Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 17 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында көтерген Еуразиялық идеясы бүгінде нақты іс жүзіне асырыла бастады. Бұл идеяның жасампаздығы сонда, ол уақыт өте келе өзінің өміршеңдігін айқын дәлелдеді. Бұған төменде жарияланып отырған, Елбасы идеясының дұрыстығын айшықтай түсетін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына келген бір топ ресейлік сарапшылардың ашық үндеу-хаты айғақ болып табылады.
Біздер, посткеңестік кеңістік бойынша ресейлік сарапшылар Еуразиялық экономикалық интеграция туралы декларацияға қол қойылатыны жөніндегі хабарды үлкен көтеріңкі көңіл-күй үстінде қарсы алдық. Мұның бұрынғы барлық КСРО мемлекеттері үшін тарихи оқиға болып табылатыны сөзсіз. Ол екі онжылдыққа созылған дезинтеграцияның түйінін шешіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш ұсынған Еуразиялық Одақ (ЕАО) пішініндегі посткеңестік кеңістік мемлекеттерінің тиімді және ерікті бірігуіне жол ашады.
2011 жылдың 18 қарашасында біздің еуразиялық интеграция жаңа, қазіргіден де жоғары сатыға қадам басты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 17 жыл бұрын көтерген бастама жүзеге асты. Ол 1994 жылы ілгерілеткен мемлекеттердің Еуразиялық Одағы бүгінде саяси мейнстрим болып отыр. Аталған идея посткеңестік кеңістікте нақты сұлбаны иеленіп, заңдық және экономикалық мазмұнмен толығуда. Ресейлік сарапшылар осы жеңісті ілгері жылжытуда бірінші кезекте Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегін көреді. Дана және көреген көшбасшы әлемдік саясаткерлер арасында алғаш болып, посткеңестік интеграцияның өмірлік қажеттігін сезінді.
Кремльдегі баспасөз мәслихатында Ресей Президенті Дмитрий Медведев Қазақстан мемлекеті басшысының орасан рөлін жоғары бағалай келіп, былай деген болатын: «Мен бірінші кезекте әріптестеріме ризашылығымды білдіргім келеді. Егер нақты және ашық айтатын болсам, өте күрделі 90-шы жылдары, тіпті «интеграция» сөзі кеңестік лексиканың рудименті, жаман сарынның белгісі ретінде қабылданған шақта осы идеяның бастамашысы болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ризашылығымды білдіремін. Осы кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы еш нәрсеге қарамастан күш-қуатын аямай посткеңестік кеңістікте интеграциялық үдерістермен айналысуға шақырды». Және, шын мәнінде, Қазақстан Президенті үшін мемлекеттердің Еуразиялық Одағын құру оның бүкіл өмірлік ісіне айналды. Посткеңестік жиырма жылда дәл Қазақстан Президентіне басты Еуразия идеологы – «Еуразияны жинаушы» мәртебесі мықтап бекіді.
Қазақстан Көшбасшысы өзіне тән саяси көрегендікпен және ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлауға қабілеттілігімен Еуразиялық Одақтың «қазіргі кездің және болашақтың күрделі сынақтарымен өлшеуге болатын мегажоба» ретіндегі перспективалық міндеттерін айқындады. ЕАО Қазақстан Президентіне «дамудың еуроатлантикалық және азиялық ареалдарын іліктіруші берік буын» ретінде көрінеді. Нұрсұлтан Әбішұлы әлемнің үйлесімді моделінде өзінің жаһандық ойлау жүйесімен бізге көрсетіп отырғанындай, ЕАО басқа макроөңірлік интеграциялық сызбаларға қарсы тұрмайды. «КСРО-ны ешқандай «реставрациялау» немесе «реинкарнациялау» жоқ және болмайды да», – деп ерекше атап көрсетті Н.Ә.Назарбаев. Сонымен бір мезгілде, ұсынылып отырған еуразиялық интеграцияның «геоэкономикалық, ал болашақта геосаяси өсіп-жетілуі тек эволюциялық және еркін жүруі тиіс». Қазақстан Көшбасшысы тату көршілік пен адал ынтымақтастық – ТМД елдерінің экономикалық интеграциясы үшін қажетті шарт екенін дәйім айтып келеді.
Қазақстан Президенті қашанда посткеңестік мемлекеттер арасындағы байланыстарды барлық салалар бойынша нығайтудың жақтасы ретінде белгілі. Адами өлшемге орасан маңыз бере отырып, Н.Ә.Назарбаев интеграциядан ТМД-ның барлық халықтары үшін іс жүзінде пайда келетінін әрқашан атап көрсетіп жүр. Миллиондаған қарапайым азаматтардың мүддесі посткеңестік мемлекеттер басшыларының бір-біріне қарай шешуші қадамдар жасауын талап етті. Міне, екі онжылдықтан бері Н.Ә.Назарбаев жаңа саяси шекаралармен бөлінген көпшіліктің мүддесін білдіруші болып келеді және болып қалып отыр. Жаңа тәуелсіз мемлекеттердің бірлестігі туралы айтқанда, адамдар Қазақстан Президентінің қашанда осындай әділетті де тең құқықты бірлестік жағында болатынын біледі. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы мәселедегі берік ұстанымы оны Қазақстаннан сыртқары жерлердегі көптеген қарапайым адамдардың көз алдында беделді және құрметті саясаткер жасады.
