Мұның өзі Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері арасындағы қарым-қатынастардың жаңа тұрпатта қалыптасуына да ықпалын тигізді. Көп кешікпей шекаралас өңірлер үшін ортақ экономикалық, гуманитарлық және экологиялық мәселелерді тиімді түрде шешу жолдары белгіленді. Бұл қадам тату-тәтті көршілік байланыстардың өрістеуіне жол ашты. Қазақстан мен Ресей өңірлері арасындағы осындай шекаралық ынтымақтастықтың өміршең, қайталанбас моделі Ресейдің Орынбор және Қазақстанның Ақтөбе облыстары арасында жылдан-жылға нығайып келеді.
Бүгінгі күні екі өңір арасындағы экономикалық және мәдени байланыстар одан әрі тереңдей түскені де атар таңдай, батар күндей шындық. Айталық өткен 2017 жылдың көктемінде Орынбордағы Ақтөбе облысының күндері үлкен табыспен өткеніне куә бола аламыз. Ең бастысы, бұдан бір жыл бұрын екі өңір басшылары қол қойған келісімде көрсетілген өңіраралық мәселелер толықтай дерлік шешімін тапқанының өзі бір мерей. Аймақтық-шекаралық деңгейде келісөздер үстелінде қойылған өзекті жайттар қанаттаса өркендеуге қазық бола алғаны екі жақтағы сарапшылар мен жұмыс топтарының да нәтижелі еңбегінің көрінісі.
Екінші бір көзқарас тұрғысынан қарастырғанда мұның өзі бейне бір сынақ іспеттес дер болсақ, бұдан екі жақтың да абыроймен өте білгені атап айтуға тұрарлық іс. Осы арқылы шекаралас өңірлерге ортақ тұстардың түйіндері тарқатылды. Соның ішінде экономикалық ынтымақтастықтың басты буыны – отын-энергетика кешені, яғни мұнай өнімдері мен газ өндіру және көгілдір отынды қайта өңдеу саласы бойынша берік өнеркәсіптік негіз қаланды. Сондай-ақ стратегиялық әріптестік екіжақтағы машина жасау ісіне оң септігін тигізді.
Соңғы бір жыл ішінде тұрмыстық-гуманитарлық мәселелерге қатысты да шешімін тапқан істер көп. Шекаралас аудандардың тұрғындары үшін арнайы шекара өткелдеріне қатысты мәселелер нақтыланды.
Былтыр сәуір айының аяғында Орынборда өткізілген Ақтөбе облысының күндеріне журналистік іссапармен жолымыз түскен кезде Ресей шекарасынан басталған жолдың 45 шақырымдық бөлігі ойқы-шойқы екенін көргенбіз. Ал қазір қандай десек, бұған – «тақтайдай» деп жауап қайтаруға әбден болады. Бір сөзбен айтқанда, қысқа уақыттың ішінде аяқталған күрделі жөндеу бүгінде шекаралас облыстар арасында барыс пен келістің одан әрі жиілей түсуіне жол ашып отыр. Бұған жауап ретінде бүгінгі күні ақтөбелік автожолшылар Ақтөбе-Ор бағытындағы магистральдың Ресей Федерациясына дейінгі бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Оның құрылысы
биылғы жылдың соңына дейін аяқталмақ.
Енді міне, табиғаттың тамылжыған кезінде, Ақтөбеде өткізілген Орынбор облысының күндері достық пен татулықтың туын тағы да желбіретіп ала жөнелді. Сондай-ақ бұл күндер тек шекаралас Ақтөбе мен Орынбор облыстары үшін ғана емес, тұтастай егемен еліміз үшін, тіпті керек десеңіз ізгі ниетті мемлекетаралық қарым-қатынастар үшін елеулі рөл атқарды деуге әбден болады.
Бұлай деуіміздің басты сыры неде? Алдымыздағы шілде айының 6-шы жұлдызында Астананың 20 жылдығы кеңінен аталып өтпек. Осы мерейлі датаның құрметіне орай күндер кезінде арнайы ұйымдастырылған автокеруен Орынбордан Қызылорда қаласына қарай аттанды. Мәселенің мәнісі мынада. Орынбордың қазақ елінің тұңғыш астанасы болғаны тарихтан жақсы мәлім. Бұдан кейін ел астанасы Орынбордан Қызылордаға, содан соң Алматыға көшірілді. Ал соңғы 20 жыл ішінде елдің ордасы – Астана болып отыр. Автокеруен қазақ елінің бұған дейінгі үш астанасын аралап, 6 шілде күні керуеннің басын Астанаға тіремек.
