өңірлерге ортақ тұстардың түй­ін­дері тарқатылды. Со­ның ішін­де экономикалық ын­ты­мақ­тастықтың басты буыны – отын-энергетика кешені, яғни мұнай өнімдері мен газ өндіру және көгілдір отынды қайта өңдеу саласы бойынша берік өнеркәсіптік негіз қаланды. Сондай-ақ стратегиялық әріп­тес­тік екіжақтағы машина жасау ісі­не оң септігін тигізді.

Соңғы бір жыл ішінде тұр­мыс­­­тық-гуманитарлық мәсе­ле­­лерге қатысты да шешімін тап­­қан істер көп. Шекаралас аудан­дардың тұрғындары үшін ар­найы шекара өткелдеріне қа­тысты мәселелер нақтыланды.

Был­тыр сәуір айының аяғында Орын­борда өткізілген Ақтөбе об­лы­сының күндеріне журналистік ісса­пармен жолымыз түскен кезде Ресей шекарасынан басталған жол­дың 45 шақырымдық бө­лігі ойқы-шойқы екенін көр­генбіз. Ал қазір қандай десек, бұ­­ған – «тақтайдай» деп жауап қай­таруға әбден болады. Бір сөз­бен айтқанда, қысқа уақыт­тың ішінде аяқталған күрделі жөн­деу бүгінде шекаралас облыс­тар арасында барыс пен келі­с­тің одан әрі жиілей түсуіне жол ашып отыр. Бұған жауап ре­­тін­де бүгінгі күні ақтөбелік ав­­то­жолшылар Ақтөбе-Ор бағы­тын­дағы магистральдың Ресей Фе­дерациясына дейінгі бөлігіне күр­делі жөндеу жұмыстарын жүр­гізуде. Оның құрылысы
би­ылғы жылдың соңына дейін аяқ­талмақ.

Енді міне, табиғаттың тамыл­жы­ған кезінде, Ақтөбеде өткі­зіл­­ген Орынбор облысының күн­­дері достық пен татулықтың ту­­ын тағы да желбіретіп ала жө­не­лді. Сондай-ақ бұл күндер тек шекаралас Ақтөбе мен Орынбор облыстары үшін ғана емес, тұ­тастай егемен еліміз үшін, тіп­ті керек десеңіз ізгі ни­ет­ті мемлекетаралық қарым-қа­ты­настар үшін елеулі рөл ат­қар­ды деуге әбден болады.

Бұлай деуіміздің басты сыры неде? Алдымыздағы шілде айы­ның 6-шы жұлдызында Аста­на­ның 20 жылдығы кеңінен аталып өтпек. Осы мерейлі датаның құр­метіне орай күндер кезінде ар­найы ұйымдастырылған авто­керуен Орынбордан Қызыл­ор­да қаласына қарай аттанды. Мәселенің мәнісі мынада. Орын­бордың қазақ елінің тұңғыш астана­сы болғаны тарихтан жақсы мәлім. Бұдан кейін ел астанасы Орынбордан Қызылордаға, содан соң Алматыға көшірілді. Ал соң­ғы 20 жыл ішінде елдің ордасы – Астана болып отыр. Авто­ке­руен қазақ елінің бұған дейінгі үш астанасын аралап, 6 шілде кү­ні керуеннің басын Астанаға ті­ремек.

Осы уақыт аралығында оның құ­рамындағы мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қау­ым мен жастар өкілдері мәде­ни­ет пен өнер жанашырлары, ғалымдар мен білім, денсаулық сақтау саласының мамандары аталған бағыт жолында кездесулер өткізеді. Шеберлік сабақтарын жүргізіп, тұрғындарға тиісті кеңестер мен көмектер береді. Мұндағы басты мақсат – Астананы асқақтатумен бірге қазақ елінің бұрынғы астаналары Орынбордың және Қызылорда мен Алматының ор­нын олқы түсірмеу. Оның әр­қайсысының еліміздің да­муы­ндағы алатын орны мен мәр­те­бесі туралы ғибратты әңгі­ме­лер өрбіту. Бұл жөнінде Ақ­тө­бе мен Орынбор облыстары рес­ми делегацияларының кез­де­суі мен Тұңғыш Президент атын­дағы саябақта Орынбор облы­сының күндері салтанатты түрде ашылу рәсімі кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Са­пар­баев айтып берді.

Орынбордың Қазақстанның тұңғыш астанасы болғанын ешкім тарихтан сы­зып тастай алмайды. Осы орай­да Орынбор – Қызылорда – Ал­маты – Астана автокеруенінің қыз­метін Орынбордан бастау жө­нінде шекаралас әріптестер та­ра­пынан ұсыныс түскен кезде бұ­ған түсіністікпен қарай білдік. Орын­ды тілекке қолдау көрсеттік, деді Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг. Сондай-ақ шекаралас өңір басшысы ресми делегациялардың кездесуі ке­зінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақс­тан мен Ресей тағдырдың өзі қос­­қан ежелгі тарихи көршілер екен­дігі жөніндегі сарабдал сө­зін алға тартып, сол ежелгі қа­рым-қатынастарды қазіргі гео­сая­­­си және экономикалық та­­лаптарға сай жалғастырып, жаң­­ғырта беру басты көршілік әрі әріптестік парыз екенін мәлі­м­-
д­еді.