Қоғамдық пікірді зерттеудің бүкілресейлік орталығы (ҚПЗБО) жыл сайын қандай саясаткерлерді және ТМД-ның қандай елдерін ресейліктер өз елінің ең сенімді достары санайтыны туралы зерттеулер жүргізіп келеді. Біздің отандастарымыздың пікірлері бойынша, ТМД кеңістігінде Ресейдің ең сенімді әріптесі, міне, көптеген жыл қатарынан Қазақстан болып табылады. Ресейліктердің 42 пайызы айтқан «ТМД кеңістігіндегі ең табысты және тұрақты мемлекет» біздің басты стратегиялық одақтасымыз – Қазақстан. Ал ресейліктер ТМД елдерінің барлық көшбасшылары арасында аса үлкен сенімге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ие екенін айтудан жалықпайды. Ресей саяси элитасының ішінде, ғылыми және сарапшылар төңірегі мен қарапайым азаматтар арасында Нұрсұлтан Әбішұлының көптеген нағыз жақтастары бар екені де құпия емес. Осының барлығы Нұрсұлтан Әбішұлының ежелден Ресей халқының үлкен құрметіне ие болғанын – еуразиялық ауқымдағы нағыз Көшбасшы екенін айғақтайды.
Біз бүгін байқап отырған жәйт – Қазақстан Президенті ілгерілеткен және дәйектілікпен дамытып келе жатқан еуразиялық идеясының заңды салтанат құруы. Алайда, Қазақстан Көшбасшысы орынды айтып жүргеніндей, осы жолда әлі де өте көп жұмыстар атқару керек. Өзінің «Еуразиялық Одақ: идеядан болашақтың тарихына» мақаласында Н.Ә.Назарбаев ескерткеніндей, «экономикалық қуатты, тұрақты және бәріне тиімді Еуразиялық Одақ құру үшін әлі де көптеген ауқымды міндеттерді шешу керек». Еуразиялық Одақ идеясын доктриналды пікірталастан нақты іске қарай ойыстыру бүгінде посткеңестік кеңістіктегі жетекші саясаткерлер мен сарапшылардың басты міндеті болып табылады. Өзінің бағдарламалық мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев болашақ құрылыстың нақты бағдарларын белгілеп, интеграциялық үдерістерге қосымша серпін беруге қабілетті бірқатар серпінді идеяларды ұсынды.
Мәселен, Қазақстан Президенті болашақ Одақты нығайтуға жәрдемдесетін бірқатар қағидатты жаңа құрылымдар құруды ұсынды. Біріншіден, бұл – қабырғасында болашақ біздің бірлестігімізге қатысты тақырыптық пікірталастар жүргізілетін Еуразиялық парламенттік ассамблея, яғни Еуроодақ парламентінің үлгісі. Екіншіден, бұл – интеграцияланған экономикалық кеңістікте пісіп-жетілген кәсіпкерлік орта қалыптастыру. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлының Еуразиялық сауда-өнеркәсіп палатасын құру және Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің еуразиялық конгресін шақыру бастамалары өте-мөте маңызды. Және, ақыр соңында, азаматтық қоғам деңгейінде жоқ, ал мемлекеттер деңгейіндегі интеграциялық құрылымдар арасында қалып келе жатқан сәйкессіздіктерді жоюдың кезі келді. Сондай-ақ еуразиялық интеграция тақырыбы төңірегінде идеологиялық ақпараттық алаңды нығайтып, күшейту қажет.
Және мұнда, біздің көзқарасымызша, барлық ТМД елдері сарапшыларына үлкен жұмыстар атқару үшін кең ауқымды кеңістік ашылмақшы. Бірақ, бірінші кезекте, айрықша жауапкершілік біздерге – Ресей, Беларусь және Қазақстан интеллектуалдарына жүктеледі. Сарапшылық күш-жігерді үйлестіру мен ауқымын кеңейту мақсатында, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идеясын ілгерілету үшін біз штаб-пәтері Астанада, бөлімшелері Мәскеу мен Минскіде орналасқан Еуразиялық интеграция институтын құруды ұсынамыз. Біздің ортақ үйіміз – мемлекеттердің Еуразиялық Одағын құру үшін «еуразиялық үштік» сарапшыларының шығармашылық әлеуетін біріктіретін кез келді. Бұл біздің елдеріміз сыртқы әлемде өзінің ұлттық мүдделерін тиімді қорғай алатын тең құқықты бірлестік болуы және дамудың бірлескен жобаларын жүзеге асыруы тиіс. Қазақстанның Іс басындағы көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев секілді идеяға рух беруші және генераторы бар кезде бұл бастама табысты жүзеге асырылатын болады деп есептеуге толық негіз бар.
Юрий Солозобов, саясаттанушы, Ұлттық стратегия институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры;
Сергей Бирюков, саясаттанушы, саяси ғылымдар докторы, Саяси ғылымдар академиясының академигі;
Ярослав Бутаков, тарихшы, саясаттанушы, Андрей Первозванный қорының сарапшысы, Алексей Власовтың динамикалық консерватизм институтының ғылыми қызметкері, ММУ-дің посткеңестік кеңістікті зерттеу жөніндегі Ресей орталығының директоры;
Алан Касаев, саясаттанушы, Иван Федоров атындағы Мәскеу мемлекеттік баспасөз университетінің бірінші проректоры, «Новости» РАА бас редакторының кеңесшісі;
Юлия Якушева, «Север-Юг» саясаттану орталығы атқарушы директорының орынбасары.