Жиында Қазақстан тарапы Палестинадағы ахуалдың шиеленісуіне алаңдаушылығын білдіріп, бейбіт халыққа қарсы қарулы күш қолданылуына қарсы екендігін жеткізді, сондай-ақ зорлық-зомбылықты дереу тоқтату үшін халықаралық қоғамдастықты барлық мүмкін шараларды қолдануға шақырды.
Сонымен қатар сыртқы саясат ведомствосының басшысы әртүрлі этностық топтар мен діни нанымдарды ұстанған халықтардың ортақ үйі болып табылатын Иерусалим қаласындағы палестиналықтар мен израильдіктер бір-бірінің өмір сүру құқықтарына құрмет көрсету қажеттілігін баса айтты.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблеясының шешімдері мен қарарларына қатысты өз айнымастығын растай отырып, Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов Қазақстанның Таяу Шығыстағы жағдайды саяси диалог жолымен бейбіт саяси процесінің аясында толыққанды реттеу үшін дереу, дәйекті және жан-жақты шешімдер қабылдануына қолдау көрсететінін баяндай келе, Израиль мен Палестина басшылығын екі мемлекеттің бейбітшілікте өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдар жасауға шақырды.
Ыстанбұлда өткен ИЫҰ-ның төтенше саммитіне ИЫҰ-ның 40-тан астам мүше елдерінен мемлекет, үкімет, парламент басшылары мен сыртқы істер министрлері қатысты.
Саммит нәтижесінде коммюнике қабылданды. Құжатта ИЫҰ елдерінің өкілдері Палестина халқына толық және жан-жақты қолдау білдірді.
Саммиттің аясында Қ. Әбдірахмановтың БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелері бойынша көмекшісі Мирослав Енчамен кездесуі өтті. Сұхбаттасушылар Біріккен Ұлттар Ұйымының шеңберінде, оның ішінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі тұрғысында өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады.
«Егемен-ақпарат»