Сондай-ақ Орынбор облысы үкіметінің төрағасы Ю.Бергтің тұжырымдауынша, өңіраралық ынты­мақтастықты қалып­тас­тыру ісі екі жаққа да бірдей тиім­­ділік әкеле білді. Осы ар­қылы экономикалық бай­ла­ныс­­тар мен өндірістік коопера­ция­ны дамытудың негіздері қа­ланды. Осындай байланыстар гу­манитарлық салада да орнығып ке­леді. Оның басты көрінісінің бірі – Орынбор мен Ақтөбе облыс­тары арасындағы экономикалық жә­не гуманитарлық тұрғыдағы байыпты қарым-қатынастар деді ол одан әрі. 

Губернатордың айтуы бойын­ша, Орынбор облысының Ақтө­бе­дегі күндеріне қатысу үшін мың­нан астам адам келіпті. Оның не­гіз­гі құрамы іскер топтар мен кә­сіп­керлік құрылымдардан, ми­не­ралды өнімдерді өндіру мен өң­деу ісінің шеберлерінен, машиналар мен электр жабдықтарын құ­рас­тырушылардан тұрады. Орынбор Ресейдің далалық өңі­рі­нде орналасқан шеткері облыс­та­ры­ның бірі бола тұрса да, соңғы уақытта оның жалпыресейлік экономиканың дамуына қосып отырған үлесі жылдан-жылға өсіп келе жатқаны байқалады. Бұған ше­каралас аймақта жасақталған инвес­тициялық бағдарламалар мен жобалардың тигізген ықпа­лы мол, деді кездесулер кезінде Орын­бор облысы үкіметі төр­аға­сы­ның орынбасары, вице-губер­на­тор Н.Левинсон. сондай-ақ оның айтуынша, өнім өндіруші өн­дірістік құрылымдар арасында бірлескен кәсіпорындардың саны өсіп келеді екен. Сөз жоқ, бұл өте жағымды жайт. Соның ішінде Наталья Лазеревна «Забер 56-«Ваниль» секілді Орынбор мен Ақтөбе өндірісшілерінің ба­сын қосқан іргелі жобаны оң мысал ретінде келтірді.

Тағы бір түйсінгеніміз, бала­ма­лы энергия көздерін өндіру мен дамыту ісінде шекаралас өңір­­лер арасында бірін-бірі байыта­тын әрі бірінен-бірі үйренетін тә­жі­ри­белер жеткілікті екендігі. Сон­дай-ақ орынборлықтар таяуда биз­­нес-класс жобасы шеңберінде «Тә­лімгер-2018» жобасын бекі­т­кен екен.

Сәйкестілік дейміз бе, жоқ әлде кездейсоқтық дейміз бе, не де­­сеңіз о деңіз, дәл осыған ұқсас жо­­ба биыл Ақтөбе облысында да қолға алынғанына таңғалмай кө­­ріңіз. Бұған Ақтөбеде бизнесті жа­­ңадан бастағандардың қадам­да­рын қолдау үшін республикада баламасы жоқ айрықша жоба қолға алынғанын айтқан жөн. Оның басты бір ерекшелігі –жобаға қатысушылар бизнестің жілік майын шағып ішкен білікті де тәжірибелі тәлімгерге бе­кі­тіл­уі­нде.

Сондай-ақ Орынбор об­лы­сы­н­да денсаулық сақтау ісі мен ме­дицинаның дамуы тұ­тас­тай Ресей Федерациясы бойын­ша ал­дыңғы орында екені жасырын емес. Мұнда тіпті Фе­доров атын­дағы көз аурула­ры клиникасы бүкілресейлік ма­ңызға ие. Күндер кезінде Ақ­төбе қа­ласындағы Тұң­ғыш Пре­зи­де­нт атындағы сая­бақ­та ор­на­лас­ты­рылған көр­ме­лер тіз­бе­гінде «Жо­­ғары тех­но­ло­гия­лық ме­­ди­ци­­налық көмек» деп аталатын Орын­бор облысы медици­на­сы же­т­істіктеріне арналған көр­­мені көр­шілес өңірлер басшы­лары Б.Са­парбаев пен және Ю.Бергпен бір­ге тамашалаудың сәті түскені-ді.