Осы уақыт аралығында оның құрамындағы мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен жастар өкілдері мәдениет пен өнер жанашырлары, ғалымдар мен білім, денсаулық сақтау саласының мамандары аталған бағыт жолында кездесулер өткізеді. Шеберлік сабақтарын жүргізіп, тұрғындарға тиісті кеңестер мен көмектер береді. Мұндағы басты мақсат – Астананы асқақтатумен бірге қазақ елінің бұрынғы астаналары Орынбордың және Қызылорда мен Алматының орнын олқы түсірмеу. Оның әрқайсысының еліміздің дамуындағы алатын орны мен мәртебесі туралы ғибратты әңгімелер өрбіту. Бұл жөнінде Ақтөбе мен Орынбор облыстары ресми делегацияларының кездесуі мен Тұңғыш Президент атындағы саябақта Орынбор облысының күндері салтанатты түрде ашылу рәсімі кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтып берді.
Орынбордың Қазақстанның тұңғыш астанасы болғанын ешкім тарихтан сызып тастай алмайды. Осы орайда Орынбор – Қызылорда – Алматы – Астана автокеруенінің қызметін Орынбордан бастау жөнінде шекаралас әріптестер тарапынан ұсыныс түскен кезде бұған түсіністікпен қарай білдік. Орынды тілекке қолдау көрсеттік, деді Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг. Сондай-ақ шекаралас өңір басшысы ресми делегациялардың кездесуі кезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Ресей тағдырдың өзі қосқан ежелгі тарихи көршілер екендігі жөніндегі сарабдал сөзін алға тартып, сол ежелгі қарым-қатынастарды қазіргі геосаяси және экономикалық талаптарға сай жалғастырып, жаңғырта беру басты көршілік әрі әріптестік парыз екенін мәлім-
деді.
Сондай-ақ Орынбор облысы үкіметінің төрағасы Ю.Бергтің тұжырымдауынша, өңіраралық ынтымақтастықты қалыптастыру ісі екі жаққа да бірдей тиімділік әкеле білді. Осы арқылы экономикалық байланыстар мен өндірістік кооперацияны дамытудың негіздері қаланды. Осындай байланыстар гуманитарлық салада да орнығып келеді. Оның басты көрінісінің бірі – Орынбор мен Ақтөбе облыстары арасындағы экономикалық және гуманитарлық тұрғыдағы байыпты қарым-қатынастар деді ол одан әрі.
Губернатордың айтуы бойынша, Орынбор облысының Ақтөбедегі күндеріне қатысу үшін мыңнан астам адам келіпті. Оның негізгі құрамы іскер топтар мен кәсіпкерлік құрылымдардан, минералды өнімдерді өндіру мен өңдеу ісінің шеберлерінен, машиналар мен электр жабдықтарын құрастырушылардан тұрады. Орынбор Ресейдің далалық өңірінде орналасқан шеткері облыстарының бірі бола тұрса да, соңғы уақытта оның жалпыресейлік экономиканың дамуына қосып отырған үлесі жылдан-жылға өсіп келе жатқаны байқалады. Бұған шекаралас аймақта жасақталған инвестициялық бағдарламалар мен жобалардың тигізген ықпалы мол, деді кездесулер кезінде Орынбор облысы үкіметі төрағасының орынбасары, вице-губернатор Н.Левинсон. сондай-ақ оның айтуынша, өнім өндіруші өндірістік құрылымдар арасында бірлескен кәсіпорындардың саны өсіп келеді екен. Сөз жоқ, бұл өте жағымды жайт. Соның ішінде Наталья Лазеревна «Забер 56-«Ваниль» секілді Орынбор мен Ақтөбе өндірісшілерінің басын қосқан іргелі жобаны оң мысал ретінде келтірді.
Тағы бір түйсінгеніміз, баламалы энергия көздерін өндіру мен дамыту ісінде шекаралас өңірлер арасында бірін-бірі байытатын әрі бірінен-бірі үйренетін тәжірибелер жеткілікті екендігі. Сондай-ақ орынборлықтар таяуда бизнес-класс жобасы шеңберінде «Тәлімгер-2018» жобасын бекіткен екен.
Сәйкестілік дейміз бе, жоқ әлде кездейсоқтық дейміз бе, не десеңіз о деңіз, дәл осыған ұқсас жоба биыл Ақтөбе облысында да қолға алынғанына таңғалмай көріңіз. Бұған Ақтөбеде бизнесті жаңадан бастағандардың қадамдарын қолдау үшін республикада баламасы жоқ айрықша жоба қолға алынғанын айтқан жөн. Оның басты бір ерекшелігі –жобаға қатысушылар бизнестің жілік майын шағып ішкен білікті де тәжірибелі тәлімгерге бекітілуінде.
Сондай-ақ Орынбор облысында денсаулық сақтау ісі мен медицинаның дамуы тұтастай Ресей Федерациясы бойынша алдыңғы орында екені жасырын емес. Мұнда тіпті Федоров атындағы көз аурулары клиникасы бүкілресейлік маңызға ие. Күндер кезінде Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы саябақта орналастырылған көрмелер тізбегінде «Жоғары технологиялық медициналық көмек» деп аталатын Орынбор облысы медицинасы жетістіктеріне арналған көрмені көршілес өңірлер басшылары Б.Сапарбаев пен және Ю.Бергпен бірге тамашалаудың сәті түскені-ді.