Сөз жоқ, барды бар, жақсыны жақ­сы деп бағалау парыз. Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді дегендей, көрме павильондары мен қабырғалық материалдарға көз тастаған кез келген адам Орын­бор медицинасының озық дәс­түрлеріне қаныға алады. Әйтсе де орынборлықтардың стра­тегиялық әріптестері – ақ­тө­бе­ліктер де бұл бағытта бәсе­ке­ге төтеп бере алатындай дең­гей­де екенін айтпай кетсек, шын­дық­қа қиянат болар. Мұн­да ме­дициналық кластер құ­ру ісі бой­ынша республикада ба­ла­ма­сы жоқ жобалар қолға алын­ған. Со­ған сәйкес Ақтөбеде рес­пуб­ли­каның батыс өңіріндегі Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының тұр­ғындарын медициналық қыз­мет­пен қамтитын ірі орта­лыққа айналғанын айту қа­жет. Күндер ке­зінде облыс орта­лығындағы «Да­­ру» көз ауруларын емдеу ор­та­лығының қызметімен таныс­қан орынборлық мамандар оған оң баға берді.

Сонымен ақтөбеліктер орын­бор­лық көршілерінен, олардың игі де ізгі істерінен көңілдеріне та­ғы да қандай ой түйе алады? Біз­дің ойымызша, Орынбор үкі­ме­ті Қазақстанның Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарымен шектесетін губерниялық шеткері өңі­рі – Соль Илецкіге  мол қара­жат құйып жатқаны тағы­лым алу­­­ға тұратындай іс. Ежел­гі Илецк тұзды көлінің емдік қа­­си­еті ғылыми-медицинада дә­­лел­ден­геніне 165 жыл болған екен. Күні кешеге дейін осы жер­дің айналасы жартылай жаба­йы күйін­де болып келгені қазақ­стан­дықтарға да құпия емес. Әрі оған ағайындарымыз ем алу үшін «тұз айы» деп есептелген шілде кезінде ғана баратын.

Күндер кезінде іргеміздегі ше­каралық аймақ жыл бойы жұ­мыс істейтін Ресейдің Сочиден кей­інгі басты қалпына келтіру курор­тына айналғанын білдік. Бұ­ған дейін талай рет барған Илецк емдеу орнын слайдтан көрген кезде оны танымай қал­ғандай күй кештік. Бұған қоса Ақтөбемен іргелес Қуандық курорты да өзгеше түрге еніпті. Бұған қосарымыз ресейлік про­вин­циялық билік өкілдері аталған шет­кері аймақты туристік белдеуге айналдыру жөнінде оңтайлы шешім қабылдапты.  Мәселен, Ақтөбе аймағында соңғы кез­де­­рі шалғайдағы Ырғыз ауданы ау­мағы туристік бағытқа сұ­р­ан­ып тұрғаны жөнінде әңгімелер қозғалып жүр. Осы бастаманың аяқсыз қалмағанын қалар едік.

Тағы бір тағылым алар тұс, күн­дер кезінде айтылғандай, ше­ка­ралас өңірде оның бренді болуға лайықты дерліктей Орынбордың түбіт орамалын өнеркәсіптік не­гіз­де өндірудің кең ауқымды жо­балары белгіленіпті. Соның не­гі­зінде ежелгі түбіт орамал тоқу ісі іргесін кеңейтіп, түрлі тоқыма бұйымдар өндіретін, бір ауысымда 1200 адам жұмыс жасайтын келісті кешенге айналыпты.

Ресейлік өңірдің Ақтөбе об­лы­сындағы күндері кезінде Қ.Жұ­ба­нов атындағы Ақтөбе өңірлік мем­ле­к­еттік университеті базасында екі өңірдегі мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары бас қосып, интеграциялық әлеу­ет­ті өсіру жөніндегі өз ойларын ор­та­ға салды. Сондай-ақ облыс орта­лығындағы «Батыс 2» шағын ауда­нында Орынбор аллеясы ашыл­ды. Сонымен бірге күндер ая­сында шекаралас өңірлердегі білім беру саласының басшылары арасында инновациялық білім беру сапасын жақсарту жөніндегі бірлескен жобаларға қол қойылды. Тіпті екіжақты бас­қосу кезінде балалардың биылғы жа­з­­ғы демалысын бірлесіп ұй­ым­­дастыру мәселелері де ұмыт қал­ған жоқ. Бұл жөнінде қол қойыл­ған меморандум Орын­бор­дың «Солнечная страна» лагерінде ақтөбелік дарынды балалардың, өз кезегінде Ақтөбенің «Әсем» жазғы демалыс орталығында орынборлық жеткіншектердің жазғы де­малы­сын ұйымдастыруды көз­­дей­ді. Осындай келісімдер екі та­раптағы өнеркәсіпшілер мен кә­сіпкерлер арасында да жасал­ды. Түйіп айтқанда, Ресей­дің Орынбор өлкесінің Ақ­төбе об­­лысындағы күндері көр­ші­лік қарым-қатынастар мен эко­но­микалық және гума­ни­тар­лық бай­ланыстардың одан әрі те­рең­дей түсуіне жол ашып берді.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Орынбор – Ақтөбе – Орынбор

Суреттерде: Ресейдің Орынбор облысының Ақтөбедегі күндерінен көріністер