Сөз жоқ, барды бар, жақсыны жақсы деп бағалау парыз. Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді дегендей, көрме павильондары мен қабырғалық материалдарға көз тастаған кез келген адам Орынбор медицинасының озық дәстүрлеріне қаныға алады. Әйтсе де орынборлықтардың стратегиялық әріптестері – ақтөбеліктер де бұл бағытта бәсекеге төтеп бере алатындай деңгейде екенін айтпай кетсек, шындыққа қиянат болар. Мұнда медициналық кластер құру ісі бойынша республикада баламасы жоқ жобалар қолға алынған. Соған сәйкес Ақтөбеде республиканың батыс өңіріндегі Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының тұрғындарын медициналық қызметпен қамтитын ірі орталыққа айналғанын айту қажет. Күндер кезінде облыс орталығындағы «Дару» көз ауруларын емдеу орталығының қызметімен танысқан орынборлық мамандар оған оң баға берді.
Сонымен ақтөбеліктер орынборлық көршілерінен, олардың игі де ізгі істерінен көңілдеріне тағы да қандай ой түйе алады? Біздің ойымызша, Орынбор үкіметі Қазақстанның Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарымен шектесетін губерниялық шеткері өңірі – Соль Илецкіге мол қаражат құйып жатқаны тағылым алуға тұратындай іс. Ежелгі Илецк тұзды көлінің емдік қасиеті ғылыми-медицинада дәлелденгеніне 165 жыл болған екен. Күні кешеге дейін осы жердің айналасы жартылай жабайы күйінде болып келгені қазақстандықтарға да құпия емес. Әрі оған ағайындарымыз ем алу үшін «тұз айы» деп есептелген шілде кезінде ғана баратын.
Күндер кезінде іргеміздегі шекаралық аймақ жыл бойы жұмыс істейтін Ресейдің Сочиден кейінгі басты қалпына келтіру курортына айналғанын білдік. Бұған дейін талай рет барған Илецк емдеу орнын слайдтан көрген кезде оны танымай қалғандай күй кештік. Бұған қоса Ақтөбемен іргелес Қуандық курорты да өзгеше түрге еніпті. Бұған қосарымыз ресейлік провинциялық билік өкілдері аталған шеткері аймақты туристік белдеуге айналдыру жөнінде оңтайлы шешім қабылдапты. Мәселен, Ақтөбе аймағында соңғы кездері шалғайдағы Ырғыз ауданы аумағы туристік бағытқа сұранып тұрғаны жөнінде әңгімелер қозғалып жүр. Осы бастаманың аяқсыз қалмағанын қалар едік.
Тағы бір тағылым алар тұс, күндер кезінде айтылғандай, шекаралас өңірде оның бренді болуға лайықты дерліктей Орынбордың түбіт орамалын өнеркәсіптік негізде өндірудің кең ауқымды жобалары белгіленіпті. Соның негізінде ежелгі түбіт орамал тоқу ісі іргесін кеңейтіп, түрлі тоқыма бұйымдар өндіретін, бір ауысымда 1200 адам жұмыс жасайтын келісті кешенге айналыпты.
Ресейлік өңірдің Ақтөбе облысындағы күндері кезінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті базасында екі өңірдегі мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары бас қосып, интеграциялық әлеуетті өсіру жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ облыс орталығындағы «Батыс 2» шағын ауданында Орынбор аллеясы ашылды. Сонымен бірге күндер аясында шекаралас өңірлердегі білім беру саласының басшылары арасында инновациялық білім беру сапасын жақсарту жөніндегі бірлескен жобаларға қол қойылды. Тіпті екіжақты басқосу кезінде балалардың биылғы жазғы демалысын бірлесіп ұйымдастыру мәселелері де ұмыт қалған жоқ. Бұл жөнінде қол қойылған меморандум Орынбордың «Солнечная страна» лагерінде ақтөбелік дарынды балалардың, өз кезегінде Ақтөбенің «Әсем» жазғы демалыс орталығында орынборлық жеткіншектердің жазғы демалысын ұйымдастыруды көздейді. Осындай келісімдер екі тараптағы өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер арасында да жасалды. Түйіп айтқанда, Ресейдің Орынбор өлкесінің Ақтөбе облысындағы күндері көршілік қарым-қатынастар мен экономикалық және гуманитарлық байланыстардың одан әрі тереңдей түсуіне жол ашып берді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Орынбор – Ақтөбе – Орынбор
Суреттерде: Ресейдің Орынбор облысының Ақтөбедегі күндерінен көріністер